Аймақтар • 16 Тамыз, 2017

Ақтөбеде спирт өндірісінің қалдықтарын жою қатаң бақылауға алынды

477 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында спирт өндірісінің қалдықтарын залалсыздандыру бойынша жаңа жүйе пайдаланылады.

Ақтөбеде спирт өндірісінің қалдықтарын жою қатаң бақылауға алынды

Соңғы кездері Ақтөбе қаласының тұрғындары ауада жағымсыз бір иістің пайда болғанын байқап жүр. Оның түп-төркіні бірінші кезекте «Максимус» ЖШС секілді облыс орталығындағы лекор-арақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың қызметіне қатысты туындап отыр. Алғашқы бақылаулар мен тексерулер қаланың кәріз жүйесіне төгілетін спирт өндірісінің қалдықтары осындай теріс құбылыстың орын алуына негіз қалайтынын анықтап берді. Оны облыстың бас экологы Жақсығали Иманқұлов та жоққа шығармайды. Яғни, техникалық тілде «фугат» деп аталатын сұйық қалдық тазартылмаған қалпында кәріз жүйесі суларымен араласып кеткені жөнінде де нақты байламдар бар.

Зауыт басшылары оны жою мақсатында алдын-ала қайнатылып, буландырылатын француздық жүйе пайдаланыла бастағанын айтып берді. Олардың мәлімдеуінше, мұндай жағдайда спирт өндірісі қалдықтарының мөлшері әжептәуір азаяды екен. Келесі кезекте оның қалған бөлігіндегі зиянды заттарды залалсыздандыру үшін арнайы препараттар қолданылмақ. Бұл кезде қалдық арнайы жабық орында тұндырылады. Тек содан кейін ғана кәріз жүйесіне жіберіледі дейді олар. Мұндай тазартудан кейін фугат экологияға зиянды әсерін тигізбейтін көрінеді. Бүгінгі күні қалалық кәріз жүйесіне төгілетін қалдықтардан сынама алу жұмыстарын жүргізу белгіленген, алдағы уақытта мұндай тексерулер «Ақбұлақ» АҚ арқылы әр 10 күн сайын жүргізіліп, сараптау қорытындылары жарияланып тұрмақ. Мұндай тәртіп Ақтөбе қаласындағы спирт өндірісімен айналысатын барлық кәсіпорындарға ортақ болып табылады.

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе