Қазақстан • 10 Тамыз, 2017

Келешек кілті жас буында

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болашақ – жас ұрпақтың қолында. Иә, нақылға айналып кеткен осы бір тұрақты тіркесті жиі айтамыз.

Келешек кілті жас буында

Алайда, сол жас буынға келешектің кілтін қалай табыстаймыз, оларды өз болашағына жауапты етіп тәрбиелеудің тетігі қандай? Жалпы, қазіргі жасөспірім ел болашағына қаншалықты сенімді? Келешек көкжиегіне көз жібергенде, нені көргендей? Міне, «Мен және менің Қазақстаным 2025 жылы» атты республикалық байқауды ұйым­дас­тырудың негізгі көздегені де осы сауал­­дардың жауабын олардың өзімен бірлесе отырып іздеп көру еді. Байқау  қорытындысында іріктелген шығармалар сапасы мен ой-толғам өресі елімізде келе­шек­тің еншісіндегі өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын, елжанды, отансүйгіш, саналы жастардың өсіп келе жатқанын алға тартты. 

Жалпы білім беретін мектептердің 5-9 сынып оқушылары арасында өткізілген «Мен және менің Қазақстаным 2025 жылы» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын кеше Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов марапаттады. Шара Ұлттық экономика, Білім және ғылым министрліктерінің қолдауымен ұйымдастырылған. Байқау шарты бойынша, оқушылар 2025 жылы Қазақстанды қалай елестетіні туралы ой-толғамдарын жазған. Оған Қазақстанның барлық аймақтарынан қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде 100-ден аса шығарма (эссе) ұсынылып, олардың ішінен ең үздік 27 жұмыс таңдалып алынған.  Жүлдеге ие болған 10 оқушыға Ұлттық экономика министрі алғыс хат пен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің билетін табыс етті. Министрдің қолынан марапат алғандардың қатарында Алматыдан келген Әли Хасен, Гүлназ Молдаш, Астанадан Дана Оспанова мен Әдия Бабажанова, Қызылорда облысынан Аружан Қонысбекова, Өскеменнен Зере Маратова, Павлодардан София Нұрекенова бар. Ақтық сайысқа шыққан 17 оқушы естелік мақтау қағаздарын иеленді. 

Қазақстанның болашағын жас ұрпақтың көзімен көру аға буынға маңызды. Байқауды өткізу туралы идея да осы себептен туындаған. Тимур Сүлей­ме­нов­тің айтуынша, шығармаларда кездескен қызықты әрі маңызды ұсыныстар еліміз­де әзірленіп жатқан Қазақстанның 2025 жылғы Стратегиялық даму жоспарында ескерілетін болады. Сонымен қатар, министр қазіргі уақытта аталған құжатты сарап­тама және бизнес-бірлестіктердің өкіл­дері зерттеп жатқанын жеткізді. Министр байқаудан шет қалмай, белсен­ді­лік танытқан оқушыларға алғысын біл­дірді. 

Жеңімпаздар да бұл шараның қоры­тын­дысы осылай министрлік деңгейінде өткізіліп, Астанаға шақырылып, өздеріне бала демей, айрықша көңіл бөлініп жатқа­нына ризашылықтарын жасырмады. Бұл өз кезегінде, жастардың елге деген сүйіс­пеншілігін арттырып, аға буын алдындағы жауапкершілігін еселей түсетінін айтты. 

Байқауға қатысқан әр оқушы елімізде болып жатқан оқиғаларды сараптап, өздерінің тың идеяларымен бөліскен. «Байқау болатынын естіген кезде бірнеше күн бойы ойымды жүйелеп жүрдім. Одан кейін ой-толғауымды қағазға түсіріп көргенімде мұғаліміме қатты ұнады. ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын», дейді Өскеменнен келген Жамбыл гимназиясының оқушысы Зере Маратова. Ал Қызылорда облысы «Дарын» мектебінде білім алатын Аружан Қонысбаева өз шығармасында жаңа технологияларды қолданып салынған киіз үй туралы баяндаған. Жүлделі бірінші орын алған алматылық Әли Хасеннің қозғаған мәселесі тіптен ауқымды. «Қазақстанды 2025 жылы қалай елестетемін» деген тақырыпта жазған шығармамда нақты төрт мәселеге тоқталдым. Біріншісі, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі. Екіншісі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтып өткендей, 2025 жылы латын әліпбиіне толықтай көшу. Үшіншісі, өз аймағымыздан шыққан тарихи тұлғаларды барынша зерттеу, көпшілікке таныту және мешіттер салу. Ал төртіншісі, еліміздегі кез келген мектептің Назарбаев зияткерлік мектебімен деңгейлес болуы», дейді Әли Хасен. 

Мектеп оқушыларының байқауы аймақтық және республикалық кезеңдерге бөлінген. Екінші кезеңнен сүрінбей өткен ой-толғауларды арнайы комиссия логика және талқылаудың ауқымы, бағаның нақтылығы мен шешімі, идеяның бірегейлігі мен бере білуі сынды талаптар бойынша бағалады. Ақтық сайысқа шыққандар тарихи оқиғалар мен жеке дүниетанымына сүйене отырып елдің дамуына қатысты ой-пікірлерімен ерекшеленген.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»