Бүгін Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен БАҚ өкілдері арасындағы шағын футболдан Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетті.
Осымен 20-шы рет өткізіліп отырған спорт додасына биыл 22 команда қатысты.
«Проспорт» командасына 1:2 есебімен есе жіберген «егемендіктер», «Қызылжар» командасын 4:2 және «Казспорт» құрамасын 7:0 есебімен тізе бүктіріп, топтық кезеңнен өтті.
Бұдан кейін 1/4 финалда 2:1 есебімен ОҚО-2 командасынан басым түсіп, жартылай финалда «Хабар» телеарнасын да дәл осындай есеппен ұтты (2:1).
Финалдық кездесуде «Егемен Қазақстанның» жігіттері Оңтүстік Қазақстан облысының БАҚ өкілдерінен құралған ОҚО-1 командасымен кездесті. Тартысты матчта «егемендіктер» қарсыластарын өздеріне үйреншікті 2:1 есебімен тізе бүктіріп, турнирдің жеңімпазы атанды.