Күздің жиын-теріні аяқталып қалды екен деп босаңсуға әлі ерте. Әсіресе, Арқа өңірі үшін! Алда қытымыр қыстың үскірік аязы мен долдана соғар бораны алмас қылыштай жалаңдап тұр. Былтыр жағалары жайлауда жүргендер «үсті-бас ақ қырау, түсі суық» жаннан таяқты оңбай жеген болатын. Алайда, алдағы қысқы маусымға әзірлік барысы кей басшыларды әлі де ойландырып-толғандырмайтын тәрізді. Осынау маңызды мәселені талқылауға арналған басқосуға бірқатар жауапты мемлекеттік орган басшыларының төбе көрсетпей орынбасарларын жіберуі «төтенше жағдайларға» алдымен жауапты екендіктерін естен шығарып алса керек. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен басқосуда гидроқұрылғылардың апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін азаматтық қорғаныс шараларын орындаудағы алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Александр Швецов алда қыруар істер күтіп тұрғанын, ең бастысы, назарды жылыту қосындарын құру қажеттігіне, жедел құтқару топтарын арнайы техникалармен жабдықтауға аударды. Аязды, боранды күндері елді мекендер арасында байланыстың үзіліп қалу жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан жеткілікті азық-түлік, медициналық препараттар қорын жасау қажеттігін айта келіп, өткен қыста бірқатар проблемалар туындағанын еске салды. «Солтүстік Қазақстан гидрометеорологиялық орталығы» директорының орынбасары Қымбат Мерғалимованың ақпараты да жиналғандарды қуанта қойған жоқ. Алдын-ала болжамға қарағанда, қыраулы қыстың қытымыр мінезі аз болмайтын тәрізді. Дәурені жүрісімен-ақ сынап бағасы 30 градусқа жетіп, тіпті одан да төмендейтін көрінеді. Сондықтан барынша сақтанған жөн, деді ол. Кезек энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяевқа келгенде жиналыс сайын сыннан көз ашпайтын бұл сабазың не айтар дегендей зал іші сілтідей тына қалды. Жоқ, бұл жолы оның баяндамасының тігісі жатық шықты. Сірә, өткір сындар біраз ширатқан болу керек. 3 қазаннан бастап 590 ғимаратқа жылу беріліпті. Білім және денсаулық мекемелері бірінші кезекте қамтамасыз етіліпті. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Антон Макаров тұрғын үйлер түгелге жуық жылыту маусымына тас-түйін дайын екенін мәлімдеді. Су тарататын құбырлардың жарамдылығы тексеруден өтіп, орын алған кемшіліктер дереу түзетіліпті. Керісінше, Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясының бастығы Виктор Тен электр қуатын қабылдау жөніндегі құжаттар тап-тұйнақтай әзір етілмегендіктен, бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың жарықсыз қалу қаупі бар дей келіп, өрттің жартысына жуығы электр сымдарының тұйықталуы салдарынан орын алатынын ренішпен жеткізді. Кеңесте автокөлік жолдары комитеті жергілікті департамент бастығының орынбасары Арман Жүсіповтың, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы бастығының орынбасары Серік Мұхамадиевтің біраз қызаруына тура келді. Облыстық маңыздағы жолдарды күтіп ұстау мәселесіне қатысты арыз-шағым көбеймесе, азаяр емес. Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданында жауапты орындардың салғырттығынан жолда батып қалған көліктер мен адамдарға көмек кешігіп жеткен. Жол белгілерін қалпына келтіруде де кемшіліктер жоқ емес.
Жиында 2011-2012 жылдардағы қысқы маусымда ТЖМ аумақтық құрылымдары мен жергілікті басқару органдарының әзірлігін күшейту міндеттері белгіленді.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.