Алқалы жиынға орай Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтіп, оған «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлназ Атамқұлова қатысты. Ол алдымен ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық саясаттың негізгі міндеті агроөнеркәсіптік кешенді барынша тиімді дамыту үшін ішкі және сыртқы қаражатты тартуда қолайлы жағдай жасау екенін айтты. Қазіргі қолданыстағы аграрлық сектордың заңнамалық базасы әлемдік нарықтық экономика талаптарына сай келеді және бірінші кезекте, кәсіпкерлікті қолдау мен қорғауға бағытталған. Бұл «Doing Business» рейтингтерімен дәлелденген.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық сектор ел экономикасының жаңа драйвері болуы тиіс екенін жеткізді. Осы мақсатта 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оған сай негізгі басымдық бәсекеге қабілетті әрі нарықта сұранысқа ие болатын ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге берілмек. «ҚазАгро» холдингінің кредиттік және инвестициялық саясаты саланың барлық мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып түзетілген. Бұдан өзге, Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптарына сай келетін жоспар қабылдаған. Холдинг осыны орындау үшін биыл инвестициялар тарту стратегиясын бекітіп, сол бойынша ақпараттық-имидждік шараларды өткізбек», деді Гүлназ Төреханқызы.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік міндеттерді іске асыру үшін «ҚазАгро» бұл салаға инвестицияларды көптеп тартуда ауқымды жұмыс жасауда. Холдингтің инвестициялық бағдарламаларын қаржыландырудың негізгі көздері – ішкі және сыртқы капитал нарықтарынан тартылған қаражат. Спикердің айтуынша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын дамыту үшін «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниялары да шетелдік капиталдарды тарту үшін барын салуда. Осының нәтижесінде соңғы бес жылда салаға жалпы көлемі 375 миллиард теңгеден асатын шетелдік инвестиция құйылған.
«Қазіргі таңда он жылға 100 миллион еуро алу үшін Еуропалық инвестициялық банкпен келіссөз жүргізілуде. Бұл қаржы еліміздегі аграрлық секторда климаттың өзгеруі мен оның зардаптарын жеңілдеуге, ауылдық шағын және орта кәсіпорындарды дамытуға және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіші және орта жобаларын жүзеге асыруға жәрдемдесуге жұмсалмақ», деді басқарма төрағасының орынбасары.
Агроөнеркәсіптік кешенге тікелей инвестиция тартудың бір түрі тікелей инвестициялық қорлар десек, бастапқы капиталдандыру 40 миллион долларды құрайтын бірлескен қазақ-венгр тікелей инвестициялық қоры бұл бағыттағы тұңғыш бастама болып табылады. Гүлназ Атамқұлованың айтуынша, қосымша инвесторлар тарту арқылы қордың капиталдануын 150 миллион долларға дейін ұлғайту жоспарлануда. «Бұл қор АӨК-тің іске асқан, бірақ қазіргі таңда қаржы тапшылығын тартып отырған жобаларын дамытуды, мал, құс, жеміс-көкөніс, балық шаруашылығы, сүт өндірісі, дәнді және майлы дақылдарды, ауылшаруашылық техникасын құрастыру бағытындағы жаңа жобаларды қаржыландыруды көздейді. Сонымен қатар технологиялардың трансферті мен жобалардың менеджмент сапасын жетілдіруге қызмет етеді», деген ол тікелей инвестициялық қор аясында Ақмола облысында тауарлы сүт фермасы мен минералды тыңайтқыштар зауыты жобалары қарастырылғанын мәлімдеді.
«ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары «AgroInvest Forum 2017» форумы жайында әңгімелеп, оған Азия даму банкі, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы, Ислам даму банкі, Халықаралық электронды сауда алаңының және тағы басқа ұйымдардың өкілдері қатысатынын айтты. Шарада қазақстандық өндірушілер агрожобаларды іске асыру мен инвесторлармен жұмыс істеу тәжірибелерімен бөліседі екен. Содан кейін қазақ-венгр қорының Ақтөбе облысындағы жылыжай кешені жобасын іске асыру бойынша алғашқы келісім бекітіледі.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»