Жалпы, аталмыш бағдарлама бойынша осы жылы Қызылорда қаласына 3 754,7 миллион теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға жаңағы айтқан екі үйдің құрылысы басталды. Былтыр Қызылорда –Жезқазған күре жолының бойынан 980 гектар жерге инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар жасалды. Жолын төсеп, жарығын орнатып, газын есігінің алдына, суын төріне жеткізіп бергеннен кейін оны жер кезегінде тұрған, баспана салуға мұқтаж адамдарға таратып берді. Бұрынғыдай бос жатқан жерді бере салып, қарап отыратын заман емес қазір. Себебі, халық үй салғаннан кейін, сусыз, жолсыз, жарықсыз, газсыз отыра алмайды. Сосын не істейді? Атқарушы биліктің есігін тоздырады. Жүдә болмаса, баспасөзге шығып, жанайқайын жеткізеді.
Әйтеуір, ол істің соңында бір шу бар. Ал қазір барлық инфрақұрылымды жасап, дайын күйінде тапсырады. Оған «Бәйтерек» шағын ауданы деп айдар тағып, ат қойдық. Енді биыл берілген ақшаның есебінен «Бәйтеректе» берілген жердің сыртқы кәріз жүйелері жасалуда. Яғни, халыққа тек баспанасын салу ғана қалады. Ал оған жаңағы айтып отырған «Нұрлы жер» бағдарламасының көмегі ересен.
Бұдан бөлек, бөлінген қаржыға бұрын салынып, бүгінде әбден ескірген тұрғын үйлердің ауласын көркейтіп, ауыз су мен кәріз судың құбырларын, жылу жүйесін, газбен қамту, телефон мен электр желілерін жаңарту, жаңғырту қолға алынған.
Осындай ауқымды жұмыстардың және мемлекеттік бағдарламалардың арқасында Қызылордаңыз қарқынды құрылыс алаңына айналып отыр.
Соның нәтижесінде соңғы 4 жыл көлемінде жаңадан 11 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық халық жаңа пәтерге ие болды. Ауыз толтырып айтсақ айып па?! Әрине, айып емес. Қайта мақтанып, марқайып айтатын жаңалық.
Енді «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында не істеліп жатқанына тоқталайық. Бұл бағдарлама бойынша барлығы 27 жобаға 3 миллиард 44 миллион теңге бөлінген. Келген қаржыға 34,4 шақырым ауыз су мен 7,7 шақырым кәріз жүйелерін жаңғырту қолға алынды. Сонымен қатар, 7,8 шақырым сервистік желілер жаңартылып, 224 дана су есептегіш құралдарын орнату да көзделген. Қаланың қай көшесіне қанша қаржы бөлінгені туралы ақпарат қолымызда тұр. Қарап шықтық. Ұзын-сонар тізімді жариялаудың өзі біраз орынды алмақ екен.
Жалпы айтқанда, соңғы 5 жылдың ішінде Қызылорда қаласының ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 15 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылды. Қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы осындай ірі жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Қызылжарма жер асты су кені арқылы 98 су ұңғымалары іске қосылып, қала халқы толығымен таза, жер асты ауыз суын тұтынуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған бірден бір қала – Қызылорда! Сондай-ақ, былтырғы оқу жылында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Тасбөгет кентінде 300 орындық жаңа мектеп, қала орталығынан 280 бүлдіршінге арналған балабақша пайдалануға берілді. Осының бәрі елдің пайдасы ма? Әлбетте!
Осы арада Қызылорданың жылу жүйелерінің жағдайы жайында да айтпай кетуге болмайды. Өйткені, бұған да аталмыш бағдарламаның септігі бар. Қаладағы жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы 5 жылда 8 миллиард теңгеден астам қаржыға қаладағы 60 пайыз магистралды жылу желілері жаңартылды. жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 миллион 100 мың теңге қаралған. Оның ішінде «Қызылорда жылуэлектр орталығы» МКК есебінен 139 миллион 500 мың теңге болса, Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы 764 млн 600 мың теңге берілмек.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА