Қазақстан • 16 Тамыз, 2017

Академияға қабылдау тәртібі өзгерді

394 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдауға қойылатын талаптар түбегейлі өзгерді. Енді үміткерлер үш кезеңнен тұратын жаңа жүйе бойынша емтихан тапсырады.

Академияға қабылдау тәртібі өзгерді

Академияның оқу жұмысы және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-ректоры Әлтаир Ахметовтің пікірінше, үміткерге қойылатын талаптар қазіргі заман ағымына лайық же­тіл­дірілген. Ол мұндай жүйені Назарбаев университетінен кейін екінші болып қабылдап отырған Мемлекеттік басқару академиясы екенін айтады. 

«Жаңа жүйе арқылы білім алуға ынталы мемлекеттік қызметкерді таңдауға мүмкіндік мол. Қазіргі қабылдау емтиханы үміткермен тікелей жұмыс істеуге, оның қарым-қабілетін бағамдауға өте қолайлы», – дейді Әлтаир Ахметов.

Мемлекеттік басқару академия­сын­дағы білім жүйесі де, бағалау да айтарлықтай өзгертілген. Оқу жылы барысында студенттер шетелге барып, ондағы мемлекеттік қызметкерлердің тәжі­ри­бесін үйреніп қайтады. Сондай-ақ, олар­дың еңбектерін бағалау түрлі деңгей­лерде жүргізіледі. Әлтаир Ахме­товтің айтуынша, жаңа жүйе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 15-қадамын жүзеге асыру бойынша жа­салып жатыр. 

Академияға оқуға түсу үшін үміткер үш кезеңнен тұратын емтиханнан өтеді. Ең әуелі қажетті құжаттарымен бірге екі шығарма қосып тапсырады. Бірінде ынталандыру жөнінде эссе жазса, келесі шығарманың тақырыбы мамандыққа байланысты. Осы арқылы үміткердің талдамалық және сыни ойлау қабілеті анықталады. Шығармаларды екі сарапшы бағалайды екен. Оларға тексерілетін шығарманың авторы туралы ақпарат берілмейді. Екі сарапшының бағалауындағы айырмашылық өте үлкен болса, шығарманы үшінші сарапшы тексеретін көрінеді. Қорытынды нәтиже содан кейін шығады. Ал  шығарма жазуға керекті ақпараттың бәрі академия сайтында тұр.

Екінші кезеңде үміткердің ағылшын тілін білу деңгейі анықталады. Әлтаир Ахметов қазақ тілі мен орыс тілі күн­де­лікті қолданыста екенін, халықаралық тіл – ағылшын тілі таңдалғанын айтады. Бұл кезеңде APTIS тіл бағалау жүйе­сі таңдалған. Тесті өткізу құзы­реті толықтай British Council-ға сеніп тапсырылыпты. Компьютер арқы­лы жүр­гізілетін бұл емтиханның қорытындысы Лондонға жіберіліп, нәтиже 72 сағаттан кейін белгілі болады. Әйтсе де, бұл кезеңнің ерекшелігі бар. Егер үміткер бұған дейін IELTS, TOEFL не APTIS тапсырып, оның нәтижесі талапқа сай болса, олар бірден келесі кезеңге өтеді. Со­ны­мен қатар, Назарбаев универси­теті» секілді білім беру жүйесі ағылшын тіліне негізделген жоғары оқу орын­дары түлектерінің екінші емтиханды тапсыруы міндетті емес.

Үшінші кезеңде арнайы комиссия мүшелері үміткермен бетпе-бет әң­гімелеседі. Онда талапкердің кәсіби, талдамалық, коммуникативтік және тұлғалық қасиеттері бағаланады. Сұхбат еркін форматта, үміткер қалаған тілде өтеді. Алайда ол қалған екі тілдегі сұрақтарға да жауап беруге міндетті. Әлтаир Ахметовтің айтуынша, комиссия құрамына Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік кеңесі, қала әкімдері секілді құзырлы мекеме өкілдері кіреді. 

Басқару академиясына оқуға қабыл­дау 10 мамандық бойынша жүргі­зілді. Биыл магистратураға 120, доктор­лыққа 12 грант бөлініпті. Бұдан бөлек, оқу орнында ақылы түрде де білім алу­ға мүмкіндік жасалған. Бүгін­де Қыр­ғызстан, Тәжікстан және Моңғо­лия секіл­ді елдердің мемлекеттік қыз­мет­керлері академияда тәжірибесін жетіл­діруге ниет білдіріп отыр. Мемлекеттік бас­қару академиясына биыл оқуға қабылданғандар алдағы аптада белгілі болады. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»