Сямяньда халықаралық әуесқой бокс федерациясының (АІВА) кеңейтілген алқа мәжілісі өтуде. Оған Азия және Тынық мұхиты аймағынан 67 елдің өкілдері қатысуда. Бұл басқосу әдеттегідей өткен жылдың қорытындысын шығарып, осы жылдың жұмыс жоспарын бекіту мәселесіне арналып отыр.
Телжан КҮДЕРОВ, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Сямяньнан (ҚХР).
Мәжілістің бірінші күні алдымен АІВА тарапынан болатын өзгерістер жөнінде мәселе қаралды. Онда тұңғыш рет Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жекпе-жектерін бастауға байланысты келісімдерге қол қойылды. Алғаш болып мұндай мәртебеге Азия аймағы бойынша сынға түсетін мемлекеттер ие болды. Біздің елдің атынан аталмыш құжатқа Қазақстан әуесқой бокс федерациясының вице-президенті Жанболат Сәрсенов қол қойды. Осы келісімге сәйкес, сары құрлықтан Бүкіләлемдік бокс сериясы бойынша өтетін бәсекелерге Қазақстан, Қытай, Үндістан және Әзірбайжан мемлекеттері қатысса, Еуропадан Түркия, Италия, Ресей мен Германия немесе Англия таңдалатын болып шешілді. Бұл елдердің қайсысының жоғарыда аталған сындарға қатысатыны Мәскеудегі ақпанның басында өтетін кездесуде белгілі болады.
Мәжілісте жоғарыдағы мәселеге байланысты WSB сериясы бойынша өтетін жекпе-жектердің ережесі мен өту кезеңі жөнінде кеңірек мәлімет берілді. Бұл бәсекелерге барлық құрлық елдерінің қатысуға мүмкіндіктері бар. Қазір оған Азия мен Еуропадан басқа Америкадан екі мемлекет – АҚШ пен Мексика қатысуға ниет білдіруде. WSB сындарында қолғап түйістіретін мықтыларды анықтап алу үшін ұлттық құрамалар мамыр айына дейін толықтай жасақталып бітуі тиіс. Өйткені, оның алғашқы жекпе-жектері биылғы жылдың қарашасынан бастап өткізіледі.
AІBA басшысының айтуынша, Қазақстан бокс федерациясы өзге елдердегі әріптестерінен бұрын бәсекелерге қатысу үшін алғашқы жарналық ақыны толығымен төлеп тастаған. Осы жағдайды ескере отырып, AІBA қараша айында бірінші болып жекпе-жектерді Қазақстан былғары қолғап шеберлерінің өткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Сол кезде, яғни қарашада Астанаға кезек-кезегімен үш елдің боксшылары келеді. Сонда әр ұлттық құрама өз шаршы алаңында үш кездесу және сырт алаңда дәл осындай үш жекпе-жек өткізеді. Сөйтіп, оның қорытындысында, айналымдық жүйе бойынша мықты команда анықталады да олар өзге елдің боксшыларымен бас жүлдені сарапқа салады. WSB жарысында жекпе-жектер командалық және жекелей есеп бойынша да өтеді. Мұндағы бәсекелерде былғары қолғап иелері тек жеңіл, орташа жеңіл салмақ, орташа, ауыр және аса ауыр салмақ дәрежелерінде күш сынасады. Әр елдің құрамасына әр салмақта екі боксшыны жұдырықтастыруға жағдай жасалады. Сонда құрама сапында он боксшы өнер көрсететін болады. Шаршы алаңдағы жекпе-жектер үш минөттен бес раундқа созылып өтеді.
Осы жиында халықаралық бокс федерациясының президенті Чин Ко Ву Бүкіләлемдік бокс сериясының АІВА-ның төл баласы екенін, сондықтан да оны бір-бірінен бөлуге болмайтынын, бұл тек бокстың қызығушылығын арттыру үшін және былғары қолғабын шегеге ілген жігіттер үшін нәпақа табу болса, осы сындарды өткізетін промоутерлік компанияларға да пайда табудың бір көзі болып табылатынын атап өтті. Сонымен бірге, ол WSB жекпе-жектерінде айқасқан боксшылар міндетті түрде олимпиялық іріктеу сындарына жолдама алып жатса, Олимпиадаға қатыса алатынын, осындай халықаралық бокс федерациясы тарапынан жасалып жатқан жағдай барлық елдердің былғары қолғап мектебін дамытуға арналып отырғанын қадап айтты. Бұдан кейін ол Қазақстанның бокс мектебі жөнінде өз пікірін білдіріп, оның бүгіннен бастап заңды түрде WSB бәсекелерін өткізе алатын мемлекеттердің алғашқысы болып шежіреге жазылатынын, Қазақстанның бокс бойынша да Азияның көшбасшы ел болатынына сенімді екенін сөз етті.
Мәжілісте AІBA басшысының пікіріне байланысты республика бокс федерациясының вице-президенті Жанболат Сәрсенов: “Біздің елде ұлттық федерация тарапынан WSB бәсекелеріне нақты көңіл бөлініп отыр. Жыл басында өзінің жеке бюджетін жасадық. Осы іспен айналысатын мамандарды да жұмысқа тартып жатырмыз. Боксшылардың да тізімдері жасалды. Енді тек бапкерлер алқасын жасақтауымыз керек. Бұл істі білікті маман Болат Манкеновке сеніп тапсырамыз”, деді.
Мәжілістің екінші жұмыс күнінде Сингапурде өтетін жасөспірімдер арасындағы олипиадалық ойындарға іріктеу барысы мен төрешілер алқасының мәселесі және келер жылы бокстан жас мөлшеріне қарай әлем чемпионаттары өтетін мемлекеттердің таныстырылымы болады. Олардың ішінде Астана қаласы да бар. Сонымен бірге бокстағы салмақ дәрежесін талқылау мәселесі де күн тәртібіне шығарылып отыр.