Шараның ресми бөлімінде Қазақстандағы Үндістан елшісі Харш Кумар Джейн сөз сөйлеп, павильондарының күн энергия-
сына баса мән бергенін әңгімеледі. «Астанада өтіп жатқан халықаралық көрмеге Үндістан Республикасының қатысуын екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынастың көрсеткіші деп бағалау керек. Біздің павильонның тақырыбы «Күн» деп аталады және ол еліміздің күн энергиясын инновациялық қолданудағы тәжірибесін, соның ішінде әлемдегі алғашқы 100 пайыз жасыл технологиямен салынған Кочин халықаралық әуежайының үлгісін паш етеді», деді елші.
Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов Үндістан үкіметін тәуелсіздік тойымен құттықтап, кәсіпкерлерін ел нарығында белсенді болуға шақырды. «Биыл Қазақстан мен Үндістанның дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толады. Біздің байланыстарымыз экономика, энергетика, ақпараттық технологиялар, сауда, саясат, әскери техника және өзге де салаларда дамып келеді. Үндістандық кәсіпкерлерді қазақстандық экономикаға инвестиция салуға шақырамыз. Ол үшін біздің мемлекет барлық қажетті жағдайды жасайды», деді ол.
Мерекеге танымал боксшы, Азия бокс конфедерациясының басшысы Серік Қонақбаев та қатысты. ЭКСПО-2017-нің шын мәнінде орасан зор жоба екенін айтқан ол «Үндістанның бокс федерациясы стратегиялық серіктесіміз. Қазір онда бокс жоғары деңгейде дамып келеді. Тарихқа үңілсек те екі елдің ғасырлар бойы тығыз қарым-қатынаста болғанын көруге болады», деді.
Үндістанда ғылым саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде жаңғырмалы энергетикаға баса назар аударылуда. Себебі елдің ауылды аймақтарында тұратын халықты электр қуатымен қамту алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі. Сондықтан, Үндістан билігі халықаралық күн альянсын құруды жөн көрген. Мұндағы басты мақсат әлемдік энерготиімділік нарығында нормативтік-құқықтық базаны құру болып табылады. 2030 жылға дейін жергілікті үкімет баламалы энергия өндірісін 400 ГВт-ға жеткізуді көздеп отыр. Жел энергетикасын өндіруден де мемлекет әлемде көш бастап келеді. Осы жетістіктер жайында толық ақпарат ұлттық павильонда бар.