Қазақстан • 18 Тамыз, 2017

Ертіс, Май ау­дан­да­рына су тарту ұзаққа созылып барады

469 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ауыл үшін аса әлеуметтік маңызы бар өңірдегі Ертіс, Май ау­дан­да­рындағы топтық су құ­бырлары жо­ба­ларының аяқ­та­лып, іске қо­сылуы ұзаққа созылып барады.

Ертіс, Май ау­дан­да­рына су тарту ұзаққа созылып барады

Осыдан 7 жыл бұрын республикалық бюджет есебінен Ертіс ауданындағы Беловод топтық су құбырын қайтадан қал­пына келтіру жөніндегі шешімге қол жетіп, ауылдықтар қатты қуанып еді. Содан, 2010 жылы елімізде қабыл­дан­­­ған «Ауыз су» бағдарламасы аясын­да облыстағы «Беловод және Май топ­тық су құбырларын қайта құру» тура­лы инвестициялық жобаларды іске асы­ру жұмыстары басталған-ды. Бі­рақ, мер­дігерлер бағдарламаға сай келісім­шарт­тағы міндеттерді атқара алмады ма, әл­де жобалар барысы дұрыс түзілмеді ме, әйтеуір жол ортада қала берді. Арада екі жыл өткен соң барып, Беловод су құбыры жаңадан қабылданған «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша қайта қолға алынуы тиіс болды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, алғашқы кездері Беловод топтық су құбыры жобасына жауапты – «ОSТ-Про­ект ЖШС», мердігер – астаналық «Спец­пластводстрой» БК ЖШС болып бе­кітіліпті. Құрылыстың жалпы құны мердігерлік келісімшарт бойынша – 5,7 млрд теңге. Ұзындығы 388,4 шақырым болатын су құбыры Ертіс ауданын қамтиды. Екінші жоба Май ауданындағы топтық су құбыры бойынша. Бас мердігер − Астанадағы «Центр­строй-комплект НС» ЖШС. Жоба­ның жалпы құны 6,4 млрд теңге. 

Ал, 2013 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары коми­те­тінің бірқатар жұмыс түрін және кө­лемін оңтайландыру шараларын жүр­гізуіне орай Ертіс ауданындағы жобаны қаржыландыру тоқтатылыпты. 2014 жылы аталмыш комитет «Қазақ су шаруашылығы» мекемесімен жаңа келі­сім­шартқа отырады. Екі аудандағы топ­тық су құбыры құрылысы 2015 жылы пай­далануға беріледі деп жоспарланды. Ал, қарапайым ауыл халқы болса таза ауыз су қашан жетеді деген үмітпен әлі кү­т­іп жүр.

Иә, осындай үмітпен біз де жуырда шалғайдағы Ертіс ауданына барып қайттық. Иса Байзақов атындағы ауылда орналасқан көптен құрылысы жүріп жатқан Беловод топтық су құбырының Ертіс өзенінен су алатын негізгі су жинау стансасына келдік. Бір ауданның ауылдарын сумен қамтамасыз ету үшін осыншалық алып стансаның не үшін қажет болғанына таңғаласың. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің облыстық бөлімшесінің басшысы Жұмагелді Қожановтың айтуынша, былтыр желтоқсан айында топтық су құбырының 1-ші кезегі іске қосылған. Су құбырын қайта жаңғырту жұмыстарына 2015 жылы республикалық бюджеттен 759 миллион теңге бөлініпті. Бұл күндері 2 сорғы стансасы, 2 резервуары бар су тазалау стансасы жұмыс істеп тұр. Қуаттылығы 10кВ электр өткізу желісі орнатылып, 2 кешенді тран­с­форматорлық қосымша станса са­лыныпты. Су құбыры тартылды, аудан­дағы 14 ауылға құбыр арқылы таза ауыз су барып тұр. Нәтижесінде 109 шақырым құбыр төселіпті. Бірақ, түйін­ді мәселе мұнымен біткен жоқ. Су құ­быры тартылған ауылдарға жергілікті әкім­діктер енді жоба жасап, құжаттар дайындайды. Су таратушы тораптар жасалып топтық су құбырының магистральды жүйелеріне қосылуы қажет. Біріншіден, жаңа жоба бойынша ауыл­дарға берілетін таза ауыз судың өзіндік құны қымбат. Егер 2010 жылғы баға бойынша 1 текше метр судың бағасы 67 теңгені құраса, жер асты суларын пай­даланған жағдайда (салыстыруға блок­модульдік су бағасы алынған) судың өзіндік құны 250-300 теңгені құрамақ. Ауылдар үшін бұл өте тиімсіз. Бізбен бірге жолсапарға барған филиалдың жергілікті жердегі бөлімше қызметкері Әнуарбек Кеңесбаевтың айтуынша, жаңа ереже бойынша құбырмен келген су ауылдағы әр үйге тартылып, су шығынын есептейтін қондырғылар қойылуы тиіс. 

Су құбырларының алдағы жағдайы алаңдатарлықтай күйде, еріксізден жобаны су құбырларын жүргізуден мүлде хабары жоқ мамандар жасаған ба деп топшылауға тура келеді. Бір-бірінен тым алыста орналасқан ауданның әр ауылына су құбырын тарту оңай емес. Қысы қатты өңірде су құбырларының қатып қалуы да мүмкін. Бастысы, жергілікті жұртты жинап, қоғамдық тыңдау өткізу қажет еді. 

Ертіс, Май аудандарының топ­тық су құбырларын қайта құру жұмыс­та­ры­на арналған тендерлерді Ауыл ша­руа­­шылығы министрлігінің Су ресурста­ры комитеті жүргізеді. Бірақ, тен­дер­лік комиссияда жергілікті су құбыр­ла­рының жағдайын білетін не ауданнан, не облыстан өкілдер қатыспаған. Тіпті жергілікті басшылық өз аудандарында жүргізіліп жатқан құрылыс барысының қалай жүріп жатқанынан хабарсыз болған. Қажетті ақпараттармен танысуға мердігер ұйым рұқсат бермеген көрінеді. Нәтижесінде жұртшылық қазір бұл жобаларға күмәнмен қарайтын болды.

Жобалар орта жолда қалмай ма деген күмәнмен «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалы облыстық мәслихат отырыстарында Ертіс ауданындағы су құбыры мәселесін қарап, тұрақты назарға алып отыр. Тұрғындар болса, үйлеріне су жеткізетін тораптар тарту ісінде жергілікті биліктен үміт күтеді. Жаз да өтіп барады. Тораптарды бір-екі айда әр үйге жеткізіп үлгере алмасы анық. Байзақов ауылында өзіміз көр­гендей су құбыры ауылдың шетіне ке­ліп тұр. Әр үйге қашан жетері белгісіз. Басқа ауылдар да солай. Магистральды желіден ауылдарға дейін ауылішілік тарату желілерін қосу үшін құдықтар басына арнайы бұрулар салыныпты. Бұрап қалсаң-су ағады. 

− Әрине, ауыл біздікі ғой. Сон­дық­тан, қазірден бастап ауылдағы әр тұрғынның үйіне су жеткізіп беру жұ­мыс­тары басталады. Қазір ауыл­да­рымызға оң­түстіктен тұрғындар көшіп келуде. Жергілікті кәсіпкерлер де демеуші ре­тінде ауыл үйлеріне су жеткізу үшін қолд­ау, көмек береді деген сенім бар, − дейді аудан әкімі Серік Батырғожинов. 

Жалпы, Беловод топтық су құбыры­ның құрылысы 1970 жылы басталып 1979 жылы іске қосылды. Торапты су желі­ле­рінің ұзындығы 1840 шақырым болса, оның 420 шақырымы Ертіс ауданының аума­ғында. Біздің облыстың Ертіс, Ақтоғай аудандарын, Көкшетау облысы, Омбы облысы ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ететін алып су құ­бы­ры болды. Кеңес өкіметінің 9 жыл бойы салған құрылысының арқасында қуаты сағатына 50 мың текше метрге жетті. Су тоғандары, 1, 2-ші су көтеру сорғыштары бар, сыйымдылығы 3000 текше метр болатын 2 су сақтайтын орын, суды химиялық жолмен тазарту бекеті, тұрғын үйлер ке­шені, әкімшілік және өндірістік нысандар Ертіс ауданы аумағында орналасты. Содан, 1997 жылы электр қуатының төлемдеріне қарызы үшін Беловод топтық су құбыры жұмысын тоқтатады. 

Су ресурстары жөніндегі комитет «бастапқыда жоспарланған 388 шақырым құбырдың қалған 281 шақыр­ы­мы төселмейді деген де шешім шығарса ке­рек. Себебі, су құбыры өтуге тиіс бұл ауылдардағы тұрғындар саны аз депті. Су болмаса ауылда ел қала ма? Мысалы, біз жол үстінде бұрылған Ақбекей ауылында 5-6-ақ үй қалса да, оңтүстіктен ел көшіп келе ме деген үмітпен, су құбыры тартылыпты. 

Беловод су құбыры жобасының 226 шақырымды құрайтын екінші кезегі де бар. Суды күтіп тағы да 16 ауыл отыр. Бірін­ші кезегінің өзін 7 жыл жүріп, 14 ауылға су жеткізіп әупірім­деп әзер шық­қанда, келесі кезе­гі­нің орындалуы екіталай сияқты. Жоспар бой­ын­ша су құбырының екінші кезегі би­ылғы жылы тапсырылуы керек болатын. Біз мақала жазу барысында «Қаз­сушаруашылығы» мекемесіне де хабарластық, жұртшылықпен байланыс бөлімінің қызметкері Азамат Битан «Беловод» топтық су құбырының бірінші кезегі аяқталды, ауылға су құбырларын тартып бердік, мақала газетке шыққанда айтсаңыз екен деген қысқа жауап жазып жіберіпті. 

Ал, 6 млрд теңге қаражатқа жасалады деген Май ауданындағы топтық құбыр­дың құрылысын жүргізген мердігер компанияға қатысты қазір сот тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Биылғы жылға бұл нысанға 115 миллион теңге бөлініпті. Құрылысты жалғастыратын ком­панияны анықтауға конкурс жария­лан­бақ. Ал келесі жылы топтық құбырдың екінші кезегі басталады. Оның жобалық құжаттары әзірленуде. Жуырда құжат мемлекеттік сараптамаға жолданбақшы екен. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Ертіс ауданы