Аймақтар • 16 Тамыз, 2017

Солтүстікте майлы және бұршақ тұқым­дас да­қыл­дардың алқабы 30 пайызға ұлғайды

681 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының астық өндірісін әр­тараптандыру тапсырмасына орай майлы және бұршақ тұқым­дас да­қыл­дардың алқабы биыл 30 пайызға ұлғайтылып, 712 мың гек­тарға жет­кізілді. Бұл − еліміз бойын­ша бұл саладағы жалпы алқаптың үштен бірі. Жа­сы­мық 2,5 есе артық себілді. Келесі жылы майлы дақылдармен бір мил­лион гектарға дейін аумақ қамты­лып, экспорттық әлеуеттің өсуін қам­тамасыз етпек. 

Солтүстікте майлы және бұршақ тұқым­дас да­қыл­дардың алқабы 30 пайызға ұлғайды

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аудандарды аралау кезінде егістік алқаптарын әртараптандырудың нарықтық қажеттілігін атап көрсетті. Бұл бағыттар бойынша атқарылған ауқымды шаралар Қазақстанның әлем бойынша жасымық өсіруден бесінші, ал оны экспорттаудан төртінші орыннан көрінуіне мүмкіндіктер бермек. Оның бір тоннасының өзіндік құны 32 мың теңгені құраса, сатылым бағасы 180-200 мың теңгеге бағаланады. Жергілікті агроқұрылымдар да майлы дақылдардың пайдасы шаш-етектен екенін түсініп, көлемін көбейтумен бірге, ала жаз бойы күтіп-баптау жұмыстарын қажетті агро­техникалық талаптарға сай атқара біл­ді. Қазіргі күні егіс танаптары маса­тыдай құлпырып, масақтары кере қарыс дәнді дақылдар көз жауын ала­ды. Жерді тиімді пайдалана білуге мем­лекет тарапынан берілген же­ңіл­дікті субсидиялардың жәрдемі ай­тар­лықтай болды. Ерте пісетін, эли­талы тұқымдар егу көрсеткіштері артты. 

Өткен жылға қарағанда, ауа райы­ның біршама қолайлы болуы Отан қамбасына мол астық құюға мүм­кіндік беріп, негізгі мақсат енді жиын-терімді ұйымшылдықпен өткі­зіп, шашпай-төкпей жинап алуға бағыт­талған. Ол үшін қажетті 75 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай­дың 45 мың тоннадайы жеткізілді. Жау­апты науқанға тоғыз мыңға жуық комбайнның қатысатыны белгі­ленсе, оның үштен бірі осы заманғы қуатты техникалар саналады. Астық қабылдайтын 50 элеватор дайын.

Бүгінде өңірде жасымыққа шалғы түсіп, жауапты науқан басталып кетті. Өнімділік жақсы. Берекелі гектарлар алда екенін ескерсек, экспорттау мөлшерінің ұлғая түсері сөз­сіз.                        

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы