Аймақтар • 16 Тамыз, 2017

Парламент депутаттары Жуалы ауданының ахуалымен танысты

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев пен Сапархан Омаров жұмыс сапарымен Жуалы ауданында болды.

Парламент депутаттары Жуалы ауданының ахуалымен танысты

Депутаттар әуелі күн көзінен қуат алатын «Бурное Солар-1» стансасына барды. Жобаға салынған жалпы инвестиция құны 122 миллион АҚШ долларын құрайды. Орталық Азиядағы ең ірі станса құрылысын «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС британдық UG Energy Limited компаниясымен бірге жүргізген. Сондай-ақ, сапар барысында депутаттар «Гамбург» шаруа қожалығының жұмы­сымен танысты. Аталған шаруа қожалығының қарамағында 2500 гектар жер бар. Мұнда ірі қара мал жайылып, жем-шөп дақылдары өсіріледі. Шаруашылық күн сайын 10 тонна сүт өндіреді. 

Содан кейін депутаттар аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына кіреберіс беткейде орналасқан «Жуалы ауданының құрметті азаматтары» аллеясында болды. Аталған аллея тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай пайдалануға берілген. Аллеяға баратын баспалдақтың қақ ортасына алып кітап бейнесі орнатылған. Оның оң жақ бетіне Тәуелсіздіктің 25 жылдығының кескіндемесі, сол жақ бетінде «Жуалы ауданының құрметті азаматтары» деген жазу бар. Құрметті атақты иеленген 148 азаматтың әрқайсысы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып келеді. 
 Бұдан кейін депутаттар аудан орталығындағы «Бурное» сүт компаниясына барып, оның жұмысымен танысты. Бүгінде аталған кәсіпорын күніне 25 тонна сүт қабылдап, одан ірімшіктің бірнеше түрін, сүт, тағы басқа өнімдер өндіреді. Мұндағы жұмыстың барысын компания директоры Ә.Пошқаев кеңінен тарқатып айтты. 

Содан соң, халық қалау­лы­лары «Агроазық-түлікнан­мен­жаб­дықтау» ЖШС-ның жұмы­сымен танысып, Б.Момышұлы ауылының тұрғындарымен кездесті. Осы орайда Б.Ертаев пен С.Омаров Бауыржан Момышұлы атындағы мемориалдық музейге де арнайы барды. Музейдің ғылыми қызметкері Ұ.Исмаилова депутаттарды жәдігерлермен таныстырып, батырдың өмірінен тың мағлұматтар берді.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан» 
Жамбыл облысы