Медицина • 18 Тамыз, 2017

Денсаулық министрлігі жарты жылдықты қорытындылады

236 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Денсаулық сақтау министрлігі биылғы алғашқы жар­ты­жылдықты қорытындылады. Министр Елжан Бірта­новтың төрағалығымен өткен алқа отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы аясындағы атқарылған жұмыстар пысықталды. Сондай-ақ, күн тәртібінде бюджет қаржысының игерілуі мен медицина ұйымдарын қажетті кадр­лармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Басты міндет – халықтың  денсаулығын нығайту
Алғашқы мәселе – 2016-2019 жылдарға арналған «Ден­сау­лық» бағдарламасын жүзеге асы­ру жөнінде вице-министр Алек­сей Цой баяндама жасады. Ол бұл құжат Президенттің Жар­лы­ғы­мен былтыр қаңтар айында бекі­тілгенін, онда халықтың денсау­лығын нығайтуды көздейтін 7 бағыт айқындалғанын атап өтті. 
Оның біріншісі – қоғамдық ден­саулықты қорғау. Бұл бағыт бойынша министрлік халықтың ден­сау­лығын қорғайтын Қоғам­дық денсаулық сақтау қызметін құр­ған. Оның мақсаты – аурудың ал­дын алу және денсаулықты кү­тіп-баптаудың тиімді тәсіл­дерін енгізу. 
Бағдарламаның екінші бағы­ты – халыққа медициналық-сани­тарлық алғашқы көмек шеңберін­дегі қызметтердің сапасын арттыру.
Елімізде емхана дәрігерлеріне жылына 50 миллионға жуық адам тіркеледі екен. Орта есеппен алғанда бір адам дәрігер көмегіне кемі үш рет жүгінеді деген сөз. Бұл, әрине, дәрігерлерге әжептәуір жүк­теме. Сондықтан бүгінде ақже­лең­ділердің жүктемесін азайтып,  науқастарға көбірек көңіл бө­луі үшін денсаулық сақтау­дың барлық қызметін бірік­тіру саясаты қолға алынып отыр. 
Вице-министр медициналық көмектің кепілдендірілген көле­мі шеңберінде жыл басынан бері 2 миллионнан аса адам амбу­латорлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Диспансерлік есепте тұрғандар бұрын рецепт жаздыртып алу үшін ай сайын дәрі­герге келуге мәжбүр болса, қазір үш айда бір рет қана келе­тін болған. Енді тек сирек кезде­сетін ауруға ұшырағандар мен қым­бат дәрілерді алатындар ғана ай сайын келіп тұрады. Бұл – бағдар­ламаның төртінші бағыты.
Ал бесіншісі – денсаулық са­ла­сының қаржылық тұрақты­лығын сақтау арқылы медицинаны дамыту.  Медицина саласын қосымша қаржыландыру мақсатында биылғы 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры енгізіліп, оған жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер жарна аудара бастағаны белгілі. Осыған байла­нысты заңнамалық базаны жетіл­діру мақсатында МӘМС ту­ра­лы заң­намаға бірқатар өзгеріс ен­гізуді қарастыратын заң қа­был­данды. 
Бағдарламаның алтыншы ба­ғыты – денсаулық сақтау сала­сындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру. Осы орайда медицина саласын таңдаған болашақ мамандарға сапалы білім беру айрықша назарға алынып отыр.  
 «Денсаулықтың» жетінші бағыты – мемлекет-же­ке­мен­шік әріптестігін дамыту, қазір­гі за­­манғы ақпараттық-комму­ни­­ка­ци­я­лық технологиялар негі­зін­де ден­саулық сақтау инфра­құ­ры­­­лымын әрі қарай ілгері­лету. Бү­гінде жергілікті мемле­кет­тік ем­ха­­­наларды мықты менеджер­лердің басқаруына беру үрдісі жүргізіліп жатыр. 
Алқа отырысында Денсаулық сақтау министрлігі Жобаларды бас­қару департаментінің дирек­торы Тимур Сұлтанғазиев Пре­зи­дент Жолдауында денсаулық саласын дамытуға байланыс­ты жүктелген тапсырмаларға тоқ­талды. Оның айтуынша, министр­лік биыл жыл соңына дейін бар­лық дәрілік заттарға бағаны рет­теу жүйесін енгізетін болады. Қа­зір­дің өзінде дәрілер мен дәрілік заттарға шектеулі баға қалып­тастыру әдісі жасақталыпты. 

Жедел жәрдем жаңа ережемен жұмыс істейді
Елжан Біртанов жедел жәр­дем қызметін жетілдіруге ерекше маңыз беріліп отырғанын жет­кізді. Бұл шұғыл қызмет түрі­нің енді екі деңгейлі моделі құры­лып, халыққа жаңа ереже бойынша қызмет ете бастайды.
Министрдің айтуынша, жедел медициналық қызметтер сараланған тәсілмен жұмыс істей­ді. Бұл дегеніңіз, жедел жәр­демге келіп түсетін қоңыраулар ша­қырту түріне, науқастың жағ­дайына қарай бөлініп, бірнеше санатқа топтастырылады. Мы­салы, бірінші санатқа өлім мен өмір арасындағы ауыр халге тап болған науқастар жатады. Мұн­дай пациенттерге жедел жәрдем 10 минуттың ішінде келуі тиіс. 
Екінші санат –  медициналық көмексіз пациенттің өміріне қауіп төнуі мүмкін жағдайлар. Мұн­дай топтағы науқастарға брига­даның келіп жету уақыты – 15 минут.
Үшінші санат – медициналық көмек көрсетілмесе, науқастың ден­саулығына қатер төнуі мүмкін жағ­дайлар. Оған жедел жәрдем жар­ты сағатқа дейін келуі керек.
Ал төртінші санатқа – өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп жоқ, бірақ жіті және созылмалы ау­рулары асқынған науқастар жата­ды. Мұндай жандарға жедел жәрдем бір сағаттың ішінде келетін болады.
Жедел жәрдемнің жаңа ере­жесі жұртшылықтың сансыз шақыртуларына байланысты туын­даса керек. Айталық, халық­тың ішінде жедел жәрдемдi қай уа­қытта шақырту қажеттiгiн бiл­мей­тіндер кездеседі. Сәл қызуы көтерілсе де шұғыл қызмет­тің көмегіне жүгінетіндер баршы­лық. Статистикаға сүйенсек, шақы­ру­лардың 30 пайызы жедел ме­ди­циналық көмектi керек ет­пей­тiн науқастар болып шығады екен. Есесiне, жедел жәрдем нағыз қажет жандарға жете алмай жатады. 
Министрліктің мәліметінше,  жоғарыда аталған алғашқы үш санаттағыларға жедел жәрдем стансасының бригадалары кө­мекке келсе,  төртінші санатқа топтастырылғандарға емхана­лардағы жедел медициналық көмек бөлімшелері қызмет көр­се­теді. Бұл бөлімшелер де жедел жәр­­дем секілді, 24 сағат бойы  ша­қыр­туларды қабылдайтын болады. 

Қырсыздарға – қатаң талап
Қазіргі таңда министрлік үшін «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру маңызды болып тұр. Сондықтан бұл құжаттағы мақсат-міндеттер нақты іске асуы тиіс. Алайда, бағдарламада аталған көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отырған өңірлер де бар. Атап айтқанда, Қостанай, Ақмола, Маңғыстау, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары денсаулықты сақтау индикаторлары жағынан артта қалған. Бұл өңірлерде жалпы халықтың өлімі, ана өлімі жоғары деңгейде. 
Е.Біртанов көрсеткіштері жағынан артта тұрған өңірлерге кемшіліктерді жойып, сын-ескертпелерді түзеуге жылдың аяғына дейін уақыт берді. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»