27 Қаңтар, 2010

ҚОЛ

1461 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Алла тілеуіңді береді деген рас екен. Траншеядан мойындары қылқиып, жау жақты аңдыған жауынгерлер тажал танктің бұрқ еткізген оғы өздеріне дәл тигенде жәшік толы снаряд алып бара жатқан қырғыз жігітінің мойны қылжасынан қиылып, иығындағы жүгін арқалаған күйі бассыз адам жанұшырып зыр қағып бара жатты. Жүрісі шалт, жүгірді десе де болғандай. Иығындағы жүгін тастаған жоқ, біреу алып кететіндей жәшіктің бүйірінен шымши ұстап, траншеяның бұрылысына барды да, тура жолдан таймаған басы жоқ Адам қара жермен соқтығысып, етбетінен түсті. Алға қарап, танктің дөңес бүйірін зеңбірекпен нысанаға ап тұрған басқа жұрттың не ойлағанын кім білсін, Нүкеш, әйтеуір: “Алла осындайыңнан сақтай гөр!” – деп тілін кәлимаға келтірді. – Басқа жеріміз кетсе де басымыз аман болса екен”. Бассыз адамның тран­шея бой­лай жүгірген құбы­жық кейпі көз алдынан кет­пей тұрғанда: “Азимут!” деген коман­дир­дің даусы саңқ етті. – Даль­ность!”. Тағы бір шынжыр табан тажалдың жүйткіп келе жатқанын көрді. Командир: “Огонь!” деген­ше, танк атып жіберді. “Осы біз неге кешігеміз! Соғысты да солар бастап, біз қапы қалдық. Қазір де: “Огонь!” деген дауысты ести ал­май олар бұрқ еткізді. Бұлардың зең­бірегі сатыр-сұтыр ете қалды. Қолында дүрбісі бар расчет коман­дирі арманын айта алмай тоңқалаң асты. Төртеудің ішіндегі нысана көздеуші – өзінің оң иығы шым ете қалды. “Түк емес. Басы жоқ адам да бұйрық­тан бұқпантай­ламай жүгіріп бара жатты ғой”. Снаряд жарқыншағы аямай-ақ тиген екен, екінші көздеушінің ішек-қарны ақтарылып жатыр. “Бізді мүлт кетпей көздеген екен де нәлеттер. “Тигр!”. “Тигр” келе жатыр. Оқ тасушы өзбек Зұмрат та жоқ. Ол қайда? Снаряд сатып отыр ма екен? Кеше ұзақ жоқ боп кеткенде: “Сен снаряд сатып жүр­ген жоқсың ба?” деп әзілдеп еді, бір жәшік снарядты сүйреп келген ол: “Қол боста сатсақ сатамыз да” деп жауаптан жалтармады. – Нәшәндік, не істейміз. Жүдә жақын кеп қалды ғой, – деді Зұмрат жанұшырып. – Оқта! Өзі командир, өзі көздеуші, өзіне-өзі: “Ази­мут. Дальность. Наводить середину осно­вание! Огонь!” дегенде өзбек шынжыр­ды тартып қалды. Бір снаряд зеңбірек ұңғы­сынан ышқына ытқып шықты. Оқ “Тигрдің” денесіне тиді. Тажал бұрқ етіп, темірден шыққан бықсық түтіннің астында төбедегі люк ашылып, басы қарайған немісті өзбек тапаншамен басып салды. Люкті құшақтап бүгіліп жатқан оны астындағы неміс көтеріп тастап, өрт шалған киімімен жан сауғалап жерге аунай бастағанда, көз алдындағы жауды жоймаққа тапаншаға қол салайын десе... Көзді ашып-жұмғандай сәтте, зу ете қалған жылан-оқтан кейін білегі шынтақтан салбырап қалды. Сол қолымен оң жағын сипалай бергенде өртенген танктен шыққан тағы бір неміс өз жағына қарай бұқпантайлап жүгіріп бара жатты. – Зұмрат, көріп тұрсың ба?! Жіберме! – деді. Зұмрат әкә жауды құтқармады. ...Одан арғысын білмейді. Қолы шынтақтан жоғары кесілген. Госпитальда жаралылар арасында жатыр. Медбике қыз: “Сен ауылыңа қайтасың”, – деді жұбатып. “Мен қайтқанда не істеймін”. Бұл айтылмай қалған жауабы еді. Ертеңіне укол қабылдап, ес жиғасын госпиталь аралаған полковник-дәрігер: “Бір ай жатып, емделіп, қолың қара қотырлана бастағанда еліңе қайтасың”, – деді нығыздап. Сосын емдеуші дәрігер шақырып, қоймаға апарып, кесілген қолын көрсетті. Соғысқа дейін трактор айдап, бұранда бұрап, темір-терсектен түйін түйген қолы жырым-жырым боп жатыр. Саусақтары семіп, жұп-жуан білегінің сүйегі ырсиып, шұрқ тесік боп үңірейіп қалған. Снарядтың жарықшағы тиген. “Бір снарядыңның өзі он адамның білегіндей емес пе, нәлет. Алла не тілесең, соны береді екен де. Кеше басымды сақтай гөр деп едім басы жоқ адамды көріп, бүгін басымды қалдырып, қолымды жұлып әкетті. О, жасаған ием, неткен ұста едің!” Бұл Нүкештің өзінің өлген, семген қо­лы­на қарап қоймада айтқан іштей жоқтауы еді. – Кешікпей көмеміз. Бауырластар зиратына. – Қолының тамтығына жапсырылған “41” деген реттік нөмірге бір қарады да бұрылып кетті. “Қолымды жерлеуге өзімді шақырар ма екен? Музыка ойнап, мылтық атылар ма екен?” Бұл қанында құйтырқы­лығы бар адамның көңілін тоқ санап, өмірмен сайқымазақтана бетпе-бет келуі еді. Жиырманың бел ортасындағы жігіт ертеңім не болар екен деп егіліп тұрған жоқ, әйтеуір аяғымен жер басып, сол қолымен нан ұстап, аузына апарып, жүрек жалғағанына мәз. Бәрін де адамның асқақ рухы жеңіп тұр еді. Медбике Ксюшамен тез тіл табысты. Үш айлық тракторшылар курсында оқыған орысшасы, бір жыл соғыстағы командирдің құлақ үйренген боқтығы – Ксюшаны шыр айналдыруға жетіп жатты. – Сен менің қолымды қашан жерлейтінін айт, – деді. – Білсем айтамын. Екі күннен кейін кешегі: “Огонь!” деп ай­та алмай арманда кеткен командирі мен екінші көздеушіні, оқ тасушы Зұмратты жер­ле­ді. Зұмрат екі немісті жер жастандыр­ған­мен, күші басым жау танк пулеметімен оқ жау­дырып, қызыл вагонмен соғысқа бірге шық­қан құрдасы мүрдем кетті. Үстінің сау тамтығы қалмаған, шұрқ тесік. Жол қапшы­ғын ақтарып әдірісін алды. Қапшығы толы қат­қан нан. Жегенінен артылғанын сала беріпті. Ортасынан қақ бөлінген, шеті тістелген қара нанның қалдығы ешқашан жүз грамм құйылмаған қауашағы, қасығымен бірге жүр екен. Ксюша айтқан кезде бауырластар зиратына барды. Үш адам және бір қол мен екі аяқ көмілді. Қол – өзінікі, аяқ – осы батальонның адамдарінікі. Екеуі де жуан саннан кесілген. Танктің снаряды аяқ-қолды қоймайды екен, автомат оғы тисе шұқып алып тастап, дәрі­гер­лер қасқыр сияқты тілімен жалап қатарға қосар еді. Снаряд тиген қол-аяқ борша-боршасы шығып, сүйегі қақ жарылып, үгітіліп, тек ара­мен аралап тастау ғана медицинаның қол ұшын берген көмегі екен. Қол білектен жара­ланса да шынтақтан жоғары кеседі, аяқ тобық­тан жараланса да тізеден жоғары кеседі – медицина ережесі бұл екеуіне келгенде қатал. Шо­лақ пен ақсақ деген сөз осы қатал тағдыр­дың қойған азабы мол атауы болу керек, сірә. Командирінің қасына көздеуші мен оқ тасушы Зұмрат әкәні жерлеп, аспанға оқ атқанда оң қары бүлк ете қап, тапаншасын іздеді. Сонан кейін қой­ма­шы-интендант әкелген екі аяқ пен бір қолды бір ұраға көміп, бетін суық топырақпен бүркеді. Томпиып жатқан Зұмраттың бейітінен үш адым жердегі төбешікке қарап тұрып Нүкештің жүрегі сыздады. Өзімен бірге туған бес саусақты қолы айдалада қалып бара жатыр, соғысқа оң қолымен келіп, шолақ атанып, сол қолымен қайтып бара жатыр. “Енді трактор менің не теңім”, десе де: “Басым осы жерде қалғанда не болар еді, анау қырғыз Бейшенәлиевтің басы бір бөлек, денесі бір бөлек тулап барып қара жермен қақтығыса құлады ғой”. Госпиталға қайтып кеп, қалам ұстап, сол қолымен жазған бірінші жазуы мынау болды: “Укра­ин­ская ССР. Житомирская обл. 104-бригада. 1-проти­во­тан­ковая батарея”. Айбақ-сайбақ болса да жазу ғой. Өзі түсінеді. “Екі қолым болмаса не істер едім, – деді. – Алла сол қолымды серік қып қалдырғанына шүкір”. Адам – арсыз, Адам – тәу­бе­шіл. Командирін жерлеген Нүкеш те белгісіз біреуге бағынып отыр. *  *  * Бірінші рет сол қолымен хат жазуға кірісті. Үйленгеніне үш ай болмай жатып соғыс бас­талып, жар ләззәті мен төсек ләззәтін бұйырт­паған соғысты кінәлап, артында қалдырып кеткен Нұрғанымға жан күйзелісін жеткізіп, үшбу сәлем жолдамақшы. Қара қалам да тұ­қыл­данып қалыпты. Түкіріктеп ап “Нұрғаным” деген сөзді дір-дір етіп әрең жазды. “Н”-сы дұрыс түскенмен басқа әріптері қиқы-жиқы, дәл бір трактор­дың, жо-жоқ, өздеріне қарсы келе жатқан тажал танктің шынжыр табанының ізі секілді кедір-бұдыр. “Сол кедір-бұдыр шын­­жыр табан атқан оқ қой қо­лым­ды жұлып әкеткен. Әкең­нің!” – деп бір көтерілді де қара қалам­ды лақтырып жіберді. Біразда­сын қайта алды. “Бұны лақ­тырсаң, қаламды кім бе­ре­ді?”. Бір айға бір қалам. Ұял­май-қы­зармай өлгендердің қойнынан қара қаламын алып қаламыз. Тірі тірлігін істеу керек. Өлген өлді, енді сен тірлігіңнен хат жазып, хабар беруің керек. Сен де сондай­сың, Нүкеш. Жоқ, әуе­лі Зұм­рат­тың отбасына жа­зайын”. Ке­шелі бері Зұмрат әкә кетпей қойды көз алдынан. “Азамат! Екі немісті көзімше жер жастандырды. Үшінші боп өзі жастығын ала жығылды. Мен ше? Бір танкке тигіздім. Өзім кә­мәндір, өзім көздеуші, өзім... күшім әйтеуір Зұм­рат­қа жетеді. Соған бұйрық бердім. “Оқта” дедім, оқ­тады. “Атып өлтір” дедім, өлтірді. Зұмраттың орнында басқа болса солай бұйыра алар ма едім. Атаңның қақ басы. Аузыңды аша алар ма екенсің әуелі. Қайтсем де Зұмраттың әйеліне хат жазам”. Қаламды сол қолына ап, ақ қағазға ойындағы мақаммен сөз бастады. “Жартылай көрініс. Алтыннан ардақты, күмістен салмақты Зұмрат әкәнің қатынына майданнан хат. Мен Зұмрат әкәмен майдандас қазақпын” деп бір түкіріктеп алғанда қара қаламның ізі былшиып түсті. Өзбек – өз ағам деп, екеуміз жақсы едік, туыс, бауыр едік. Өмірі қысқа болды. Бірақ, неміске есесін жіберген жоқ. Ерлерше кетті сабазың. Мен де жетіскен жоқпын. Шолақпын. Енді елге қайтам. Тағы хабар берермін. Майдандас қазақ Нүкештен”, – деді де, қаламды төс қалтасына салды. “Осыны жазуға жараған қол бәрін істеуге жарайды. Нұрғанымға хат жазуға да жарайды. Бәрін айтып кеп шолақтығымды қалай айтам. Атаңа нәлет, кетіп қап жүрмес пе екен?! Кетсе, жолы болсын. Үйден он саусағым ойнақтап, сап-сау шыққам. Оң қолым қарулы еді, амандасқанда кімнің қолы болма­сын мытып жіберетінмін. Соным асылық болды ма екен? Адамзаттың асылығын аспан шіркін жаңы­лыс­пай жазып тұрады екен-ау. Сол кесілген қолмен Нұрғанымның сауырын құмарын қандыра талай сипадым, сипаймын десе сол қол да оң қолдан кем қалмас” деп түйіндеді де, Зұмраттың әйеліне жазған хатты үшбұрыштап бүктеп, өзін-өзі тоқтатты. “Нұр­ғаным бара бір-ақ көрсін. Үрейін ұшырмайын. Басымның аман барғанына қуанатын қатын болса болар, болмаса өзі білсін. Жер үсті кең ғой”. Ол өзін-өзі осылай тоқтатты. Енді госпитальдан шығар күн де алыс емес. Соңғы сынақтың қорытын­дысын жасап, еліне қайтарады. Бұның бәрін Ксюша сыбырлап айтып жүр. * * * Майдан алға жылжып, госпитальдың уығы жығылып, соғысқа жарамайтын мүгедектер қолына қорытынды қағазын ап кері қайтты. Соның бірі – Нүкеш. Ол шинелін буынып, сол иығына қапшығын іліп, үш күнге үш қалбыр консерві, үш бөлке қара нан алып, оң жеңін салбыратып темір жолға шыққанмен тағы да кері бұрылып қалып қойды. Медбикенің қалпағын киген Ксюша да бала күнгі өкпе ауруы білініп қап майданға жарамсыз боп шықты. Сол қиылып тұрып алғасын қасқа жолдан қайта бұрылып, қыздың үйіне келді. Өзінің қолы көмілген соғыс даласынан бес-алты шақырымдай жердегі украин деревнясы. Шым қорадан кіре бергенде қорс етіп қарсы алған талпақ танау ақ торайдың дауысы Ксюшаның өзіне деген бар мейірімін жұтып жіберді. “Кел, солдат, кел!” деген орта жастан асқан әке-шешесінің де қонақжай көңілін доңыздың бір қорсылы қашырып жібергендей көкірек тұсы мұздап кетті. Нүкеш мұнда ұзақ тұра алмай­ты­нын білді. Бірақ, жеңімді салбыратып, қыстың көзі қырауда елге барғанда кім емірене қояр дейсің деп өзін-өзі тежеді. Сосын Ксюша күлім көзін төңкеріп бір қарағанда, бір көзін сықситып танкіні көздеп, тисе жадырап, тимесе сыздап шыға келетін көкірек тұсы жаз күніндей жылып қоя берді. Иен далада шынжыр табанға тигізе алмаған құмарын бір ай бәкене үйде қандырды. Кәмәндір де, көздеуші де, оқ тасушы да өзі боп нысанадан мүлт кеткен кезі болмады. До­ңыз­дың майы мен қатқан қара нан қарнын ашыр­мады, тек алыстан гүрс-гүрс еткен дауыс естілгенде, “Мен осында неғып жатырмын?” деп ойланып қалады. Бірақ, күн бата Ксюшадан басқаның бәрін ұмытып, гүрсілді де құлағы естімейтін болды. Тек таң атқасын алыстағы гүрсіл де, жақындағы доңыз­дың қорсылы да зығырданын қайнатып, өзінен-өзі тықырши бастайды. Үш айдан кейін: – Мен қайтамын, – деді. – Мені ала кетесің бе? – деді Ксюша. – Оу, менің қатыным бар ғой. Үш-ақ ай отастық. Біздің жақта екі қатын алатын заң жоқ. – Менің де арығым тартылды. Енді ішім шыға бастайды. – Не де болса еліме қайтам. Хабар үзбеймін. Біздің жеңетін түріміз бар ғой... Ксюшаның әке-шешесі де Құдайдан сұ­раған адамдар екен, бәріне көнді. “Баланың атын Жеңісбек қойыңдар”, – деді кетіп бара жатып. – Қайтсем де келемін”. (Осыдан отыз жыл бұрын аузынан шыққан сөз соңғы күндері Нүкештің жанын тырналап жүр. Отыз үш жылда отыз үш рет ақша салыпты. “Ющенко Дженисбеку” деп толтырылған отыз үш түбіртек үйде сақтаулы. Қолда бар малдың басын көбейтті. Мақсаты – сол Жеңісбекке той жасап беру. Жерді мәпелеп, қауын-қарбыз егіп, табысы жаман болмады. Бірақ, Жеңісбекке барып той жасай алмады, енді бір адамдай еншісін беру ойында бар). * * * Елге келгенде Нұрғаным жы­лап көрісті. Қара қағаз алып аңы­рап отырғандар қан­ша­ма, қол-аяғы жоқ томар боп арбаға таңылып келгендерді қайтерсің. Бұл соғыс сұмдықтың бәрін көрсетті ғой. Олардың қасында Нүкеш жаңа туған баладай. Сол қолдан да қалатын тірлік жоқ. Қауыншылар бригадасы бесжыл­дық жоспарды асыра орындағанда аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы ауыспалы Қызыл Туды сол қолына тапсырды. Сонда Ту қолынан түсіп кетті. Өйткені, Туды алып тұрып, хатшының ұсынған қолын алу керек екен, Нүкеш сасып қап, созылған оң қолға Туды тастай сап, сол қолын ұсынды. “Неміс­пен де бетпе-бет келдік, бұл совет адамы ғой, түсінер” деп еді, жоқ, Туды тастауға болмайды екен. Хатшы қаһарына мініп, бригадир­ліктен алып тастады. Соңғы кездері шолақ қолы сыз­дап жүр. Житомирдегі Жеңіс­бек те отызда, соны бір көргісі келеді. Алыста баласы барын ерін ұшынан емексітіп туған ағасына айтқан. “Барсаң тірі қайтпайсың, әйелің өлтіріп жібереді” деді ағасы. Нұрғаным болса: “Өзбек досыңның үйіне, сонан кейін қолым қалған жерге барам деп едің, бармайсың ба?” деп қояды. Әйелдің көңілі әйдік, бірақ әлем-жәлемін ішіне жасырып жүр. “Балам бар”, деп айтқан емес. Бірақ: “Бір медбикемен әмпей-жәмпей болдым”, дегенде: “Жа­ралы солдат не істемейді, он екі мүшесімен қар күрейді ғой”, деді. Әйелінің терісі кең, аузы айтқыш. “Он екі мүшең түгел емес, шо­лақсың ғой”, дегенді сездіріп, ерін ұшымен емексіте білдіріп тұр. Баласына салған ақша түбіртегі бір дорба болды. Үйлену тойына бара алмағанмен атына қомақты қаржы аттандырды. Нұрғанымнан Құдай берген үш ұлы бар, соның тұң­ғы­шына оңаша отыр­ғанда: “Жи­то­мирде өзіңнен он жас үлкен ағаң бар”, – деді. Ол ішкен кезде: “Орманда әкесі бір, шешесі бөлек ағамыз бар. Әлі кездесеміз. Сол үшін бір алып қояйық”, дейтін көрінеді. Соңғы кездері шолақ қолы сыр­қырап жүр. Ұлы Жеңіске де отыз жыл болды, соның қарса­ңында ардагерлерді майдан жол­да­рымен жүргізеді екен дейді. Бұл ешкімге жалтақтап, ешкімнің тізіміне енбей өз қалтасымен барып, жүрген жерлерін еркін басқысы келеді. Үлкен ұлды ертсем бе деп еді, тағы да оның көзінше кемпір де болса Ксюшаға емірене алмаспын, жалғыз шығайын деп түйді. Әйелі мен ағасына: “Қолым сырқырап жүр, қолым көмілген жерге туған жердің топырағын апарып салсам, сырқырағаны қоятын сияқты”, деді. – Елде жоқ істі істейсің, нәлет, – деп ағасы үлкендігін жасап шорт кетті. – Қолыңның топырағы торқа болсын, – деді Нұрғаным. Отыз үш жыл құнттап жинаған “Ющен­ко Дже­нис­беку” деген ақша түбіртегін қоржынның бір бұ­рышына салды. Екі бөтелке ақ арақ алды. “Ксюшамен отырып, өткен өмірді еске алғанда ауылдың арағы деп ішеміз”. Бір қалта тұзы мол сықпа құрт салды қоржынға. Бұл – арақтан кейінгі тіске басар. “Осы ақ құрт пен айран бізді аман ап қал­ған” деп, сондағыларға айтып түсіндірмекші. Жеңісбектің атын атап тұрып бір қалта бидай талқан салды. “Осы талқан бізді талай кеса­паттан алып шыққан, оны былай жасайды”, деп білген орысшасымен айтып тағы да түсіндірмекші. Қалғанын жолай көре жатар. Қазақта “Талқаны таусылды” деген сөз ба­рын баласына айтып, ұғындырмақшы. “Мен, міне, талқаным таусылмағасын сені іздеп келіп отырмын. Ауылыңның түбіндегі со­ғыс­та талқаным таусылса, сен де болмас едің”, деп өзін мысалға алмақшы. Сосын, ыңғайы болса, бірге ала қайтса... Бұл жолы келмесе де, әйтеуір бір ақ жолдың ашылары анық. Пойызға үш ұлы шығарып салды. Бір уыс туған жердің топырағын төс қалтасына салды, дүрс-дүрс соққан жүрегімен бірге топырақ та демалып тұр. Алақанын көкі­регінен алып, денемнің далада қалған бір мүшесі туған жерін жатсынбай іздеп жатыр-ау деп жеңілдеп қалды. – Жеңісбекке сәлем! – деді үлкен ұл қол­тығынан демеп, пойызға мінгізіп жатқанда. – Үшеуіңнің де суреттеріңді алып бара жатырмын. “Алматы-Харьков” пойызы уақтылы кеп, уақтылы жүрді. Әуелі Киевке барады, сосын Житомир, сосын баяғы Боровиха деревнясы. Амандық болса төрт күнде жетеді. Құдайдың құтты күні аспанның қабағын аңдып, сыздап қоймайтын оң қолының түбіртегі, құданың құдіреті, отарба орнынан қозғалысымен сыздағанын сап тыйды. Екі қолы бар адам сияқты денесін тең ұстап, бір әдемі сезім құшағында аттандай шапқан пойызбен бірге қалықтап бара жатқан секілді. Тіпті жүрегінің де сыздағаны сап тиылды. Оң қолы жоқ Адам үлкен жолдың үстінде таңырқап: “Менің жүрегім осы екеу емес пе екен?” деп сол қолын кеудесіне қойды. Барабан секілді дүрс-дүрс соғып тұр. ...Алда ұзақ жол. Қуандық ТҮМЕНБАЙ. ТҰЛПАРДЫҢ ТҰЯҒЫ Қазақтың ұлт болып сақталып қалуына, мем­лекет ретінде қалыптасуына шексіз үлес қосқан ұлы би Әйтеке Байбекұлына топырақ Өзбекстандағы көне қалалардың бірі Нұратадағы ескі қазақтар зиратынан бұйырып, оның бейіті бабасы Сейітқұл әулиемен қатар жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын қызмет бабымен Нұратаға жол түсіп, қос әулиенің басына арнайы бұрылып, аруақтарға тағзым жасап, құран бағыштадық. Көп уақыттан бері қамқорлық болмай әбден мүжіліп, құлауға айналған ескі бейітті көргенде бәріміздің жүрегіміз ауырып, жанымыз күйзел­ді. Сол сапарда: “Шіркін-ай,қос бабаның басын қарайтып, келген көпшілік құран бағыштайтын, тағзым ететін бір айшықты кесене салынса ғой”, деген ізгі арман бәріміздің де көкейімізде болды. Арада біраз уақыт өткенде әлгі өңірден қуа­ныш­ты хабар келді. Бір топ қазақстандық кә­сіп­керлер Сейітқұл әулие мен Әйтеке би кесе­несін салуды қолға алыпты. Осыны естіген соң жақсыны көрмек үшін дегендей тездетіп жолға жиналдық. Барлық мән-жайды Ташкентке кел­ген соң Қазақстанның сол кездегі Өзбекстанда­ғы елшісі Зауытбек Тұрысбековтің аузынан ес­тіп қатты риза болдық. – Сейітқұл әулие мен Әйтеке бидің басына кесене салу мәселесі тәуелсіздігіміздің жалауы желбіреген соң-ақ әңгіме бола бастаған, – деп бастады Зәкең әңгімесін. – Өкінішке қарай, сөз көп болды да, нақты іс болмады. Өзбекстанға ел­­ші болып келген соң, Нұратаға арнайы ба­рып, қос бабаның зиратына соғып, Құран ба­ғыш­тадым. Қазақтардың көне қорымында елеу­сіз жатқан аруақтар мені елші ретінде ғана емес, қазақтың бір перзенті ретінде қатты күйзелтті. Сол сәтте әулие адамдардың рухы маған үлкен парыз бен жауапкершілік жүктеп жатқандығын ерекше бір тылсым күш арқылы сезіндім. Ізгі ниет, әрине, жақсы. Ал оны нақты жүзеге асы­ру үшін парасаттылық пен қажыр-қайрат және қаржы керек. Дағдарыстың белең алып тұрға­нына қарамастан, біз ұлтымыздың рухын биікке көтеретін Атымтай жігіттерді іздестіре бастадық. Бір­де менің жақын досым, маңғыстаулық аза­мат Қаражан Сердалиев белгілі шымкенттік кә­сіп­кер Рахат Байзақовты ертіп келді. Жаңа та­ны­сымның жүзінен сөзден гөрі істің адамы екені кө­рініп тұрды. Ол өз қаржысына Сейітқұл әу­лие мен Әйтеке бидің кесенесін салуға әзір екен­­дігін айтты. Қазақ халқының абыройы, ұлы ба­баларының аруағы үшін білек түріп, үлкен іске белсене кіріскелі отырған жігітке риза болдым. – Нағыз азамат екенсің, бауырым! Олай болса, ісіңе сәт,– дедім риза болып – Осы игі іске үлес қоссам деп жүрген 5-6 жігіт бар. Бұған қалай қарайсың? – Шын пейілдерімен кірісем десе, қарсылығым жоқ,- деді Рахат. Көп ұзамай әлгі Атымтай жігіттер бәріміз бас қосып, ата-бабаларымыз армандаған істі бастауға келістік. Арада бір апта өтпей жатып, Рахат бірінші болып қаржы қосып, құрылыс жұмыстары басталып кетті,– дейді Зауытбек Тұрысбеков өз әңгімесінде. Нұрата қаласындағы ескі зиратқа біраз уақыт өткізіп, қайта ат басын бұрғанымызда, бізді мүлдем басқа көріністер қарсы алды. Негізгі құрылыс жұмыстары басталыпты. Осы жолғы сапарда ғой, бабалар рухына бас иіп, өз ұлты­ның тарихын, мәдени мұраларын қастерлейтін, ұлы аталарының кесенесін салуға қаржысын да, қажырын да аямай жүрген жомарт жігіттермен жақсылап тұрып танысқанымыз. Рахат Байзақов, Қаражан Сердалиев, Бернард Сердалиев, Ар­ын­ғазы Беркімбаев, Есенғали Байменов, Иба­долла Қалыбеков, Шахарбек Усманов, Алтын­сары Үмбетәлиев есімді азаматтар Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінде тұрады екен. Бәрі де әр саладағы кәсіпкерлікпен шұғылданып, өз нә­сіптерін тауып жүр. Олардың басын қосқан игі мақсат – ел болашағын, ұлт келешегін ойлау, ұлы бабалардың халқы үшін жасаған еңбегін бағалап, қазіргі ұрпаққа жеткізу сияқты ізгі ниет болып табылады. Әрқашанда ел игілігі үшін үлкен істер атқа­рып жүрген зиялы азамат, шымкенттік белгілі кәсіпкер Рахат Байзақов сонау орта ғасырдағы Самарқан қаласын 47 жыл билеген Жалаңтөс баһадүрдің жетінші ұрпағы болып келеді. Арынғазы Беркімбаев батыс өңіріне есімі белгілі, орақ ауызды, от тілді шешен, әділ би атанған Дәр­бісәлінің бүгінге жеткен тұяғы. Қаражан мен Бернард Сердалиевтер ХІХ ғасырдағы са­наулы зиялыларымыздың бірі, өзінің үлкен суретшілік дарынымен Шоқан Уәлихановты таңғалдырған Сердалы Бекшориннің туған шөберелері. Ша­харбек Усманов көрнекті мемлекет қайрат­кері, жұртым дегенде жүрегін жұлып беріп, 1937 жы­лы халық жауы ретінде атылған Темірбек Жүр­­геновтің немере інісі. Ал Есенғали Байменов, Алтынсары Үмбетәлиев және Ибадолла Қалыбековтер болса, бұлар да тектінің тұяқтары. Біз тағы бір барғанымызда кесене құры­лысы­ның басталғанына онша көп уақыт бола қоймаса да, көптеген игі істер жүзеге асы­ры­лыпты. Атап айтқанда, ғимараттың сыртқы жұ­мыс­тары толық аяқталып, бабалар рухын асқақ­тататын кесененің жанынан бой көтерген мед­ресе, жолаушыларды қабылдайтын қонақ жай, жуынып-шайынатын орындардың құрылысы қызу қолға алыныпты. Осы игі іске өзіндік үлес қосқан кәсіпкер Алтынсары Үмбетәлиев өз қар­жы­сына 136 метр тереңдіктен таза ауыз су шы­ғарып беріпті. Сондай-ақ, бүкіл кесенеге электр қуатын беретін қондырғы іске қосылыпты. – Дала қыраны бүркіттердің түр-түрі болады. Біреуі тапқан олжасын басып жейді, ал біреулері шашып жейді. Рахат маңдай терімен, қажырлы еңбегімен келген дәулетін ел игілігіне арналған істерге арнап жүрген өр тұлғалы азаматтың бірі. Кейде мен бұл інімді қияға қанат қаққан қыран бүркітке теңеймін, – дейді игілікті іске өзіндік үлес қосып жүрген Қаражан Сердалиев ағынан жарылып. 2009 жылдың 31 шілдесі күні түбі бір, тегі бір түркінің бір бұтағы – өзбек жеріндегі киелі де көне Нұрата қаласында қазақтың рухын биікке көтерген айтулы оқиға болды. Сейітқұл әулие – Әйтеке би кесенесінің ашылу рәсіміне қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қандастар қос бабаның басында қауышып жатты. Халық көп жиналған бұл басқосуда Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы сол кездегі Өкілетті және төтенше елшісі Зауытбек Тұрысбеков, сол көрші елдегі Науаи облысының бас имамы Сейітқожа Насреддин және басқалар сөз сөйлеп, Сейітқұл әулие мен Әйтеке бидің ұрпақтарының бірлігі мен ынтымағының өркендеуіне қосқан ерен істеріне үлкен баға беріп, қазақ халқының үш жүз жыл бойы күткен қуанышты оқиғасымен құттықтады. Жиналған жұртшылық қос бабаның кесенесін салуда үлкен азаматтық пен ұлтжандылық, жігерлік пен табандылық көрсеткен Атымтай жомарттарға үлкен құрмет көрсетіп, үстеріне шапан жапты. Небір жайсаңдар мен жақсылар жиналған осы басқосуда Жалаңтөс Баһадүрдің ұрпағы Рахат Тұрғанбекұлы Байзақовтың есімі ерекше аталып, ел алғысын жаудырып жатты. Сол күні Рахат бастаған жігіттер бабалар рухына арнап құран бағыштап, ас берді. Сонда үлкен тебіреністе тұрған оны әңгімеге тартқанбыз. – 25 жасында Кіші жүздің бас биі болған Әйтеке бидің қазақ тарихында алатын орны ерек­ше. Ұлы бабаның жүздеген жылдар бойы сұраусыз, іздеусіз жатуы менің де қабырғама қатты батушы еді. “Көз қорқақ, қол батыр”, деген осы. Бүгін кесененің ашылу рәсімі болып, бәріміздің мерейіміз асқақтады. Әруақтар бір аунап түсті. Халықтың ақ пейілімен салынған ай­шықты кесенеге жанымдағы Атымтай жомарт­тар сияқты үлес қосқанымды өзіме үлкен бақыт санаймын, – деді Рахат ерекше тебірене сөйлеп. Белгілі кинооператор Сәрсенбай Тәжімұра­тов екеуміз Әйтеке би туралы деректі туынды тү­сіру мақсатымен Ташкент, Самарқан, Науаи, Нұ­рата қалаларында болып, көптеген адам­дар­мен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен сұх­баттастық. Жүректен шығып, жүрекке жеткен сол шынайы сөздер біздің жүрегімізде әлі де сайрап тұр. Өзбекстандағы Науаи облысының бас имамы Сейітқожа Насреддиннің сөзі жан толқытарлық. – 1929 жылы Нұрата мен Науаиды жалғас­тыратын төте жол салынатын болып, жергілікті билік орындары Сейітқұл әулие мен Әйтеке би жерленген ескі қазақ зиратын бұзу жөнінде ше­шім шығарыпты, – дейді әңгіме иесі. – Олар­дың бұл ісіне менің әкем Насреддин ишан бас­таған өзбектер қарсы шығып: Бейітке тиісуші бол­м­аңдар, онда бір қазақ қана емес, бүкіл өзбек, тәжік, қырғыз үшін аса қадірлі саналатын қос әулие жатыр. Құдайдан қорқыңдар, аруақты сыйлаңдар!” – деп бәрі тас түйін болып, кетпен-күректерін көтеріп келгендерді зиратқа жібермей тұрып алады. Көптің қаһарынан қорыққан шолақ белсенділер райынан қайтып, қасиетті қорым аман қалыпты. Бейітті қорғауды Насреддин ишан маған өз перзенті ретінде аманат етіп тастап кетті. Мен әке сөзіне адал болдым. Осы екі әулиенің басына бір еңселі кесене салу қазақтардың ғана емес, өзбектердің де ізгі арманы еді. Күмбез орнатамыз деп кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңізші. Алла тағала бір сәтін салып, Зауытбек елші игі істі қолға алды. Алланың нұры жауғыр Рахат інім бастаған жігіттер жиған-терген қаржысымен, үлкен құрылысты бастап та жіберді. Айналасы 5-6 айдың ішінде кесене бой көтеріп, Сейітқұл әулие мен Әйтеке бидің рухы асқақтады. Жігіттердің бұдан кейінгі қолға алған істері де табысты, өміршең болғай! Жүректен шыққан ақ тілектер осылайша жалғаса береді. Шөп өсетін жерге ғана өседі. Халқы мен ұлтының болашағын әріден ойлап жүретін Рахат Байзақов соңынан ізгіліктің іздерін қалдырып жүрген еңсесі биік азамат. Жақында оны Астанаға жұмысқа ауысты деген хабар естідім. Иә, елордада да жұрт, халық мүддесін ойлайтын азаматтардың көп болғаны жақсы ғой. Жауынменен жер көгереді, алғыспенен ел көгереді деген. Жұмысың жемісті болсын, азамат! Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, халықаралық “Түркі әлемі” телестудиясының бас директоры.