Теңіз ортасындағы провинцияның ақ маржан құмдары талайды тәнті еткен. Тропикалық жемістері тіл үйіреді. Тұнып тұрған экзотикалық аймақ Қытайдың оңтүстігінде орналасқан. Хайнань шипажайлардың арқасында былтыр ел экономикасына 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартыпты. Енді олар Астанада қазақстандықтармен әртүрлі бағыт бойынша жұмыс істеуге уағдаласты. «Бұл құжат аясында Қытаймен өзара ынтымақтастықты дамыту үшін экономиканың түрлі салаларында нақты іс-шаралар жоспарын құруды ұсынбақпыз. Алда әлі талай кездесулер өтеді. Аспанасты елінің туризмі қарқынды дамыған. Көршілердің бұл тәжірибесін зерттеп, зерделеп, оны Қазақстанға енгізу керек», дейді Қазақстан-Қытай сауда ынтымақтастығы қауымдастығының басқарушы директоры Батырбек Әубәкіров.
Хайнань туризм саласы бойынша жыл басынан бері 320 млн доллар көлемінде пайда тапқан. Қытай мәдениетімен 300 мыңнан астам турист танысса, олардың дені орыс тілді демалушылар екен. Жыл соңына дейін бұл аймаққа 20 мыңдай қазақстандық барады деп күтілуде.
Провинцияға виза ресімдемей-ақ, тікелей әуе рейсі арқылы ұшып баруға болады. Хайнань провинциясы халықтық саяси консультативтік кеңесінің басшысы Юй Сюньнің айтуынша, даму қарқыны жоғары өңірдің арнайы экономикалық аймағы да бар. Енді екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсуге бетбұрыс жасалады. Халықаралық көрме аясындағы Хайнань провинциясының күндеріне орай Қытайдан жиырмадан аса кәсіпкер келді. Олар медицина, ауыл шаруашылығы, туризм салалары бойынша жаңа байланыстар орнатуға ниетті.