– Алик Серікұлы, еліміздегі индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қалай?
– Елбасының тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың ішіндегі ел экономикасының дамуына тың серпін беретін дәл осы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы екені анық. Сондықтан, бағдарламаға барынша жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіліп, қомақты қаржы да бөлініп келеді. Тиісінше, жетістіктер де аз емес. Мысалы, бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында 4,7 трлн теңгенің 1 056 жобасы енгізіліп, 98 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, бағдарлама жобалары 8 трлн теңгенің өнімін өндірді. Кейінгі жылдарды айтар болсақ, мәселен, 2016 жылы 2,2 трлн теңгенің өнімі шығарылған екен. Ал Индустрияландыру картасына енгізілген жобалар орта есеппен алғанда ай сайын 180 млрд теңгенің өнімін өндіріп отырған. Бұл түсінген адамға аз көрсеткіш емес.
Тағы бір айта кететін жайт, картаға енгізілген жобалар бұрын Қазақстанда өндірілмеген 500 жаңа өнім түрін игерді. Олардың қатарында жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автокөліктер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратуралары, жарық-диодты шамдар, титан құймалары мен слябтар, дәрілік заттар, сүт өнімдері және тағы басқалар.
– Айтқандай, биылғы жылдың басында кеңейтілген Үкімет отырысында Мемлекет басшысы ИИДМБ аясында кейбір келеңсіздіктердің де барын айтып, Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған 72 кәсіпорынның тоқтап тұрғанын сынға алған еді. Бұл кәсіпорындардың қазіргі жағдайы қалай?
– Сұрағыңызға рахмет. Мен сізге мәселені мейлінше түсіндіріп өтейін. Индустрияландыру бағдарламасы қолға алынғаннан бері 1 056 жобаның жүзеге асқанын жоғарыда айтып өттім. Егер, мәселеге терең үңілетін болсақ, керек десеңіз дүние жүзіндегі кез келген дамушы немесе дамыған елдерде болсын дәл осындай жобалар бірден аяққа тұрып кете алмайды. Өйткені, бұл нарықтық экономиканың заңы. Мыңдаған жоба ашылуы мүмкін, бірақ соның бәрі жұмысын ойдағыдай жалғастырып кетеді деу өте қиын. Егер мына 72 кәсіпорынды жүзеге асқан 1056 кәсіпорынға шағатын болсақ, бар жоғы 7 пайызы ғана екен. Ендеше, бұл жерде өте күрделі мәселе жоқ екенін түсіну қиын емес деп ойлаймын. Сондай-ақ, 1056 жобаның басым көпшілігі жеке инвестициялар арқылы жүзеге асқанын айта кеткеніміз жөн. Иә, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Индустрияландыру картасы аясында іске қосылып, тоқтап тұрған немесе жүктемесі төмен 72 жобаның жүктемесін ұлғайту, қызметін жандандыру бойынша тиісті шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді. Соған орай, тоқтап тұрған кәсіпорындар қызметін жандандыру мен төмен жүктемедегі жобалардың жүктемесін ұлғайту мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен, сондай-ақ өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, әрбір жобамен жұмыстар жүргізді.
Қазіргі уақытта 64 жоба бойынша қадамдық іс-шара жол карталары бекітілді. Бүгінгі таңда осы жол картасы негізге алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ал 8 жоба жұмысын тоқтатты. Олар бұдан әрі қарай жұмыс істей алмайды. Өйткені, оның шикізат тапшылығына қатысты, жаңа экономикалық талаптарға төтеп бере алмау сияқты бірқатар себептері бар.
Айта кету керек, бір жыл ішінде жобаларды 50 пайыздан жоғары жүктемеге шығару жөнінде арнайы шаралар қарастырылып отыр. Сонымен қатар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «КамАЗ Инжиниринг» АҚ, жүйе құрушы кәсіпорындармен және жер қойнауын пайдаланушылармен ұзақ мерзімді меморандумдар және келісімшарттар жасау, экспорт нарықтарын іздеу және экспортты жылжытуда жәрдемдесу, стратегиялық серіктестер мен инвесторлар іздеу сияқты шараларды іске асыру қолға алынды.
Жалпы алғанда, Индустрияландыру картасы жобаларының жүзеге асырылуы Инвестициялар және даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктерінің, облыстар, Алматы мен Астана қалалары әкімдіктерінің тұрақты бақыла-
уында болады.
– Ал биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша қандай салаларда өсім байқалды?
– Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өңдеу секторындағы нақты өсім 6,5 пайызды құрады. Оның ішінде металлургия 7,9 пайызға, мұнай өңдеу 7,2 пайызға, құрылыс материалдары өндірісі 3,7 пайызға, фармацевтика 34,6 пайызға, машина жасау 3,8 пайызға өскен. 2017 жылдың қаңтар-наурыз айында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 11,8 мың АҚШ долл./адам болды. 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты өсім 5,3 пайызға артты. Бұдан бөлек, 2017 жылдың қаңтар-сәуірінде өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,8 пайызға артып, 4,7 млрд АҚШ долларын құрады. Өсім металлургияда 1,2 есе, кокс пен мұнай өнімдерінің 1,8 есе және химиялық өнеркәсіп өнімдерінің 1,5 есе өсуіне байланысты артып отыр. Осы арқылы өңдеу өнеркәсібі экспорт құнының жалпы үлесі 86,1 пайызды құрады. Биылғы бес айда өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 303,1 млрд теңгені құрағанын да айта кеткен артық болмас. Кокс пен мұнай өңдеу өнімдері өндірісінің қарқынды өсуі нәтижесінде өңдеу секторындағы инвестиция көлемі еселенді.
Бұл көрсеткіштердегі өсім динамикасын жыл соңына дейін жалғастыратын болсақ, саланың даму қарқыны еселене бермек.
− Сонда өзі бірінші жартыжылдықта қанша жоба іске қосылып отыр?
− Биылғы бірінші жартыжылдықта 25,7 млрд теңгеден астам сомаға 31 жоба іске қосылды және 1,7 мың жұмыс орны ашылды. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын іске асыруда 1,7 трлн теңгенің 258 жобасы енгізіліп, 21 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылған маңызды жобалардың қатарында Атырау облысындағы «Жігермұнайсервис» ЖШС роботтық дәнекерлеу әдісін қолданатын металл құрылғылары өндірісі ұйымы, Жамбыл облысындағы құрғақ құрылыс қоспаларын, жұқа ұнтақталған толықтырғыштар мен гипс өндіретін «Alina Holding» ЖШС зауыт кешен құрылысы бар.
– Келесі жартыжылдыққа да жоспар ауқымды шығар?
– Кез келген шаруа үлкен жоспармен қолға алынатынын жақсы білесіз. Сондықтан, бағдарлама дайындалған кезден бастап іске асырылуы тиіс негізгі жобалар жоспарланады. Сол сияқты биылғы жылдың соңына дейін тағы қанша жобаны енгізетініміз жоспарланған. Мәселен, 2017 жылдың екінші жартыжылдығында жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 100 жобаны қолға алмақпыз. Жобалар іске асқанда 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Бұлардың қатарындағы 40 жоба шетелдіктердің қатысуымен іске аспақ. Мұндағы маңызды жобалардың қатарында Павлодар облысындағы темір жол доңғалақтарын өндіретін кешен «Проммашкомплект» ЖШС және «Giessenhaus» ЖШС қосындыланған алюминий ұйымы, Алматы облысының Қапшағай қаласындағы азық-түлік өндіретін зауыты «Мареван фуд» ЖШС бар.
Сонымен қатар, Индустрияландыру картасынан тыс арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтарда жалпы құны 280 млрд теңге болатын шамамен 100-ден астам жобаны іске асырып, 6800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
− Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»