Бұл – ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жобасы. Тізімде жалпы қазақ үшін қасиетті саналатын жерлер де, аты сәл көмескі тарта бастаған орындар да, тіпті күні кеше салынған, тәуелсіздікпен құрдас ғимараттар да бар. Атап айтқанда, табиғи қасиетті нысандар қатарында Ақмешіт, Қазығұрт, Хаң тәңірі, Шарын шатқалы, Жылаған ата, Қоңыр әулие үңгірлері, т.б. ал, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер санатындағы қасиетті орындар қатарында Бозоқ қалашығы, Тамғалы, Беғазы археологиялық кешендері, Шілікті, Берел қорғандары, Ақыртас қамалы орын алса, орта ғасырлардағы қала орталықтары мен қазақ хандығы тұсындағы астаналар – Қойлық, Жанкент, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Сауран, Отырар, Сайрам сынды қалалар есепке алынған. Сондай-ақ, діни және адамдардың тілек тілейтін орнына айналған киелі мекендер – Ясауи кесене-кешені, Арыстан баб, Қарабура, Укаша ата мазарлары, Қарашаш ана, Ибраһим ата, Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері, Мәшһүр Жүсіп, Абай-Шәкәрім мемориалды кешендері, тарихи тұлғалардың есімдерімен қатысты қасиетті орындар – Махамбет Өтемісұлының мазары, Әбдіғаппар және Кейкі батыр кешендері, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Есет Қоқыұлы кесенелері, Көкшетаудағы Абылайдың Хан ордасы, Ахмет Байтұрсынұлының үйі (Алматы қ), Ш.Уәлихановтың Алтынемелдегі мемориалды кешені, т.б және тарихи және саяси оқиғалармен байланысты қасиетті жерлер – Бұланты, Аңырақай, Орбұлақ шайқастарының орны, «Алаш арыстары» үйі (Семей), «Астана-Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі, Отан қорғаушылар монументі, т.б. бірқатар нысандар Қазақстанның жалпы ұлттық қасиетті орындарының тізіміне алынды.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиев отырыста тізімді жасамас бұрын қасиетті, киелі нысандарды анықтау үшін орталық алдымен өңірлерге өз ұсыныстарын білдіргенін, одан іле-шала облыстардағы мәдениет басқармалары басшыларының жетекшілік етуімен құрамына тарихшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері кірген жұмыс топтары құрылып, жұмысты бастап кеткенін жеткізді. Әрбір облыстағы жұмыс тобы орталық жіберген ұсыныстарды ескере отырып, нысандарды белгілеген. Одан бөлек, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ұсынысымен жергілікті маңызы бар 500 нысан да белгіленген. Жоғарыда аталған тізімдегі нысандар ең алдымен осы облыста жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Кеше қасиетті нысандар тізіміне ұсынылған орындар Ұлттық музейде «Қасиетті Қазақстан» орталығының ғылыми-сараптамалық кеңесінде талқыланды. Ұсынылған нысандар тізімге алынып, белгілеу және тізімдеу жұмыстары бойынша отырыс өтті. Іс-шараға Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев сынды есімдері елге белгілі тұлғалар қатысты. Отырысты «Қасиетті Қазақстан» орталығының басшысы Берік Әбдіғалиев жүргізді.
Орталық басшысының айтуына қарағанда, бұл діни не ғылыми емес, рухани жоба. Сондықтан ең алдыңғы кезекте тізімге алынған нысандардың өздерінен бұрын олардың мәдени құндылығы насихатталмақ. «Бұл – бес жылға жоспарланған жоба. Биыл жалпы ұлттық деңгейдегі, елге кеңінен танылған 100 нысанды анықтау мақсат етілген. Бұл тізімге бүгінгі кеңестің қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия сараптама жасап, бір-екі ай көлемінде бекітеді. Біз кесене, ескерткіштерді немесе арнайы бір орындарды ғана емес, сол нысандармен байланысты рухани құндылықтарды насихаттаймыз. Сол арқылы ұрпаққа жат ағымдардың бөтен пиғылына қалқан болатын рухани тәрбиені сіңіру, насихаттау, нығайтуды мақсат етіп отырмыз», деді ол.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»