Әлемді шарпыған экономикалық мәселелерге қарамастан, 2016 жылы екі ел арасындағы сауда айналымының көлемі 2,5 млрд долларды құрады. Қазақстанда ең көп инвестициялық жобаларды жүзеге асырған елдердің бірі де – Түркия. Таяу болашақта екіжақты сауда айналымының жылдық көлемін 10 миллиард долларға дейін жеткізу, бірлескен кәсіпорындардың санын көбейту, инвестиция көлемін арттыру көзделуде.
Түркия Қазақстанның халықаралық бастамаларына да үнемі қолдау білдіріп келеді. Бұл бауырлас ел ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанда өтуіне де барынша қолдау танытты. Осындай ниеттес, ұстанымдары ұқсас мемлекеттердің көмегі нәтижесінде бүгінде Астанада аталған көрме аса жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Бүгін елордада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Түркияның ұлттық күні ұйымдастырылады. Осы күні көрме аумағында туысқан халықтың бай салт-дәстүрі мен мәдениеті көрмеге келушілердің назарына ұсынылатын болады.