«Түркілер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішілік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиетке ие» деген екен М.Қашқари. Біз сол түркі жұртының ұрпағымыз. Түркі әлемін, Мағжан Жұмабаев айтқан Тұран жұртын төрткүл дүниеге танытқан бірегей азамат, ол – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров.
Қазақтың жер бетіндегі батырлығы мен батылдығы қай ғасырда да көре білген адамдарға мәлім. Өткен ғасырдың ортасына қарай басталған бес жылдық сұрапыл соғыста ұлтымыздың ұлы мен қыздары ұлы жұрттың ұрпағы екенін танытты. Еңбекте де ерен ерліктерін көрсетті. Енді ғарыш әлеміне қазақ ұлы қашан ұшар екен деп жүргенде, сол асқақ арман Тәуелсіздігіміздің қарсаңында, 1991 жылдың 2 қазанында орындалды. Бүкіл болмысы қазақтың даласына қарай баласы да осындай дейтін тұлғалы Тоқтар Оңғарбайұлы ғарышқа қанат қақты. Міне, сол күнгі шадыман-шаттықтан бері де 20 жыл өте шығыпты. Осыған орай, елордадағы «Тұран-Астана» университеті «Тоқтар Әубәкіров: тар жол, тайғақ кешуден – ғарышқа!» атты ғылыми конференция ұйымдастырды. Бұған ұйытқы болған аталмыш оқу орнымен қатар, «Тұран» университеті, «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялық зерттеу орталығы» АҚ, Шаруашылық философиясы академиясы (Ресей), Н.А.Некрасов атындағы Кострома мемлекеттік университеті (Ресей), М.Ломоносов атындағы ММУ-нің қоғамдық ғылымдар орталығы, т.б.
Конференцияны «Тұран-Астана» университетінің ректоры Гүлжамал Жапарова ашып, қазақ ғарышы туралы толғамдық ойларын ортаға салды. Ал профессорлар: О.Әлиев, М.Ғабдуллина, В.Жүнісәлиев, доценттер: Г.Әбдікәрімова, Ә.Аяпбекова, К.Базарбаева, Ғ.Батырханов, тағы басқалар баяндама жасап, онда ғарыш саласының бүгінгі ахуалы, даму барысы мен болашағы жайлы айтты. Ғарыш әлемі, ғарыштық физика, химия, биология, геология, медицина, психология, экономика, құқық, этика, экология, лингвистика, әдебиет, туризм туралы ойларын ортаға салды. Сол секілді ғарыштық ғылым, инновация, жоғары технологиялар мәселелеріне де ерекше көңіл аударылды.
Аталмыш оқу орнының профессоры, техника ғылымдарының докторы, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров ғарыш тарихына жан-жақты тоқталып, қазақ жұртын төрткүл дүниеге танытқан тәуелсіздігіміз туралы тебіреніп тұрып ой қозғады. Конференцияға қатысушылардың, жалпы жұрттың назарында жүрсін деп айтқан әңгімелері де жиналғандардың көңілінен шықты. – Мені қошеметтеп, көкке көтеріп жатырсыздар, оларыңызға рахмет. Ғарышқа 2 қазан күні қазақ ұшты. Мен орындаушы болдым. Бұл күнді халқымыз ұзақ армандап жүрді. Сол арманды орындау менің мойныма жүктелген екен. Мұны ғарышқа барып қайтып келгеннен кейін ғана түсіндім. Алғашында, бармаймын деп те қалғаным бар. Бірақ халыққа керек дегенде райымнан қайттым. Халыққа керек дегенді де кейін ұғындым. Бұл сапар – бақытты сапар екен. Қазақ халқының бүгілген белі жазылып, басын көтергеніне куә болдым. Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз, одан тараған ұрпақ 300 жыл күтсе, ғарышқа ұшуды да 30 жыл күтті. Қазақтың ғарышқа ұшуы арқылы халқымыздың жаншылған намысы көтерілді. Рухы оянды. Көп кешікпей Тәуелсіздігімізге де қол жеткіздік. Мен әрқашан киелі байтағымызға, халқымыздың ұлылығына бас иіп жүремін. Кішкентай халық болсақ та, ұлы ұлт екенімізді көрсетіп келеміз, ерекшелігімізді таныту үстіндеміз. Даламызды нық қолда ұстап келеміз. Қазақтың да ғарышқа ұша алатынын дәйектедік. Әлемде азаматын ғарышқа ұшырған мемлекеттер онша көп емес. Бұл тұрғыдан келгенде, Қазақ елінің жұлдызы әрдайым жоғары тұр. Мен әр кез айтып жүремін, ғарышқа ұшқан Қазақ – мен орындаушымен деп. Ұлттан, жерден үлкен емеспін. Сол ұлт пен байтақ далама жаным сөнгенше қарыздармын, – деді.
Халқын сүйген қадірлі азаматтың құрметіне арналып, отандық ғарыш ғылымы туралы ой-толғамдар ортаға салынған алқалы жиынға руханият саласының да өкілдері келген екен. Солардың қатарында белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы да жүрді. Ол осыдан 20 жыл бұрын ғарышты бағындырған қазақтың батыр ұлы туралы жан-жақты ой тамызықтай келіп, Әубәкіров ғарыш әлемінде жүргенде, қазақтың айтулы композиторы Әсет Бейсеуов екеуі «Қазағым ұшты ғарышқа» деген ән жазып, оны радиодан әуелеткенін алға тартты. Ғарышқа қазақтың ұшуы Тәуелсіздігімізге жол ашты. Біз бүкіл түркі тектес елдер ішінде тұңғыш рет аспан әлеміне ұланымызды ұшырған ұлтпыз, деп сөз соңын ғарышкерге арнаған толғауымен жалғады: «Халқым үшін жүретін толғаныста, Сен байланып қалғансың зор намысқа. Сол биіктен қараған кең далаңда, Жортып жүрген ұқсайсың жолбарысқа. Бар биікке құштарсың, бар асуға, Шындық үшін дайынсың таласуға. Шын жолбарыс қамыстың арасында, Сен жолбарыс халықтың арасында. Бәсең болсаң – басынбас дұшпан кімді, Аршып алмай кеудемді қысқан мұңды. Тәуелсіздік туды деп түсінемін, Нағыз қазақ ғарышқа ұшқан күні».
Кісілігі мен кішілігі таразы басында тең тұратын Тоқтар Әубәкіровтің әр сөзі жастардың көңіліне қонып, жүрегіне дарып, олардың отаншылдық рухын оятқаны еш шүбәсіз. Оған конференция аяқтала бергенде куә болдық. Жастар ғарышкерді орталарына алып, ұзақ әңгіме-дүкен құрды.
Сүлеймен МӘМЕТ.
Астана.