29 Қаңтар, 2010

ТАҒЫЛЫМДЫ ЕҢБЕК

2441 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Сейіт Қасқабасов. Ойөріс. (Фольклор туралы). “Астана полиграфия”.Жоғары оқу орындарында білімнің сапасы мен деңгейі көтерілуі үшін ғылымның соңғы жаңалықтары мен жетістіктері оқу үрдісінде үнемі ескеріліп отыруы ләзім. Бұл ретте про­фес­сор-оқытушыларға қойылар аса қажетті кәсіби талап өз саласы бойынша білікті маман болып, оқытылатын пәні мен жүргізетін дәріс-сабақтарында ғылымға жаңадан қосылған соны мате­риал­дар мен дәлел­ден­ген түйін-қорытындыларды қолдана алуы, әрдайым ізденіс үстінде болуы. Дәріскер ұстаз үшін, шәкірт-студент үшін де қолындағы дайын оқулық пен оқу құралы­ның бағдаршылық орны ерекше. Кейінгі жылдары қазақ фольклортануы теориялық, әдіс­темелік жағынан жетіліп, биіктей түсті. Аталған бағытта айналымға кірген деректер, жа­рияланған көлемді монография­лар мен қорғалған диссертация­лар саны біршама. Соған қара­мас­тан, бұл пәннен жоғары оқу орын­дарын­да пайдалану үшін өткен ғасыр­дың елуінші жыл­дарында жазыл­ған Мәлік Ғаб­дуллиннің “Қазақ ауыз әде­биеті” атты кітабын қайталап бастыру­мен ғана шек­теліп кел­дік. Атал­мыш оқулықты ауыс­тыратын­дай, уақыт талабы­на жауап бере алатын заманауи құрал әзірлеу­дің зәрулігін сала мамандары әлдеқашан сезінген. Осы олқылықтың орнын тол­тыру мақсатында жақында ғана жарыққа шыққан респуб­ли­када­ғы жетекші фольклор­танушы, академик Сейіт Қасқа­басовтың “Ойөріс” атты еңбегі жаңашыл сипатымен ерекшеле­неді. Автор­дың: “Фольклор жанр­­ла­рын этно­­графияға сүйен­бей зерттеу мүмкін емес. Этног­рафия фольк­лор­лық жанр­лар­дың ерте заман­дағы си­па­тын, ал­ғашқы даму жолдарын зерт­теу­де өте пайдалы. Себебі, жанр­лардың да, сюжеттер мен мотив­тердің де пай­да болуы ғана емес, сондай-ақ олардың өмір сүруі мен өз­геру, даму жол­дары да тұрмыс­пен, бол­мыспен тікелей байланысты. Бірінші – фольклор мен әде­биеттің бірдей еместігі. Мұның себебі, олардың пайда болуы мен өмір сүру түрінің өзгешелігінде. Бұл өзгешелік оларды зерттеу әдістерінің екі түрлі болуын талап етеді” /55-б/ – деген сынды тұжырымы осы ойымыздың айғағы. Өйт­кені, қазақ тілі мен әдебиеті ма­мандықтарына арналған қол­даныстағы оқулықта фольклор­­ды тек сөз өнері, ауыз әдебиеті деп тар шеңбер аясында бір­жақты қарастыратын. Кітап фольклордың болмыс-табиғатын, синкретті, көпфунк­циялы қызметін, оның байырғы дүниетаным, наным-сенімдер­мен, оның ішінде, тотемизм, ма­гия, табу, шамандықпен ас­тас­қан қырларын аша көрсету­мен баста­лады. Мұнан соң фольк­лор­дың улитарлық қыз­метіне, дәлірек айтсақ, тұрмыс­пен, әдет-ғұрып­пен келетін тұсы, сөз өнері ретін­дегі қасиет­теріне толымды түсінік беріледі. Фольклорды та­рихи ұзақ даму жолдарын бастан кешірген құ­былыс ретінде зер­делейтін ав­тор оның түп-тегіне үңіліп, құра­мында ырымдар мен ғұрыптар, тыйымдар мен арбау, жалбары­ну тарауынан мифтің түрлері жайында тұщымды мәліметтер табамыз, адамзаттық алғыс пен қарғыстар араласқан күйде келуі, анеркі (матриархат) дәуірінің көріністері, байырғы мифтер, ежелгі мифтік кейіп­керлер – ілкі ата мен жасампаз қаһарман, тотем-баба, кейінгі патриархалды заманның әдет­терінің жаңғырық­тары туралы ой өрбітеді. Ғалым сақтар, көне түркілік, қазақ хандығы тұсын­дағы фольклор­дың даму бары­сын сараптайды. Ал VІІІ ғасыр­дан бергі фольк­лор­ды жаңа дәуір­дің жемісі ретінде байып­тап, бұл мезгілде туын­да­ған та­ри­хи жырлардың көптеп сақ­талғанына, ақындар мен жыр­шы­лардың, шешендердің дәс­түр­ді өрлетуге қосқан үлесі­не, күні бүгінге дейінгі аралық­тағы жанр­­лық жіктеулер мен тақы­рып­­тық тарамдалып, функ­цио­налды өз­геріс­терге түсуіне ден қояды. Кітап­тың қазақ фольк­ло­рының жанрлық құра­мын сара­лаған миф­тік сана, ойлау саты­ла­рын тілге тиек етеді. Рухани фольк­­лор­­дың дәстүрі бағзы дәуір­­лерден басталатын қабат-қыр­тысы қат­пар­лы болған­дықтан, мұндай көп­қабаттарды айқындау қиын да күрделі, сол себепті этногра­фия, архео­логия, тарих, линг­вис­тика салаларының айғақ-дәлелдеме­лері­­не жүгіну мейлін­ше мол. Құралда фоль­клор­дың қазір­гі мәде­ниетпен, музыка­мен, театр­мен, киномен, бейнелеу өнері­мен, теледидар­мен байла­нысы баяндалады. Еңбектің студенттерге фоль­к­лортанудың іргелі проб­ле­маларын игеруге септесетін тұс­тары – фольклорлық жанрлар теориясы, фольклордың тарихи типологиясы, поэтикасы, текс­то­логиясы турасындағы бөлім­дері екендігін атап өткен жөн. С.Қасқабасовтың ғалым ретінде ұзақ жылдардан бергі кешенді зерттеулеріне сүйеніп, халық прозасын іштей миф, хикая, әпсана, хикаят, аңыз, ертегілерді жануарлар, қиял-ғажайып, батырлық, новелла­лық, сатиралық деген жанрлық түрлерге бөліп, олардың әрқай­сына тән белгілерін ажыратады. Эпикалық түрлерге арналған бөлімде “Қобыланды”, “Қозы Көр­пеш-Баян сұлу”, “Қыз Жі­бек”, “Кенесары”, “Айман-Шол­пан”, “Наурызбай-Қан­шайым” жыр­лары жайлы кеңі­рек тал­данады. Зерттеушінің, әсіресе, эпи­­калық жанрлар са­­на­тына “балладалық жыр” деген дербес түрді қосып, оған бұрын лиро-эпос, тарихи жырлар сана­­тында сөз болып жүрген “Ай­ман-Шол­пан”, “Наурызбай-Қан­шайым”, “Ерназар-Бекет” тәріз­ді үлгілерді жатқызуы – жаңаша пайымдау. Бұл еңбек соңғы әлем, орыс, қа­зақ ғалым­дарының тәжіри­белерін қаперде ұстай отырып, дайын­далға­нымен ешкімді қай­та­лай­май­тын, фоль­клордың заң­ды­лық­­тарын айқын да өзіндік жинақ­­таушылық ұстаным­дары­мен құнды. Жетпіс белестен ыждағатты ізденіс үстінде асқан С.Қасқа­басов көпшілік алдында шығар­­­ма­шылық есеп бергендей өзінің ғылыми еңбектерін төрт том етіп бастырған. Ғалымның осы топ­та­­маның жалғасы етіп ұсынған “Ойөріс” атты кітабы қазақ студенттерінің фольклор хақын­дағы теориялық ұғым-түсінігін байытып, ой-өрісін кеңейтетін, жаңа сапа, мазмұн­дағы терең, игілікті жұмыс деп бағалаймын. Шәмшәдин КЕРІМ, профессор. БІРТУАР ТҰЛҒА БОЛМЫСЫ Халықаралық “Қазақ тілі” қоға­мы Ақтөбе облыстық ұйы­мы­ның төрағасы Кемейдулла Төлеу­бай­ұлы­ның құрастыруы­мен “Шекті Мөңке би Тілеу­ұлы” деп аталатын елеулі еңбек жарық көрді. Бұл сүбелі туын­ды — туған халқы сөзіне сүйініп, төрелігіне жүгінген біртуар Мөң­ке бабаның есімін жаңғыр­ту, оның бірегей болмысын кейінгі ұрпаққа таныту жолында жасалған бүкіл­халықтық қыз­мет­тің хроникасы, тектес тақы­рыптық жария­ла­ным­дардың жылнамасы. Соны­мен бірге, бұл кітапты осынау күрделі істің басы-қасында болып, тікелей бас­шылық жасаған, көптеген ұйым­дас­тыру шараларын шар­шамай, шалдық­пай, өзгеше бір іскерлік­пен атқарған құрастыру­шы-автор Кемейдулла Төлеу­бай­ұлының да теңдессіз еңбегі­нің қайтарымы деген орынды болады. Мөңке би мұраларын ел игі­лі­гіне қайта оралту орайындағы бү­кілхалықтық істің шежіресін хаттаған һәм болмысы бөлек би ба­ба­мыздың есімі мен шы­ғар­ма­­шы­лы­ғына қатысты бұрынғы-бүгінгі жарияланымдардың жүйе­лі тізбегін түзген кітаптың академиялық арқауын, тарихи сананы жаңғырту ерекшелігін, ғылыми айналымға енгізген мәлімет-деректерінің мол екен­дігін атап көрсеткен жөн. Ортақ атаумен шартты түрде “Ұрпақтану” саласы деп жал­пы­ла­ма атайтын болсақ, екі мыңын­­шы жыл­дардан басталған Мөңкетану ғы­лымы қазір жүйелі арнасына түсті. Бірқатар жария­ланымдар арқылы Мөңке бидің қайраткерлігі, билігі, болжампаз­дығы, жырау­лы­ғы, т.б. тұлғалық тұтастығы жұрт­шы­лық зердесіне жетті. Бұл орай­­­дағы ізденістер бағыты бір ғана Мөңке бидің өмірі мен шығарма­шы­лығы төңірегінде шектелмей, ол ғұмыр кешкен дәуір­дің, би ба­ба­мыз­дың арғы-бергі ата-баба­ла­ры­ның тағы­лым­ды тарихымен тығыз бірлікте өрістеу үстінде. Мөңке би мұрасын зерттеу мен насихаттаудың ендігі бағыт­тары қандай болмақ керек? Біз­дің ойы­мызша, мөңкетану­шылар алдағы уақытта нақ осы мәселе төңірегіне топтасқаны жөн сияқ­ты. Мөңке Тілеуұлы­ның тарихи тұлғасы, қо­ғам­дық қайраткерлігі, шы­ғар­ма­шылық қуаты жөніндегі алдағы жа­зылатын жарияланым­дар бұ­рын­ғыдай баяндаушылық сипатынан гөрі тақырыптық, мәтін­дік талдап, саралау, бидің берекелі берен сөзін терең түсін­діру, толғанысты тол­ғау­ларының құдіретін ұғындыру орайындағы филологиялық-фило­софиялық тұрлаулы тұжырымдарға қарай бағыт ала бастауы керек. Және де сол айтылған жәйттер оның бол­жампаздық қасиетін ғана әспет­теумен шектелмей, шығар­ма­шылық тұлғасы мен табиғи та­лан­ты­­ның құбылыстық қа­сие­т­іне, сюжетсіз поэма эле­мент­­терін бо­йына сіңірген тол­ғау­ларының жан-жақты, тиянақ­ты таразыла­нуы­на қызмет етсе дейміз. Мөңке би мұрасын кеңі­нен танытудың жаңа кезеңі енді басталды. Міне, сөз болып отыр­ған кітаптың тұ­тас­тай та­нымдық тағылымы бізді осын­дай оңды ойларға бастайды. Кі­тап осы сипатымен құнды, осы ерек­ше­лігімен оқшау көрінеді. Серікқали БАЙМЕНШЕ, филология ғылымдарының докторы. Мәскеу. ЖЫР ТОЛҚЫДЫ АЛМАТЫДА Алматының тұрғындары тамаша поэзияны аңсаған екен. Терең сөзді парықтап, мінсіз лириканы пір тұтатын көпшілік Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ақын Фариза Оңғарсынованың мерейтойлық жыр кеші өтеді екен деген хабарды естігеннен, абыр-сабыр билет іздестіре бастаға­нын білеміз. Сенбі күні билет тимесе де, шақыру алмаса да бекзат өнер ордасына бір күнге көшіп келген өлең падишасының патша­лығына бас сүғуға асық болып жатқан­дарды көру ғанибет еді. Қазақтың поэзияға құштар болмысы тұрғанда ақындары елдің алақанында жүре беретіні ақиқат. Бұл кешке ақынды іздеп әкім де, министр де, еліміздің атқамінер азаматтары да келді. Опера және балет театрына қарақұрым халық, құшақ-құшақ раушан гүлдері еніп, жыр кешінің шымылдығы түрілді. Театрландырылған көріністер Фариза ақын­ның өлең патшалығының есігін еркін, ешкімді қайталамайтын өр дауыспен ашып келген жастық шағын көрерменнің көз алдына әкелді. Залда отырған халайық сонау 70-ші жыл­дарға саяхат шегіп, мұңын махаббат дас­тан­­дарына, шерін өмірге деген шексіз құштар­лыққа айналдыра алған өндірдей жас ақын Фаризамен (актриса Назгүл Қарабалина) қауышты. Талант терезесі тең тұрған Фариза мен Мұқағалидың сырласуы ел арасында екеуара, ауызбен айтылатын әңгімелердің ақиқатын айтып, шындыққа толы диалогтардың шетін тарқатты. Осыдан кейін ақын сахнаға көтерілді. Алдымен ақынды осы кешті ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед құт­тық­тап: өнерсүйер, поэзия қадірлейтін қауым! Фариза апамыздың поэзияда жас қауырсын болып алғаш қосылған періште кезі­нен бастап бүгінгі қазақ поэзиясының падиша­сы­на айналғанға дейінгі бүкіл өміріне, бүкіл шы­ғар­­машылығына бір жа­ғы риза болып, бір жағы ерекше сыйлап, қадір­леп келе жатқан бір за­ман­дасы бар. Ол – Қа­зақ­­стан Респуб­ли­ка­сы­ның тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назар­баев! Алдымен Ел­басының құттық­тауын оқып беруге рұқ­сат етіңіздер, деп Мемлекет басшысының аманатын орындауға кірісті. – Құрметті Фариза Молдасынқызы, сізді үл­кен мерейтойыңызбен шын жүректен құттық­таймын! Сіз ұлттық поэзиямыздағы өзіндік дара дауысыңызбен ерте танылған дара таланттардың бірісіз. Нәзік те сыршыл, өткір де өршіл лирикаңызбен бірден-ақ өлеңсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлендіңіз. Халқыңыз сіздің отты да жігерлі поэзияңыздан әрдайым сусындап, әрдайым рухани қуат алып келеді. Ізбасар­ларыңыздың арасынан дарынды ақындар шықты. Сіз сондай-ақ, тамаша журналист, білікті ұжым жетекшісі ретінде де көп істер тындырдыңыз. Парламент депутаты болып сайланып, еліміздің құқықтық мемлекет атануына үлкен үлес қостыңыз. Осындай сан-салалы қызметіңізбен, қабырғалы істеріңізбен халқыңыздың лайықты құрмет-қошеметіне ие болдыңыз. Еңбектеріңіз жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Осының бәрі ақын-азамат үшін үлкен мәртебе, зор бақыт. Бақыты­ңыз баянды, денсаулығыңыз мықты болып, халқыңыздың өзіңізге деген шексіз махаббаты­на бөлене беріңіз! – депті құттықтау хатында Мемлекет басшысы. Осыдан кейін Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндерге кезек берілді. Фариза ақынға қалам ұстаған шығарма­шы­лық қауым атынан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин сөз арнады. Ақын жанын ақыннан артық кім түсінер?! Нұрлан Мырқасымұлы қашанда өзіне тән сұлу сөздің көмбесімен көпшіліктің көңіліндегі ортақ ойды қозғады. – ...Сонау бір жылдары “Лениншіл жас” газетіндегі “Мен саған ғашық емес ем...” дейтін жалынды жырларымен жұртты өзіне жалт қаратып, поэзияға адуынды мінезіңізбен, әдемі сұлу жырыңызбен келіп едіңіз.., – деген Нұр­лан ақынның сөзін тыңдай отырып, Фариза шабытты күндердің естелігіне шомылып отыр­ған­дай әсер қалдырды. Өзінің жыр кешінде Фариза Оңғарсынова әр кездері жазылған жырларын оқыды. Ғ.Есі­мов, Н.Нүсіпжанов, М.Жүнісова, Е.Әбді­халықова, Ж.Жексенұлы, Т.Досымов, Г.Ақүр­пекова сияқты өнер қайраткерлері мен эстрада жұлдыздарының орындауында ақынның сөзіне жазылған танымал әндер шырқалды. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.