Бүгінгі таңда медицинада диагноз қоюда небір диагностикалық құрылғылар, жаңа технологиялар бар десек, соның бірі – ультрадыбыстық зерттеу, яғни УДЗ (УЗИ). УДЗ – диагноз қою мен емдеу әдісін таңдауда өте маңызды рөл атқарады. Бұл жоғары деңгейде ақпарат беретін және қауіпсіз зерттеу әдісі. Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының ультрадыбыстық зерттеу және функционалды диагностика кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Баян НАУРЫЗБАЕВАМЕН әңгімеміз еліміздегі диагностикалық қызметтің ерекшелігі, жай-күйі мен проблемасы жайында өрбіген.
– Баян Ұйсымбайқызы, бүгінде көпшілігіміз «УЗИ» деп атап кеткен ультрадыбыстық зерттеудің диагноз қоюдағы қаншалықты дәлдігі, нақтылығы, қауіпсіздігі, сондай-ақ рентген аппаратынан УДЗ-ның ерекшелігі мен артықшылығы жайында білгіміз келеді...
– Әңгімемізді рентген сәулесінен бастасақ, ол иондалған радиация, оның адам ағзасына зияны жоқ емес. Демек, рентгенге кез келген жағдайда түсе беруге кеңес берілмейді. Сондықтан да қазіргі медицинада УДЗ кеңінен қолданылады. Оның ерекшелігі – қауіпсіз, ешқандай радиациясы жоқ. Ал ультрадыбыс қалай пайда болады дегенге келсек, мысалы, дельфинді алайық, олар аса жоғары жиілікте дыбыс шығаратыны сондайлық, оны адам құлағы қабылдай алмайды. Ұлпадан (тканьнан), судан тікелей өтіп, шағылысып қайтады. Яғни, ол денедегі өзгерісті немесе бөгде затты сұйықтық па, жоқ ісік пе, соны экран арқылы көрсетеді. Мысалы, клиницистер көзбен көреді, қолмен ұстайды, бірақ ішкі ағзаға кіріп кете алмайды. Ал УДЗ ұлпаға еркін кіреді. Міне, дельфиннің ультра дыбыстың символы болып табылатыны да содан.
– Бүгінгі күндегі ультрадыбыстық зерттеудің мүмкіндігі қандай деңгейде?
– Мүмкіндігі өте зор. Әсіресе, акушерлік салада. Ондағы УДЗ-ның басты міндеті – бала ана құрсағында пайда болғаннан бастап, тоғыз айға дейінгі денсаулығын бақылап, іштен туа біткен кемшілікті, ағзадағы өзгерістерді қолмен қойғандай анықтайды. Қазір жаңадан туылған нәрестелерде сырқаттанушылық көп. Әрине, ол патологиялардың себебі бар. Мәселен, жастар ерте жыныстық қатынасқа түсіп, қалай болса солай өмір сүруден қорықпайды. Жыныстық жолмен жұғатын жұқпалы аурулар, нашақорлық, маскүнемдік, генетикалық аурулар, т.б. бала денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Егер сондай кемтар баланың бәрі дүниеге келетін болса, ата-анасына, өзіне ешқандай бақыт әкелмесі хақ. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын ТМД елдерінде 44 мың нәресте туабітті жүрек ақауымен (порок) дүниеге келсе, оның елу пайызы туа салысымен жарық дүниемен қоштасады екен. Ал Қазақстанда туабітті жүрек ақауы сырқатымен ауыру 100 мың адамға шаққанда: үлкендерде – 9,1, жасөспірімдерде – 66,9, балаларда – 144,9. Қазақстанда жыл сайын 3000 сәби туабітті жүрек ақауымен туылып, олардың 10-15 пайызы ғана бір жасқа дейін өмір сүреді. Бұдан шығар қорытынды, егер біз пренаталды сырқаттанушылықты УДЗ-мен ертерек анықтар болсақ, сол арқылы пренаталдық өлімді де төмендетеміз. Бұл тек сандық көрсеткішті төмендету емес, отбасындағы ерлі-зайыптының да проблемасын шешеді.
Демек, біз балалардың дүниеге келгенімен, өмір сүре алмайтынын ертерек анықтап, жүктілікті бұзуға шешім қабылдауға олардың көзін жеткізуіміз керек. Ол үшін жүктіліктің бес айында, яғни 22 аптаға дейін анықтауға мүмкіндік бар. Қазір қырық жаста, одан да асып босанып жатқандар саны көбеюде. Әрине, жасы ұлғайып босану – бұл да қауіп-қатерге бір табан жақындық. Сондықтан осы жастағылар, скрининг кезеңінде генетикалық тексеруден өтуге міндетті.
– Оқырмандарға түсінікті болсын, пренаталды диагностика мен перинаталды диагностиканың айырмашылығы неде?
– Пренаталды диагностикамыз – ол құрсақтағы шақалақтың денсаулығын тексеру, ал перинаталды – құрсақтағы және жаңа туылған нәрестенің денсаулығын тексеру.
– УДЗ – пренаталды диагностикада ең негізгі құрал десек, оның Қазақстандағы деңгейі қай дәрежеде?
– Жалпы пренаталды диагностика дегеніміз – ана құрсағындағы шақалақтың денсаулығын анықтау. Ол үшін не керек? Біріншіден, мықты диагностикалық аппарат, сосын сол құрылғыны меңгеретін кәсіби білігі жоғары маман қажет. Егер диагностикаға дұрыс аппарат, құрылғы бөлінбесе, маман қанша мықты болғанымен, нақты диагноз қоя алмайды. Мысалы, хирургке өтпейтін пышақ беріп, ойдағыдай операция жаса деп қалай талап етесің. УДЗ да сол сияқты.
– Екіқабат әйелдер скринингтік кезеңде УДЗ-ден міндетті түрде өтуі керек пе?
– Міндетті түрде. Әсіресе, екіқабат әйел үшін жүктіліктің алғашқы 10-14, 20-22 және 30-34 апта аралығы өте маңызды кезең. Яғни, скрининг кезеңі не үшін керек? Өйткені, сол аралықта баланың дене мүшелері пайда бола бастайды. Яғни, 10-14 аптада баланың бас сүйегі бар ма, жоқ па, Дауна ауруынан аман ба, сол тексеріледі. Неге десеңіз, Дауна ауруы 10-14 апта аралығында жақсы байқалады. Бұл зерттеуді дүние жүзінің ғалымдары математикалық дәлдікпен дәлелдеп қойған. Көрдіңіз бе, егер осы мерзімді өткізіп алмасақ, бұл ауруды 80 пайызға дейін анықтау мүкіндігі бар. Алайда, ондай патология табылып жатса, ата-анаға дәрігерлердің консилиумы арқылы барлық жағдайды түсіндіріп, олардың рұқсатымен жүктілікті бұзуға кеңес береміз. Ол ана үшін жасанды босандырып алғаннан әлдеқайда жеңіл. Екінші скринингтік кезең – 20-24 апта аралығында. Қазір 22 апталыққа көшуде. Бұл мерзімде баланың бүкіл дене мүшесінің түгелдігі анықталады. Жүрегі, басы, басқа мүшелері қалыпты ма, соны көруге мүмкіндік береді. Тіпті, онда аяғының сүйегіне, қуық, мұрын, ауыз қуысына дейін көре аласыз. Егер осы аралықта бәрі қалыпты болса, ары қарай жүктілікті қорықпай жалғастыра береді. Ал ақау табылып жатса, генетикалық жолмен анықтауға жібереді. Ол жерде де диагноз нақтыланып жатса, ата-аналарымен сөйлесіп, жүктілікті бұзуға тура келеді. Үшінші скринингтік кезең – 30-34 апта аралығында құрсақтағы нәрестенің денсаулығы көпшілігінде ананың денсаулығына көбірек байланысты келеді. Мысалы, қан қысымы, қан аздық, басқа да жанама аурулары болса, балаға көміртегі жетіспегендіктен салмағы аз, әлжуаз туылады. Сондай жағдайға жеткізбеу үшін УДЗ-мен, допплермен, КТГ-мен уақтылы диагностика жасап, дереу ананы босандырып, балаға жаңа туылған нәрестелер бөлімінде көмек көрсетілуі керек. Мәселен, суық аймақта қызанақты жерде қаншама уақыт ұзақ ұстағанмен, қызарып піспейді ғой. Бұл жерде де ананың уақытына жетіп, қалыпты босануына денсаулығы жетпей жатса, іштегі нәрестені сақтап қалу үшін дәрігер қандай да бір шешім қабылдауы тиіс. Міне, осындай үш кезеңде УДЗ-ның маңызды міндеттері бар. Ал енді жақсы аппаратура болмаса, осы патологияларды екінші, үшінші кезеңге өткізіп алып жатады. Айтып отырмын ғой, 80 пайыз хромосомалық патологиялар алғашқы үш айда анықталады. Жарайды, оларды қалған екі кезеңінде байқап, бала өміріне қауіптілігін анықтаса құба-құп. Бұдан шығар қорытынды, дүниеге ауру балалардың келіп жатуының бір себебі, жақсы аппараттың жоқтығынан болуы да ықтимал. Бүгінде аппаратта тек УДЗ мамандары ғана емес, клиницистердің өздерінің де диагностикадан хабары болып, шұғыл жағдайда көмекке келулері керек деген қағиданы ұстануда. Жақында осындай көшпелі циклді өткізуге Түркістанға барып қайттым.
– Киелі де, қазақы қаймағы бұзылмаған Түркістандағы жағдай қалай екен?
– Сізге айтайын, шетелде кез келген клиницист өз саласында УДЗ-ны меңгерген. Айталық, акушер кезекшілікте отырғанда, неше түрлі жағдайлар болып, бес-он минөттің ішінде не баланың, не ананың жағдайы күрт нашарлап кетуі ықтимал. Сонда УДЗ-де көретін маманды үйінен шақырмай, өздері датчик қойып, бір шешімге келіп, ананы да, баланы да аман сақтап қалады. Көшпелі циклдің мақсаты сол, әр аймақтағы мамандарды жұмыстан қол үзбей, оқытып, үйрету. Әріптестеріміз мұндай циклдің екі жаққа да тиімді екенін мойындауда. Сол уақыт аралығында біраз нәрсеге үйреттік деп ойлаймын, нәтиже де жаман емес. Осы оқу барысында мынандай бір жағдай болды. Босанатын ананың жатыры толық ашылғанмен, толғақ та бар, бірақ шақалақ түспейді. Содан циклдің курсанты (кезекші акушер-гинеколог) датчикті қойып көрсе, жатырдың төменгі жағындағы үлкен ісік (миома) баланы жатыр мойнында ұстап жібермей тұрған. Міне, соны клиницист өзі көріп, кесір тілігімен баланы аман алып қалған, анасының да кеселін бірге алып тастаған. Көрдіңіз бе, клиницистің УДЗ-ны меңгеруі, бұл өте тиімді. Әрине, бұл жерде ол жұмысын қойып, УДЗ-де отыру керек деген ұғым тумауы керек. Шетелде солай. Сол жолғы көшпелі циклда отыз дәрігер жұмыстан қол үзбей дәріс алды. Соншама адамды бірден Алматыға шақырып оқыту, біріншіден, мүмкін емес. Олар қайтты дейсіз ғой, таңғы алтыда жұмысқа келіп, тоғызға дейін операцияларын жасап, науқастарын емдеп, жұмыстарын бітіріп барып, сағат тоғыздан алтыға дейін дәріс алды.
– Түркістандағы емдеу орындарындағы ультрадыбыстық зерттеу аппаратуралары көңіліңізден шықты ма?
– Әрине, жоқ. Мысалы, сол Түркістанда Израильде арнайы дайындықтан өткен удзист-пренатолог қыз отыр. Қабілеті жақсы, білім деңгейі жоғары. Соның жұмыс істеп отырған аппаратынан тыңдаушыларыма көп нәрсе көрсете алмадым. Онда допплерографиялық зерттеу жасау мүмкін емес. Допплер дегеніміз – УДЗ-ның бір мүмкіндігі. Сұрастыра келсек, Оңтүстік Қазақстан облысына тендермен осындай он екі аппарат алыныпты. Бұлар негізінен үшінші деңгейдегі УДЗ. Енді қараңыз, сол төңіректегі барлық екіқабат әйел УДЗ-ге түсуге сонда жіберіледі. Одан тек құрсақтағы шақалақтың аяқ-қолынан басқа ешнәрсені көре алмайсыз.
– Кәсіби маман, білікті ғалым ретінде айтыңызшы, осындай жағдайдан шығудың қандай жолдары бар?
– Жалпы айтар болсақ, бізде біріншіден, акушерлік диагностикада кезеңділік жоқ. Ол не деген сөз. Мысалы, әйелдер консультациясында удзист-пренатолог отыр делік. Егер іштегі бала денсаулығынан ақау табылса, болмаса екіұшты жағдай кездессе, оны УДЗ-мен көрудің екінші кезеңінен өткізуге жолдамамен одан да дәлірек, нақтырақ анықтайтын мықты УДЗ-ге жіберуі тиіс. Сізге бір жағдайды айтайын, Кентау қаласында судай жаңа мықты аппарат қапталып, жабық күйінде тұр. Өкінішке қарай, сұрағандарға бермейді. Қажетке жаратпай тығып отырғаннан гөрі, керек жерлерге неге бермеске? Ең қызығы, кентаулықтар өз пациенттерін үшінші деңгейдегі аппаратқа түсуге жіберуде. Перинаталды орталықтың бас дәрігеріне бұл мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы шешуге кеңес бердім.
– Жалпы, пренаталды диагностикада қандай проблемалар бар деп ойлайсыз?
– Ең негізгі проблема – халықпен жұмыс істеуде. Мәселен, УДЗ-ның маңызы, мәнділігі, жүктілік кезінде уақтылы дәрігерге көрініп тұруы керектігі жөнінде БАҚ жиі жазып, түсіндірсе. Олай дейтінім, көпшілік әйелдер УДЗ-ның балаға зияны бар деп, қалайда көрінбеудің жолын іздейді. Ал оның арты үлкен өкінішке әкеліп соғуы мүмкін. Көрдіңіз бе, тұрғындарға, әсіресе, әйелдерге не үшін УДЗ-ның үш кезеңін өткізіп алмай, түсу керектігін түсіндірудің қажеттілігі. Өйтпегенде, ауылдың әйелдері науқандық шаруаларын бітіріп, қолы босағанда келіп жатқаны. Тоғыз айда үш рет келуге көп уақыт та керек емес. Мәселе – уақтылы келу. Сонда ғана УДЗ өзінің мақсатына жетеді.
– Бүгінде жекеменшік УДЗ кабинеттері көптеп ашылуда. Бұл өзі дұрыс жайт па?
– Бүгінде жекеменшік кабинет ашып алудың пәлендей қиындығы жоқ. Сертификат алып, жұмыс істей береді. Бірақ, удзистерге туабітті жүрек ақауын, оның дамуын, акушерлік қызметте арнайы білім қажет. Ондай маманды удзист емес, пренатолог дейміз. Яғни, пренатолог дегеніміз – жылдар бойы УДЗ-мен тек бір саланы ғана қарайтын маман. Жекеменшік кабинеттегі әріптестеріме өтінішім, акушерлік саладағы скринингтік кезеңдерді тек пренатолог маманға жіберсе деймін. Олай дейтінім, жекеменшік кабинеттегі мамандар ешқандай жауапкершілікті өздеріне алмайды. Патологиясы жайында жарытып ештеңе түсіндіріп айтпайды, өйткені, ол саланың маманы емес.
– Жалпы, жеке меншік УДЗ кабинеттерін кім бақылайды? Мәселен, арзан аппаратура сатып алып, олардың бар нәрсені жоқ деп былықтырып отыру мүмкін ғой...
– Меніңше, жекеменшік кабинеттерге скрининг кезеңіндегі жүкті әйелдерді көруге шектеу қойылып, оларды тек әйелдер консультациясында, перинаталды орталықтарда тексеруге рұқсат етілсе. Олай дейтінім, Түркістан қаласында баланың басы жоқ екендігі туылғаннан кейін ғана белгілі болған. Өкінішке орай, жүктіліктің үшінші айында ол әйел жеке клиникада УДЗ-ға қаралғанмен, олар ақауды анықтай алмаған. Міне, жоғарыда айтылған үш рет скринингтік тексеруден өтудің маңыздылығы осы жерде көрініп тұрса керек. Егер әйел екінші, үшінші кезеңде келіп, тексеруден өткен болса, мұндай сорақылық болмас еді. Бүгінде аталмыш қалада жекеменшік он-он бес клиника болғанмен, ешкімге бағынбайды. Сондықтан оларды жеке клиникалармен біріккен конференция өткізуге міндеттеуге, болмаса аудандық денсаулық сақтау департаменті деңгейінде есеп беретіндей заңнамалық базаға енгізу керек. Сонда жекеменшік кабинеттер пренаталды өлім жағдайында да, УДЗ-мен туабітті жүрек ақауын анықтау бағдарламасына да қатысып, тіпті, олармен сол аймақтың проблемасын бірігіп шешуге кірісе алады. Сондай-ақ, жергілікті жерлерде босанатын әйелдердің қай жекеменшік УДЗ-де, кімнің қарағаны, ең ақыры қандай маманға жібергеніне дейін тіркеліп, қағазға түсіріп отырса, сонда барлық статистика қолда болмақ. Міне, бұл олардың тағы да қателік жібермеуіне, тіпті лецензиясын қайтарып алуға дейін мәселе қоюға мүмкіндік береді.
– Кафедра цикл бойынша жылына қанша адам оқытады?
– Үш жүздей. Бірақ, курсанттарға қандай жағдайда да хабарласып, қажетті сауалдарын сұрап отыруларын ескертеміз. Мысалы, бас дәрігер бір датчик беріп, жүректі де, жүкті әйелді де, тамырды да қара деуі мүмкін. Ал ол мүмкін емес. Өйткені, әр мүшені қараудың өз датчигі болады. Оның біреуінің өзі 6-7 мың доллар. Сондықтан, кемі екі-үш датчик қажет. Мысалы, Түркістанда әлі күнге дейін УДЗ-де гинекологиялық аурулар мен жүкті әйелдерді қуықты толтырып, қинап қарайды. Егер қажетті белдеулікті бір датчик сатып алса, біріншіден ол уақыт, екіншіден диагностика жақсы көрінеді. Былай қарасақ, елімізде медицинаға қыруар қаражат бөлінеді. Сол бар ақшаны осы салада жалаңаш тендерге салмай, мамандарға зерттетсе, қандай аппарат қай жерде тұру керектігі шешілер еді. Бұл жерде барлығына тек қымбат аппарат қою керек деген ұғым тумау керек. Бірақ, пренаталды диагностикада екінші кезеңде мықты аппарат болуы міндетті. Міне, скринингтік бағдарламаның, кезеңдік диагностиканың негізі, түйіні осында жатыр.
– Баян Ұйсымбайқызы, осы саланы ойдағыдай жүргізуде қандай ұсыныс айтқан болар едіңіз?
– Шетелде удзистердің қауымдастығы жылына бір-екі рет жиналып, конференция өткізіп тұрады. Біз енді тіркелдік. Келешекте сол қауымдастық арқылы республиканың барлық удзистерін біріктіретін үлкен жұмысты бастасақ па дейміз. Тек кәсіби маман даярлау ғана емес, басқа да көптеген шаруалар жетіп артылады. Оның бірі конференция өткізіп, жұмысына дүние жүзіне танымал удзистерді шақыру. Мәселен, өткен маусым айында Санкт-Петербургте өткен Ресей удзистер қауымдастығының (тек акушер-гинекология бойынша) жиынына қатыстым. Онда шет елдерден, сондай-ақ Ресейдің әр аймағынан мамандар жиналды. Сонда бірқатар жаңа ғылыми тұжырымдар жасалды, енді соларды, бұрынғы білгендерімнің басын қосып, кафедрада жаңа цикл жасасам деймін. Ал удзист мамандарға қатысы жоқ, күшіміз жетпейтін жайт – ол жабдықтау мәселесі.
– Рас айтасыз, бүгінде медицинаға қыруар ақша бөлінуде. Бірақ, сатып алынатын барлық медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек тендер арқылы өтеді ғой. Тендердің басты мақсаты – ол бағаны төмендетіп алу. Ал сіздің айтуыңызша, УДЗ аппаратын сатып алуда маман кеңесі керек сияқты...
– Иә, барлық медициналық құрал-жабдықтар тендер бойынша сатып алынғанмен, кей ретте сұранысқа жауап бере бермейді. Соның салдарынан біздің мамандар қажетті аппаратураның жоқтығынан, нақты диагноз қоя алмай жатады. Рас, республикада қымбат аппаратуралар бар, бірақ қажетті жерінде тұрған жоқ. Мысалы, тендерден сатып алынған аппаратура, мәселен ол хирургияға ма, акушерлік қызметке ме, кардиологияға қажет пе, ол жағы есепке алынбай, барлық аймаққа таратылып беріледі. Ал әр облыс өз аппаратурасын, өз бағдарламасын, өз датчигін қажет етеді. Рас, кейбір жерлерге қарапайым аппаратура қою керек шығар. Олар сол УДЗ-мен әйтеуір адам ағзасындағы өзгерістің барын көрсетіп берсе, одан әрі жоғары деңгейдегі аппаратқа жіберіп, диагнозын нақтыласа. Ол үшін мұны жоғары жақтағылар аппаратура сатып алатын кезде ескеруі және оның кімге, қайда керек екенін анықтауы керек. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрежесінде ең болмағанда штаттан тыс пренатолог болса, соның сөзін тыңдап, сонымен ақылдасып отырса, көп мәселе шешілер еді. Біздің институт удзист дәрігерлерін көп бағытта дайындайтындықтан, кейде менен акушер-гинекологияны да, кардиология, кеуде белдеуін де бәрін бірге жақсы көрсететін бір аппарат жоқ па деп сұрап жатады. Жоқ, ондай мүмкіндік әзірге жоқ. Мысалы, қытайдың ұялы телефонын алыңыз, егер оған екі симкарта салсаңыз, олар жиі бұзылады. Бұл жерде де солай. Біреуі ғана мықты болады. Мысалы, Кореяның «Меdison», «2Д» аппаратын алайық. Одан жұмсақ терінің ұлпасын көре алмайсыз. Ал олардың «3Д», «4Д» аппаратында баланы қолмен ұстап тұрғандай көресіз. Оны күшейтіп, баланың іш құрылысына да кіріп, қарауға болады. Міне, сол кореялық аппарат тек акушерлік көрсетілімге ғана жұмыс істегендіктен, нәтиже өте жоғары. Бүгінде ең мықтылар қатарына австриялық аппаратты жатқызғанмен, бірақ, олар өте қымбат. Ең кем дегенде 300 мың доллар. Ал кореялық аппарат 150 мың доллар тұрады. Ал енді кейін шыққан қытай аппараты 30-70 мың доллар болғанмен, сол қымбат қондырғыдан кем көрсетпейді. УДЗ-ның ең негізгі бөлшегі – датчик. Ал олардың көпшілігіне Қытайда тапсырыс береді. Мысалы, компьютерде мишығы мықты болса, УДЗ-де – датчиктер.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.