БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның «Ядроcыз әлем үшін» халықаралық форумына қатысушыларға
ЖОЛДАУЫ
Нью-Йорк, 2011 жылғы 12 қазан Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев, құрметті министрлер, құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар! Ең алдымен Президент Назарбаевқа өзімнің алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Бұл басқосу Қазақстан басшысының әлемдік ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылығының тағы бір мысалы болып табылады. Жоғары мәртебелілер және құрметті қонақтар! Өзімнің былтырғы жылғы Семейге барған сапарымды ешқашан ұмытпаймын. Бұл жер ондаған жылдар бойы «қырғи-қабақ соғыстың» эпицентрі болды. Сіздің 20 жыл бұрын қабылдаған батыл шешіміңіздің арқасында ғана Семей жерінде үміттің оты маздады. Және бұл мысал барлық ядролық сынақтардың түпкілікті аяқталудың үмітіне айналды. Ол әлемді ядролық қарудан азат ету үмітін оятты. Осыдан үш жыл бұрын мен ядролық қарусыздану мен таратпау бойынша бес тармақтан тұратын жоспар ұсындым. Қазір оған деген талпыныс бүкіл әлем шеңберінде өрістеп келеді. Бұл істе билік пен азаматтық қоғам топтары өзара үйлесімді жұмыс атқаруда. Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыруымыз қажет. Ядролық қарудың жантүршігерлік қаупін бәріміз білеміз. Қауіп-қатерден сақтану үшін қаруды жою керек екенін де білеміз. Ілгерілеушілікке қол жеткізу – жаһандық ынтымақтастыққа байланысты. Осы орайда Астана форумы шешуші мәнге ие болар деген үміттемін. Мен оның жалғасын тапқанын қалаймын және өз тарапымнан толық қолдау көрсететінімді білдіремін. Бәріміз бірге келешек ұрпақ үшін ядролық қару-жарақтан азат әлемге қарай өтейік. ____________________АҚШ Президенті Барак Обаманың «Ядросыз әлем үшін» атты Астана форумына қатысушыларға
ЖОЛДАУЫ
Вашингтон, Ақ үй, 2011 жылғы 10 қазан Ядролық қарусыз әлем үшін халықаралық конференцияның барлық қатысушыларының жұмыстарына сәттілік тілеймін. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 20 жыл толуына орай Қазақстан Республикасына және Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа болашақ ядролық қаруды азайту және таратпау ісінің негізін қалауға көмектескен осындай тарихи шешімді қабылдағаны үшін өз ризашылығымды білдіремін. Бұл рәсім – ядролық қару сынақтарын өткізуді тоқтату әлем қауымдастығы үшін ең негізгі басымдық ретінде қала беруге міндетті екендігін естерімізге салады. Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан жиырма жылға жуық уақыт бойы биологиялық қарудан қорғану және оны жою үшін бірлесіп жұмыс атқарып келді. Біздің ынтымақтастығымыз елдеріміздің ортақ жауапкершілікті қабылдауға және ортақ проблемаға төтеп беруде бірігудің айғағы болып табылады. Осындай дәрежедегі ынтымақтастық биылғы желтоқсанда болатын «Биологиялық және токсиндік қарулар бойынша конвенцияның» 7-ші шолу конференциясы барысында көрсетілетініне үміт артамын. Қазақстан ұзақ уақыт бойы ядролық қаруды таратпау мен ядролық қауіпсіздік саласының лидері және Америка Құрама Штаттарының досы болып келеді. Осы саладағы бірлескен жобаларымыздың жалғасуын асыға күтемін.