Әлем • 12 Тамыз, 2017

Қазақстандық оқушылар Google басшысымен кездесті

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Калифорния штатында өткен Technovation Challenge байқауының бас жүлдесін иеленген қазақстандық оқушы қыздар өздерінің жобаларын Google корпорациясының директоры Сундар Пичаиге таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Қазақстандық оқушылар Google басшысымен кездесті

«Қазақстандық Technovation командасы Google-дің бас директоры Сундар Пичаиге Google-дің штаб-пәтерінде өз жобаларын ұсынды», - делінген Қазақстандағы АҚШ елшілігінің Инстаграм-аккаунтында.

Алматыдағы АҚШ-тың бас консулдығы бұған дейін хабарлағандай, Technovation World Pitch саммитіне әртүрлі елдерден алты команда қатысып отыр. Онда Қазақстан намысын бірден екі команда қорғауда.

#MakerspaceAlmaty «/flash» командасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам команданы артта қалдырып, енді, өз идеяларын Силикон алқабында өтіп жатқан World Pitch саммитінде таныстыруда. «/ Flash» - жоғары сыныпта оқитын төрт қыздан құралған команда. Олар өз тәлімгерлерімен бірге жасөспірімдердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған мобильдік қосымша - «QamCare»-ны жасап шығару үшін айлап тер төкті. «QamCare» жеткіншектерге қауіпті жағдай кезінде өздерінің GPS координаттарын жақындарына жіберуге арналған.

Technovation - бұл жас әйел азаматтарына технологиялар мен кәсіпкерліктің арқасында өз қоғамындағы түйіткілдерді шеше отырып, көшбасшы және новатор болуға мүмкіндік беретін жаһандық бастама.

Makerspace жобасы технологиялардың көмегімен инновацияларға, шығармашылыққа және проблемалардың шешілуіне қолдау білдіретін жаһандық қозғалыстың бір бөлігі болып табылады.