Қазақстан • 11 Тамыз, 2017

Венгрияда ақшасыз қалған қазақстандық бойжеткен елге оралды

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақшасыз және құжатсыз қалған Қазақстан азаматы Динара Қалымға көмек берілді. Бойжеткен өзінің басынан өткен оқиғаны Фейсбуктегі парақшасында жария етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Венгрияда ақшасыз қалған қазақстандық бойжеткен елге оралды

Фейсбуктегі жариялаған жазбасында бойжеткен өзін Еуропаны аралап жүрген кезінде тонап кеткенін атап көрсеткен. Динара соңғы сапарын Будапешт қаласына жасаған. Сол жақтан еліне қайтуға бел шешкен екен. Алайда Венгрияның астанасында оны Будапешт рейсінен түсіріп кеткен.

«Будапештте тек бір түн түнеп, ертеңінде қайтпақ едім. Бірақ, ол жақтағы Wizzair авиакомпаниясы мені рейстен түсіріп жіберді. Бұған екі нәрсе себеп болды: біріншіден, менің Испаниядағы ҚР елшілігінен алған жасыл анықтама мен екіншіден рейске тіркелу үшін 80€ ақша төлеуіміз керек болатын. Менде ол кезде 5€ ғана қалған еді, рейсте мүлде тамақ бермейтіндіктен, оған су сатып алып ішуді ойлап отырғанмын», - дейді Динара.

Осылайша, біздің отандасымызға не ақшасыз, не құжатсыз тағы да 4 күнге Будапештте қалуға тура келеді. Бойжеткенге такси жүргізушісі көмектесіп, ҚР елшілігінің ғимаратына дейін жеткізіп тастаған.

«Желбіреген Көк ту менің көңіліме үміт отын ұялатып, кіре берістегі апайдың «Сіз кімге?» деген сұрағы тіпті қуантып жіберді. Мен басыма іс түскенін айтып бердім. Не дейін? Бір сөзбен, мені сол жақта қайыршыға айналып кетуден Венгриядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қызметкерлері құтқарып алды! Маған көмек қолын созғанымен қоса, 4 күн бойы Будапешттегі шығынымды өтеп беріп, үйге орналастырды. Сөзбен жұбатты. Мен өмірімде осындай адамдарға кезіккеніме шын жүректен қуаныштымын. Тіпті консул мені әуежайға дейін шығарып салды. Әлбетте, оларға ауыртпалық салғанымды білемін. Десе де, оларға зор алғысымды білдіргім келеді. Әсіресе, Абай Досалиев пен консул Әзиз Қалдыбековке көп рахмет айтамын. Осындай адамдармен танысқаныма мақтанамын», - деп жазды Динара.