Руханият • 16 Тамыз, 2017

Торғайдың күрең торы тобылғысы

781 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қос ғасырдың тоғысы – 2000 жылдың қоңыр күзі. Жұмыстан ертерек шығып, көше бойлап келе жатырмын. Қарсы алдымдағы қалың нөпірдің арасынан – басында жиегін қара мақпалмен ызған қарқарадай қырғыздың ақ қалпағы, тәлпіш-танау, жүзі сүрлене тотыққан қара сұр адам жолықты. Бір жерден көрген сияқтымын... Мен де ежірейіп қарадым, ол да ежірейіп өте шықты. Тоқта! Мынау әлгі сатирик-сықақшы, этнограф-зерттеуші Сейіт Кенжеахметов емес пе?! Дәл өзі!

Торғайдың күрең торы тобылғысы

Айналып артыма қарасам, Секең әудем жерге барып та қалған екен: «Ау, Секе! Сейіт аға!» деп айғай салдым. Жарықтық жалт қарады. Бардым. «Сіз Сейіт аға екенсіз ғой...». «Енді кім деп едің, маймыл деп қалған жоқсың ба?». Күліп жібердім де, құшақтай алдым... Сейіт Кенжеахметовпен осылай танысқан едік. Кейін ағадан бірнеше мәрте сұхбат алдым. Қойған сұраққа ешқашан үстірт жауап бермейді. Тереңнен толғайды. Білмейтіні жоқ. Ақын Ғафу Қайырбеков осы інісі жайлы:
Ақынсың жасың кіші, 
жолың кіші,
Әрқашан бірге ұшушы ед
 көңіл құсы,
Жастығын сағынғанда 
жолыққайсың,
Торғайдың күрең торы 
тобылғысы – 
десе, шоң ақын Сырбай Мәуленов көкесі: «Қыр елінің Крыловы», этнограф Нұрсан Әлімбай «көшпелі энци­клопедия» деген екен. 

Сейіт ағаның тектілігі туған топырақтан, ата-ана тәрбиесінен дарыған. Сонау бір колхоздастыру жылдары әкесі Кенжеахмет ұжым­дық шаруашылық бастықтарының бірі бопты. Міндеті шөп-жем таратады. Алған үлесіне риза болмаған туған ағасы Кенжеахметті қамшы­ның астына алып, боқтап сабайды. Кенжекең ләм демейді. Ағасы кеткен соң, «е, сабаса өз інісін сабады, боқтаса өз інісін боқтады менің нем кетті» деп қасқайып тұра беріпті. Сейіт ағаның әкесі соғыстан оралмаған. Ақселеу ағамыз айтпақшы, Секең жесір анасының етегіне оралып жүріп ержеткен бейбақ.

Ал, анасы керемет адам бопты. Тіпті, жасы жет­піс­ті жиектеген тұста Сейіт аға өзінің анасы туралы айтқанда егіліп отыратын.. Ана­сының аты-жөні – Сәлима Смайылқызы. 1904 жылы туған. 1881 жылы Торғайда Ыбырай Алтынсарин ашқан қыздар мекте­бінде орысша білім алған. Кейін Қазан қаласында медресе бітірген. Кеңес үкіметі орнағанда ауылда мұғалім болған. 1936 жылы әмеңгерлік жолмен қайнысы Кенжеахметке қосылған... 
Күйеуі соғысқа аттанған соң бір жасар жалғыз ұлы Сейітті құндақтап алып, үкіметтің тапсырмасы бойынша елден май жинайтын агент болыпты. Құндақтағы кішкентай Сейітті мүсіркеген ел «әкесі жақсы адам еді» деп бір қасық май артық береді. – Мен сол маймен жан бағыппын, – деуші еді Секең. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, соғыстың соңын ала ел ішін қызылша ауруы жайлайды. Жас балалар қынадай қырылады. Секең айтады: – Көршінің өзім қа­тарлас ер баласы, «әй, Сейіт, мына қара жер мені тартқалы жатыр» деп қолындағы шыбықпен топырақты сабалап отырып жүріп кетті. Мен де төсек тартып жатып қалдым. Анам жарықтық, қат­ты қайғырды. «Құдай-ау, жал­ғыз ұлым өлсе, Кенжеахметтің ша­ңырағы иесіз қалады-ау» деп еңірейді. Содан әлі есімде, анам­ның бұрынғы күйеуінен бір қызы және менің жалғыз қарындасым бар-тын. Екеуін менің екі жағыма жатқызды. Содан менің аман қалуымды тілеп Жаратқанға жалбарынды. О, құдірет, таңертең оян­сам екі жағымда жатқан апам пен қарындасым қайтыс боп кетіпті. Кешікпей аурудың беті қайтып құлан-таза жазылдым...

1948 жылы «әйелдерді басшы қызметке тарту» жайлы жоғары жақтан нұсқау келіп, соның нәтижесінде, Сәлима апамыз «Тамқамыс» колхозында басқарманың орынбасары болады. 1949 жылы «ақ қоян» жұт болыпты. Колхоздың ұзын ала биесін мініп, малшы-қосшыларды аралап ауылға түнделетіп келе жатқан Сәлима апамызды үйірлі қасқыр қоршайды. Иен дала, боран ұлып тұр. Аш қасқырлар да ұмтылады, апамыз да аттың басын жіберді. Ұзын ала бие жолға жел әкеп үйген қасат қарды бұрқыратып тартып келеді. Қасқырлар да қалар емес. Артына бұрылып қараса, көк сұр арлан тақап-ақ қалған екен. Жалма-жан бөктергідегі елтірі ішікті шешіп алып лақтырады. Аш бөрілер ұмар-жұмар тері ішікті жұлмалап сәл тыныстайды да, ала биеде өші қалғандай тіпті өршеленіп ұмтылады. Қасқырлар өкшелеп келіп қалғанда астындағы көпшікті лақырады. Қолында не бар соның бәрін бір-бірлеп лақтырып отырады. Жарықтық ала бие кісінеп қойып тартады. Сөйтіп, ауылдың шетіне ілінеді. Қасқырлар қала береді. Артынан анасы айтады екен: – Аш қасқырдан аман қалам деп ойлағам жоқ. Жаным қысылғанда шырылдаған жалғыз ұлым, Сейітім есіме түсті, – деп.

Арада апта өткенде, Сейіттің анасын аудандық партия комитетінің бюросына шақыртып мәселесін қарайды: «Сәлима Смайылқызы колхоздың малын зорықтырып мініп, ала биеге құлын тастатқан». Мусин деген бюро мүшесі қолындағы пистолетін шошаңдатып «соттау» керек деп дікеңдейді. Сәлима апамыз: – Мен заңға бағынам, соттаңдар, бірақ жалғаз өтінішім бар, түрмеге мына жалғыз ұлымды ала кетемін, – депті етегіне оралып тұрған он жасар Сейітті көрсетіп. Жиынды басқарып отырған адамның: – Жаныңнан бір елі тастамайтындай ұлыңда не қасиет бер, – деген сұрағына апамыз: – Бұл бала тек мені емес ертең елді асырайды, қазақтың дәстүрін құрметтейтін, салт-санасын ардақтайтын азамат қып өсіргем. Сондықтан ешқашан жанымнан тастамауым керек!!!

Апамыздың сөзін естіген бюро мүшесі Зейнолла Данияров деген кісі: «Ау, ағайын, егер де ала биені осы адаммен қосып қасқыр жеп кетсе кімді соттаймыз» дегенде барып басқасы тынышталыпты.

Осы әңгімелерді айтып болып, Сейіт ағамыз көзінің жасын сүртетін. Содан кейін әйелім мен анамның бір-біріне қабақ шытқанын көрмедім, дейтін. Анасы 1981 жылы ақпан айында таңғы намазын оқып болып, қасына жалғыз ұлы Сейітті шақырып алып: «Балам бұл заманда елге дерт болып жабысқан екі пәле бар. Бірі – арақ, бірі – шылым. Арақ – ақылыңды аздырады, шылым – тәніңді тоздырады. Осы екеуіне жолама!» деген де иманын үйіріп бақиға аттанған.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
 СУРЕТТЕ: Сейіт ағаның отбасы