ЭКСПО-2017 • 17 Тамыз, 2017

ЭКСПО-2017 қонақтарының көрме туралы пікірі

82 реткөрсетілді

Жуэл ДЮПРАТ, Франция:

– Біз отбасымызбен биылғы демалысымыздың екі аптасын Қазақстанда өткізуге шешім қабылдадық. Жұбайым – Сильвия мен қызым Хелоиз үшеуіміздің келгенімізге бір аптадай уақыт болды. Өзіміз қазақ еліне алғаш рет сапарлап отырмыз. Шынымды айтсам, бұрын Қазақстан туралы естігенімізбен, елдеріңізді осынша дамыған деп ойламаппыз. Келгелі Астананың әдемі көрінісін көріп, таңға­лы­сымызды жасыра алмадық. Арасында Алматыға да жол түсіп, оның әдемі тауларын көзімізбен көріп, тамсанып қайттық. Қазақстандағы ЭКСПО көрмесі біз үшін ерекше есте қаларлық естелік болды. Қай ел де көрмеге үлкен әзір­лікпен келгені көрініп тұр. Әсіресе, Малайзия, Австралия, Германияның павильондары көңілімізден шықты. Отанымыз – Францияның павильонына да бас сұқтық. ЭКСПО көрмесіндегі ең үлкен үш павильонның бірі  Франциянікі екенін естіп, қуанып қалдық. Мұның өзі екі елдің арасында жақсы қарым-қатынас орнатылғанын көрсетеді. Жұбайым екеуіміз де суретшіміз. Үйге оралысымен Астана туралы, оның әсем көріністерін бейнелейтін суреттер топтамасын шығармақ ойымыз бар. Айтпақшы, ЭКСПО алаңында ойналып тұратын қазақтың музыкасы жүрегімізді айрықша баурады. Керемет әуендер екен. Музыкаға елітіп, біраз демалып отырдық. Бұл да жүрегімізде қалатын әдемі естелік болды. 

Нұрай СӘЛІБАЕВА, Шымкент:

– Біз апалы-сіңлілер болып ЭКСПО көрмесін аралап жүрміз. Бұл дегеніңіз екі айналып келмейтін керемет жаһандық шара ғой. Сондықтан, жүрегінде Отанына деген махаббаты бар әрбір адам осы көрмеге келіп, көруі тиіс деп ойлаймын. 

Бүгін екінші күн көрмені аралап отырмыз. Бастапқыда шет­тегі Ресей, Монака, Гер­ма­ния павильондарын ара­ла­дық. Бәрі де тамаша. Пави­ль­ондардың ішіне кірсең, әлемді ара­лағандай боласың. Біреу телефон соқса, «Біз АҚШ-та жүрміз, енді Францияға барамыз» деп сөйлейсің, керемет емес пе?! Құдды ғаламшарды айналып жүргендей күй кешіп жүрміз. Қазақтың атын дүние жүзіне танытатын мұндай ірі ха­лықаралық шаралар елі­міз­де өте берсін деймін. Бұл өскелең ұрпақтың санасына Отанына деген мақтаныш сезімін ұялататыны сөзсіз. Қазақтың басынан той арылмасын, еліміз тыныш, бесігіміз тек тыныштықта тербелсін деймін.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

суреттерді түсірген

Орынбай Балмұрат,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Алғашқы күн табысты болды

Спорт • Бүгін, 17:12

Білімдінің қолында алтын шырақ

Аймақтар • Бүгін, 17:08

UAE and Kazakhstan discuss bolstering ties

Саясат • Бүгін, 16:40

Қазақтардың қарқыны жақсы

Спорт • Бүгін, 16:26

Ұқсас жаңалықтар