14 Қазан, 2011

Каддафидің ұлы ұсталмаса керек

352 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ливияның ұлттық өтпелі кеңесінің өкілі елдің экс-президенті Муаммар Каддафидің кенже ұлының ұсталғаны туралы ақпаратты теріске шығарды. Бұған дейін Мутассим Каддафидің әкесінің туған қаласы – Сиртта қолға түскені туралы хабар тараған болатын. Ұлттық өтпелі кеңес өкілінің сөзіне қарағанда, шынында Сирт төңірегінде Мутассим Каддафиге жақын адамдар ұсталған. Бірақ оның өзі қолға түспеген. Және оның дәл қазір қай жерде жасырынып жүргені де белгісіз. Бүгінде ұлттық өтпелі кеңес Ливияның Бани-Валид қаласынан басқа аумақтың бәріне өз бақылауын жүргізіп отыр. ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ САҚТАУҒА КЕҢЕС БЕРДІ АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон президент Барак Обамаға Вашингтонның БҰҰ-ны қаржыландыруға қатысуын шектейтін заң жобасына вето қоюды ұсынды. Өйткені, дейді мемлекеттік хатшы, заң осы күйінде қабыл­данып кетсе, АҚШ-тың ұлттық қауіп­сіздігіне қатер төнеді. Қазіргі кезде Құрама Штаттар БҰҰ бюджетінің төрттен үшін бір өзі қаржыландырады. Сондықтан да аталған ұйым көп жағдайда АҚШ-тың айтқанынан шыға алмайды. Х.Клинтонның ұлттық қауіпсіздікке қатер төнеді дегенде осыны меңзегені  күмәнсіз. Осы себепті Ақ үйдің заң жобасының ескі нұсқасында қабылдануына жол бермейтіні түсінікті. ПУТИНДІ ҰСЫНАТЫН УАҚЫТ БЕЛГІЛЕНДІ «Единая Россия» партия съезінің екінші бөлігін 27 қарашада өткізуді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде «ЕР» бас кеңесі төралқасының хатшысы Сергей Неверов мәлімдеді. Осы съезде партия серкесі Владимир Путин Ресей президенттігіне ресми түрде ілгерілетілетін болады. Ресей президентін сайлау шамамен 2012 жылдың 4 наурызына белгіленбек. Ал Ресей үкіметінің қазіргі төраға­сының президенттік сайлауға түсетіні 24 қыркүйекте-ақ белгілі болған еді. Съездің бірінші бөлігінде іс басындағы президент Дмитрий Медведев үкімет төрағасының пайдасына президенттікке түсуден бас тартқан болатын. ҚАРА НӘСІЛДІ СУЫРЫЛЫП АЛҒА ШЫҚТЫ Қара нәсілді кәсіпкер Херман Кейн АҚШ-тың Респуб­ликалық партиясынан президенттікке кандидат­тық күре­сінде көшбасшы орынға көтерілді. Елдегі белгілі телеарна сайтында жарияланған соңғы сұрау салулар нәтижесі осылай деп отыр. Х.Кейнге алдағы праймеризде республи­кашылардың 27 пайызы өз дауыстарын беруге әзір екендіктерін мәлімдесе, Массачусетстің бұрынғы губернаторы Митт Ромниге – 23 пайыз, Техас губернаторы Рик Перриге – 16 пайыз, конгрессмен Рон Полға 11 пайыз дауыс берілмекші екен. Ал мұның алдындағы сұрау салулардың қорытын­дысында Ромни мен Перри көш басында тұрған болатын. БУШТЫ ТҰТҚЫНДАУҒА ӨТІНІШ ЖАСАДЫ «Халықаралық амнистия» құқық қорғау ұйымы Канада басшылығына АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Бушты тұтқындауға өтініш жасады. Құқық қорғаушылардың пікірінше, Буш адам құқын бұзып, ОББ-ға тұтқындағыларды азаптау тәсілдерін қолдануға тапсырма бергені үшін жаза тартуы тиіс. Құқық қорғау ұйымы халықаралық қоғамдастық Бушты жауапкершілікке тартуы тиіс деп санайды. Өйткені, АҚШ басшылығы мұндай қадамнан бас тартып отыр. Ал Құрама Штаттардың бұрынғы президенті 20 қазанда Суррей қаласында өтетін экономикалық саммитке қатысу үшін Канадаға келуі тиіс. Үстіміздегі жылдың ақпанында осындай талап салдарынан Буш Швейцарияға сапарынан бас тартуға мәжбүр болған еді. ӘЙЕЛІ – ҚАРАПАЙЫМ ОТБАСЫНАН ШЫҚҚАН ҚЫЗ Африкадағы Бутан деген шағын ғана мемлекет бұған дейін томаға-тұйық тіршілік кешіп келген-тін. Соңғы кездері ол халықаралық қоғамдастыққа аздап болса да ашыла бастады. Осының айғағындай, Бутан королі Джигме Кхесар Намгьял Вангчуктің қарапайым отбасынан шық­қан қызға үйленгені белгілі болып отыр. Вангчук әлемдегі тәуелсіз мемлекеттер ішіндегі ең жас монарх болып табылады. Ал келіншегі қарапайым отбасынан шыққан дегенде, қайын атасы кәдімгі ұшқыш көрінеді. Джетсун Пеманың өзі болса студент екен. Корольдің жасы 31-де, келіншегінікі 21-де. Храмдағы үйлену салтанаты ұлттық телевизия арқылы бүкіл елге көрсетіліпті. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін король мен патшайым бал айы саяхатына аттанбақшы. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимо­шенконың Ресейдің «Газпром» компаниясымен келісім-шарт жасасу кезінде өз өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен жеті жылға сотталғаны белгілі. Оның қызы Евгения Карр мұны «техникалық қателік» және «кек қайтару актісі» деп мәлімдеп, анасының жақын арада бостандыққа шығатынына сенім білдірді. «Единая Россия» Мемлекеттік думаға сайлауда кем дегенде 65 пайыз дауыс жинау туралы тапсырма алды деген әңгімені теріске шығарды. Мұның алдында президент әкімшілігі тарапынан губернаторларға сайлауда «ЕР»-ны кем дегенде 65 пайыз дауыс­пен қамтамасыз етесіңдер деген тұрғыда тапсырма берілді деген хабар тараған болатын. Арменияда 12 қазанда халық санағы басталды. Ол 21 қазанға дейін созылады. Бұл елдегі КСРО ыдырағаннан бергі екінші жалпыхалықтық санақ болып табылады. Санақтың тұтас­тай қорытындысы келер жылдың күзінде жарияланады деп күтілуде. Ал 2001 жылы жүрген соңғы санақта Армения халқының саны 3 миллион адамды құраған болатын. Берлиннің батыс жағындағы темір жолдарға белгісіз біреулер қайта-қайта бензиннен жасалған жарылғыш бомбалар қойып жатыр. Соңғы күндері неміс астанасында және Бранденбург темір жолында осындай бірнеше оқиға тіркелді. Жарылыс сал­дарынан Берлин мен Ганновер және Вольфсбург қалалары аралы­ғында қатынайтын  пойыздар жүрмей қалды.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.