Басқосу барысында қаланың көшбасшы мұғалімдері әр пәннің ерекшелігіне жеке-жеке тоқталып, оларды оқытудың жаңа әдістерін қалыптастыру мәселесі бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Тың ұсыныстар ортаға тасталып, әр баланың білімді, парасатты зияткер азамат болып қалыптасуы үшін оларды жан-жақты тәрбиелеудің маңызы зор екені баса айтылды.
– Қоғам және адам өмірінің барлық даму салаларында орын алып жатқан елеулі өзгерістер жағдайында баршаны мектептегі білім беру қандай болу керек деген мәселе толғандырады. Адамзат дамуының жаңа кезеңі ақпараттың, экономиканың, мәдениеттің жаһандануымен, сондай-ақ ақпараттық қоғамға көшумен сипатталады. Біз ескі салалардың жойылып, жаңа салалардың пайда болып жатқанын көріп отырмыз. 2025 жылға қарай әлемдік экономиканың 46 %-ы цифрлы ортада болады деп күтілуде. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 10 %-ды құрайды және кейбір мамандықтардың жойылуына, басқа мамандықтардың пайда болуына алып келеді. Қазір бастауыш мектепте білім алып жатқан балалардың 65 %-ы жұмыстың жаңа түрлерінде қызмет ететін болады. Орын алып жатқан өзгерістерді ескере отырып, білім беру саласында заманауи сарапшылар мен зерттеушілердің көзқарастары келесіге саяды: оқушыларға ХХІ ғасырда кәсіби, әлеуметтік және жеке табысқа жету үшін қажетті дағдыларды дамыту мүмкіндігін беретін жаңа білім беру бағдарламалары, тәсілдемелер мен пішімдер қажет. Жас өскіндерге білім беру мазмұнын қайта қарастыру маңыздылығы әлемнің жетекші елдерінің қатысуымен өтетін халықаралық деңгейде танылған алаңдарда да талқыланып жүрген мәселе. Сондықтан, ұстаздарымыз білім беру тактикаларын әрқашан жетілдіріп, жандандырып отыруы қажет дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің тәрбие жұмысы жөніндегі зерттеулер директоры Алма Мырзашқызы.
Тәлімгер тілге тиек еткендей, Мәскеу басқару мектебі мен Ресей Федерациясының стратегиялық бастамалар агенттігі әзірлеген мамандықтар атласында да тіпті біздің ойымызға кірмеген жаңа мамандықтар пайда болатыны айтылады. Мұндағы талқыланған тағы бір мәселе, оқушыларды күн санап қарыштап дамып келе жатқан цифрлы технологияларды игеруге бейімдеу болды. Оларды сандық құзыреттер бойынша тәрбиелеу, жұмыс істеуге дайындық және жағымды әлеуметтік қарым-қатынас үшін практикалық дағдыларға жетелейтін азаматтық құндылықтарды және цифрлы әлемде біртектілікті қалыптастырудан бастау қажет екендігі баса айтылды.
– Оқушылар 7-сыныптан бастап «Физика», «География», «Химия», «Биология» пәндерін меңгеретінін атап өткен жөн. Бастауыш мектептен бастап жаратылыстану-ғылыми пәндердің мазмұнын осылай құрылымдау пәнаралық кіріктіруді іс жүзінде жүзеге асыру мүмкіндігін береді. Оқушылардың жүктемесін азайту мақсатында мұғалімдер кіріктірілген тапсырмаларды үй тапсырмалары ретінде әзірлей алады. Аталған пәндер бойынша кіріктірілген жобалық жұмыстарды орындау оқушылардың STEAM-білім беру инженерлік, сыни және шығармашылық ойлау қабілетінің дамуына ықпал ететін болады, – дейді география пәнінің мұғалімі Мәулен Телеубаев.
Білім беру саласында әлі де ақсап жатқан мәселелер мен өзекті сауалдар да басқосуда айтылмай қалған жоқ. Оларды шешу жолдары мен білім беру сапасын арттырудың жаңа бағыттарын қалыптастыру қажеттігі сөз болды. Жиын соңында Назарбаев зияткерлік мектебінің білікті ұстаздары арнайы шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ