29 Қаңтар, 2010

БАСҚОСУ ТАҚЫРЫБЫ – БОКС

1325 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сямяньда халықаралық әуесқой бокс федерациясының (АІВА) кеңейтілген алқа мәжілісі өтуде. Оған Азия және Тынық мұхиты аймағынан 67 елдің өкілдері қатысуда. Бұл басқосу әдеттегідей өткен жылдың қорытындысын шығарып, осы жылдың жұмыс жоспарын бекіту мәселесіне арналып отыр. Телжан КҮДЕРОВ, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Сямяньнан (ҚХР). Мәжілістің бірінші күні алды­мен АІВА тарапынан бола­тын өзгерістер жөнінде мәселе қа­рал­ды. Онда тұңғыш рет Бүкіл­әлемдік бокс сериясы (WSB) жек­пе-жектерін бастауға байланысты келісімдерге қол қойылды. Алғаш болып мұндай мәртебеге Азия аймағы бойын­ша сынға түсетін мемлекеттер ие болды. Біздің елдің атынан аталмыш құжатқа Қазақстан әуесқой бокс федера­ция­сының вице-президенті Жан­болат Сәрсенов қол қойды. Осы келі­­сім­ге сәйкес, сары құрлықтан Бүкіләлемдік бокс­ сериясы бойын­ша өтетін бәсекелерге Қазақстан, Қытай, Үндістан және Әзірбайжан мемлекеттері қатысса, Еуропадан Түркия, Ита­лия, Ресей мен Германия неме­се Англия таңдалатын болып шешілді. Бұл елдердің қайсысының жоғарыда аталған сындарға қатысатыны Мәскеу­дегі ақпанның басында өтетін кездесуде белгілі болады. Мәжілісте жоғарыдағы мәсе­ле­­ге байланысты WSB сериясы бойынша өтетін жекпе-жектер­дің ережесі мен өту кезеңі жө­нінде кең­і­рек мәлімет берілді. Бұл бәсе­келерге барлық құрлық елдерінің қатысуға мүмкіндіктері бар. Қазір оған Азия мен Еуро­падан басқа Америкадан екі мемлекет – АҚШ пен Мексика қатысуға ниет білдіруде. WSB сындарында қолғап түйістіретін мықтыларды анықтап алу үшін ұлттық құрамалар мамыр айына дейін толықтай жасақталып бітуі тиіс. Өйткені, оның алғашқы жекпе-жектері биылғы жылдың қарашасынан бастап өткізіледі. AІBA басшысының айтуын­ша, Қазақстан бокс федера­ция­сы өзге елдердегі әріптестерінен бұрын бәсекелерге қатысу үшін алғашқы жарналық ақыны толығымен төлеп тастаған. Осы жағдайды ескере оты­рып, AІBA қараша айында бірінші болып жекпе-жектерді Қазақстан был­ғары қолғап шеберлерінің өткі­зуіне мүмкіндік беріп отыр. Сол кезде, яғни қарашада Астанаға кезек-кезегімен үш елдің бокс­шылары келеді. Сонда әр ұлттық құрама өз шаршы алаңында үш кездесу және сырт алаңда дәл осындай үш жекпе-жек өткізеді. Сөйтіп, оның қорытын­дысында, айналымдық жүйе бойын­ша мықты команда анықталады да олар өзге елдің боксшыларымен бас жүлдені сарапқа салады. WSB жары­сында жекпе-жектер командалық және жекелей есеп бойынша да өтеді. Мұндағы бәсекелерде былғары қолғап ие­лері тек жеңіл, орташа жеңіл салмақ, орташа, ауыр және аса ауыр салмақ дәрежелерінде күш сынасады. Әр елдің құрамасына әр салмақта екі боксшыны жұды­рық­тастыруға жағдай жасалады. Сонда құрама сапында он боксшы өнер көрсететін болады. Шаршы алаңдағы жекпе-жектер үш минөттен бес раундқа созылып өтеді. Осы жиында халықаралық бокс федерациясының президенті Чин Ко Ву Бүкіләлемдік бокс серия­сы­ның АІВА-ның төл баласы екенін, сондықтан да оны бір-бірінен бөлуге болмайтынын, бұл тек бокстың қызығушылығын арттыру үшін және былғары қолғабын шегеге ілген жігіттер үшін нәпақа табу болса, осы сындарды өткізетін промоутерлік компанияларға да пайда табудың бір көзі болып табы­латынын атап өтті. Сонымен бірге, ол WSB жекпе-жектерінде айқасқан боксшылар міндетті түрде олим­пия­лық іріктеу сындарына жолдама алып жатса, Олимпиадаға қатыса алатынын, осындай халықаралық бокс федерациясы тарапынан жаса­лып жатқан жағдай барлық елдер­дің былғары қолғап мектебін дамы­туға арналып отырғанын қадап айтты. Бұдан кейін ол Қазақстан­ның бокс мектебі жөнінде өз пікі­рін білдіріп, оның бүгіннен бастап заңды түрде WSB бәсекелерін өткі­зе алатын мемлекеттердің ал­ғаш­қысы болып шежіреге жазылаты­нын, Қазақстанның бокс бойынша да Азияның көшбасшы ел бола­тынына сенімді екенін сөз етті. Мәжілісте AІBA басшысының пікіріне байланысты республика бокс федерациясының вице-президенті Жанболат Сәрсенов: “Біздің елде ұлттық федерация тара­пынан WSB бәсекелеріне нақты көңіл бөлініп отыр. Жыл басында өзінің жеке бюджетін жасадық. Осы іспен айналысатын маман­дар­ды да жұмысқа тартып жатырмыз. Боксшылардың да тізімдері жасал­ды. Енді тек бапкерлер алқа­сын жасақтауымыз керек. Бұл істі білікті маман Болат Ман­кеновке сеніп тапсырамыз”, деді. Мәжілістің екінші жұмыс күнін­де Сингапурде өтетін жасөспі­рімдер арасындағы олипиадалық ойындарға іріктеу барысы мен төрешілер алқасының мәселесі және келер жылы бокстан жас мөл­шеріне қарай әлем чемпионаттары өтетін мемлекеттердің таныстыры­лы­мы болады. Олардың ішінде Ас­та­на қаласы да бар. Сонымен бірге бокстағы салмақ дәрежесін тал­қы­лау мәселесі де күн тәртібіне шы­ғарылып отыр.