15 Тамыз, 2017

Қарағандыға «Алаш» партиясының құжат­тары жеткізілді

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласындағы облыстық өлкетану музейіне Ақтоғай ауданынан қола дәуірінің бұйымдары, әскери олжалар және «Алаш» партиясының құжат­тары жеткізілді. Төрт бөлім­нен құралған көрмеде «Таста сақталған тарихымыз» атты археологиялық бөлім, «Ел тарихы – рухани қазына» тарихи-өлкетану бөлімі, «Ата мұра – асыл қазынамыз» атты этнография бөлім жұмыс істейді.

Қарағандыға «Алаш» партиясының құжат­тары жеткізілді

Археологиялық бөлімде академик Әлкей Марғұланның 1952 жылы жасаған экпедициясында табылған Беғазы-Дәндібай мәдениеті заманындағы заттарды көруге болады. Экспозицияға ыдыстар, еңбек құралдары және оқтардың ұштары қойылған. Сондай-ақ, құнды жәдігерлердің қатарында тұрмыстық заттар да бар. Олардың ішінде бір қа­ралығы жартылай қымбат тастармен және жезбен қапталған ер тоқым болды. 

– Бұл тоқым қолдан жасалған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ол сәл қажалған. Демек жиі қол­да­ныл­ған, – дейді облыстық өл­кетану мұ­ра­жайының директоры Ер­жан Нұрмағамбетов. – Мұндай ер тоқым­дар тек дәулетті ақсүйектерге ғана тиесілі болған. Оны үздік, танымал шеберлерге ғана тапсырыс берген. 

Көрмедегі «Алаш» партиясы хаттарының, бұйрықтарының және құжаттарының көшірмелері арасында партияның жиналыс­тары туралы хабарландырулар­дан бас­тап, «Алашорда» қоз­ғалысының көшбасшыларына, оның ішінде Әлихан Бөкейханға да қатысты жарияланған үкімдер мен жазалар да бар. 

– Ең маңызды құжатты атап өту қиын, – дейді мұражай ди­рек­торы. – Маңдайша жазу­лар да, қазалы қағаздар да бар. Алайда олардың тарихи ма­ңыз­дылығы азаймайды. Бұл құжаттар тәуелсіздік алған соң көпшілік назарына ұсынылған, оған дейін мұрағаттарда «өте құпия» грифімен сақталған. 

Сонымен қатар, облыстық мұражайға Ақтоғай ауданында өмір сүретін жануарлардың тұлып­тары мен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сахи Романовтың сурет­тері де қойылған.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы