Аймақтар • 11 Тамыз, 2017

Солтүстік Қазақстан тұрғындары 342,2 миллион теңге қарыз

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу есептегіш құралдарын орнату шараларына ел қазынасынан бөлінген 386 миллион 828 мың теңгеге 537 аспап сатып алынған. Алайда, олардың 190-ы ғана  орнатылған.

Солтүстік Қазақстан тұрғындары 342,2 миллион теңге қарыз

«Биыл жоспарланған 381 жылу есептегіш құралдың 50-і ғана қойылды.  Әрқайсысының құны 707 мыңнан 913 мың теңге аралығында. Бұған құралды орнату, жобалық-сметалық құжаттамаларды рәсімдеу де кіреді. Үкімет төрт жылға бөліп төлеу секілді жеңілдікті кепілдік беріп отыр. Оның үстіне орнату  мерзімі кезінде техникалық қызмет пен бір реттік мемлекеттік тексеріс тегін жүргізіледі. Қалада ескі 180 үй бар. Оларға жылу есептегіш орнатылмайды», дейді «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағындықов.

Мамандардың айтуынша, есептегіш құралдарды пайдаланатын үйлердің тұрғындары басқаларға қарағанда төлемақыны 1,5 есе аз төлейді. Алайда, оларды орнатуға өтініштерді қабылдау қазан айында аяқталатынына қарамастан тұрғындардың көбі құлықсыз. Оның үнемдегіш қызметіне күмәнданушылар аз емес. Түсінік жұмыстарының жан-жақты жүргізілгеніне қарамастан тұтынған жылуды ғана есептейтінін ескергілері келмейді.

Қазіргі таңда жылу мен жарық үшін қарыздары шаш етектен асатын тұлғалар жетерлік. Олардың бірқатарын компания сотқа береген. Тек сот орындаушылары жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін саудаға қойғаннан кейін ғана берешектерін өтей бастайтын көрінеді.

Бүгінгі күні жеке сот орындаушылар қарызы 18 млн теңгеге жеткен 41  адаммен есеп айырысуға кіріскен. Іс нәтижесіз емес. Мәселен, 10 жыл бойы  жылу мен жарықты «тегін» пайдаланып келген бір тұтынушының  жылжымайтын мүлігі сот шешімімен сатылымға қойылғаны сол-ақ екен,  440 мың теңгені қалтасынан шығарып беріпті.

Тұтастай алғанда, тұрғындардың қарызы 342,2 млн теңгені құрап отыр. Оның 202,1 миллионы заңды тұлғаларға тиесілі.

"Севказэнергосбыт" ЖШС-не қарасты 160 мың абонент болса, олардың  1-3 пайызы төлемақыларды жылдап төлемейтінге ұқсайды.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар