15 Қазан, 2011

Басты мақсат – Қазақстанның саяси ұстанымы мен жетістігін көрсету

515 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
1991 жылы 16 желтоқсан күні ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткізген қазақ халқы тәуел­сіз Қазақстан мемлекетін құрып, өзінің егемен ел болғандығын әлемге жариялады. Сол күні ал­ғаш­қы болып Түркия Қазақстан­ның тәуелсіздігін таныды. Содан кейін өзге елдер де мойындап, тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа өз­дері­нің құттықтауларын жол­да­ды. Әлемде 200-ден астам мемлекет болса, соның 150-дей елі бү­гін­гі таңда Қазақстанмен достық бай­ланыстар орнатып, ынты­мақ­тас­­тық келісім-шарттарына қол қойды. Қазақ елі Біріккен Ұлт­тар Ұйымы, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы секілді халықаралық беделді ұйым­дар­дың белсенді мүшесі болды. Адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселелерді көтеріп, әлем елдерінің қолдауына ие бол­ған ұтымды ұсыныстарға ба­с­та­машылық етті. Елбасымыз ал­ғаш­қы күннен бастап елдің ішкі және сыртқы саясаттағы ұста­ны­мын айқындап алды. Ашық, демократиялық саясат жүргізген Қазақстан шет елдермен достық қарым-қатынас орната білді. Осы жылдар ішінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың сындарлы да сарабдал саясатының арқасында әлемдік қоғамдастықта үлкен беделге ие болды. 2007 жылы Мадридте өткен Сыртқы істер министрлерінің ке­ңесінде Қазақстанның 2010 жы­лы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ту­ралы ұсынысы бірауыздан қолдау тап­ты. Өткен жылы еліміз бұл мис­сия­ны абыроймен атқарып шық­ты, аталған Ұйымның қыз­метіне тың серпіліс берді. Төр­аға­лық кезінде Қазақстан Ұйым­ның мақсат-міндеттеріне қатыс­ты іргелі істер­дің жүзеге асуына қол жеткізді. 2010 жыл Қазақ елі үшін құтты жылдардың бірі бо­лып әлем та­рихында жазылып қалды. ЕҚЫҰ Саммиті 1999 жылы Ыстамбұл қаласында өткен еді. 11 жылдан бері ұйымдас­ты­рыл­ма­­ған ЕҚЫҰ Саммиті Астана қала­сында болды. Яғни, айтулы маңызды шараны әрқашан ынты­мағы жарасқан түркі халықтары ұйымдастыра білді. Бұл да бір үйлесім тапқан тарихи байланыс деп ойлаймын. Астана Саммитінде ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемле­кет­тің басшылары бас қосты. Астана Декларациясы қабылданды, бұл құжат ЕҚЫҰ беделінің Еуразия кеңістігінде нығая түсуіне негіз қалады. Биыл Қазақстан Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымы­на жетекшілік ету міндетін өз қолына алды. Осы тұр­ғы­да халықаралық және ай­мақтық қауіпсіздікті ны­ғай­ту­ға, Ислам әлемі мен Батыс арасындағы үнқа­ты­су­ды жақы­ндастыруға бас­ты назар аударып отыр. 28-30 маусым күндері Астанада өт­кен ИЫҰ Сыртқы істер министр­лерінің 38-ші кеңесінде Қазақ­стан ұсынысы бойынша Ислам Конференциясы Ұйымы деп ата­лып келген осы беделді құ­рылым Ислам Ынты­мақтас­ты­ғы Ұйымы деген жаңа ғасырдағы жаңа атау­ға ие болды. Өзінің айдарбелгісін де (логотип) өзгертті. Бұл барлық мү­ше елдер тарапы­нан қолдау тапты. Мемлекеттер арасындағы қа­рым-қатынастың дамуына парламентшілер де айрықша үлес қо­сып келеді. Парламентаралық бай­ланыстар елдің саяси-эконо­ми­калық тұрақты өркендеуіне, қо­ғамға қажетті заңдарды шы­ға­ру­да тәжірибе алмасу ісінің нә­ти­желі болуына зор ықпал етеді. Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сінде 58 елдің парламентімен ынтымақтастық тобы жұмыс істейді. Парламентаралық Одақ, Ис­лам Ынтымақтастығы Парла­мент­аралық Одағы, Азия Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­блеясы (ЕКПА), ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕурАзЭҚ Парла­мент­аралық Ассамблеясы, Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы және басқа да халықаралық парламенттік ұйымдармен белсенді қарым-қатынас жүргізіліп отыр. Өткен жылғы 28 қа­зан­да Санкт-Пе­те­рбург қаласында «ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүм­кіндіктер» тақырыбында халықаралық парламенттік конференция болып өтті. Сондай екі басқосу Алматы мен Астана қала­ларын­да да өткізілді. Осы басқосу­лар­дың мақсаты – Қа­зақстанның бейбітсүйгіштік сая­­сатын әлем­дік қоғамдастық өкіл­дері­не та­ныстыру, рухани және қо­ғам­дық келісімді сақтау, қауіп­сіз­дікті ны­ғайту, ядролық қауіп-қа­тер­ді бол­дырмау жөнін­дегі Қа­зақ­стан Президенті Нұр­сұлтан На­зар­баев­тың бастама­сы­мен жү­зе­ге асып отыр­ған істерімізді та­ғы да бір көр­сету. Бұл жиын­дар­дың ойдағыдай жүзеге асуында және елімізді әлем­ге та­нытуда Қа­зақстан Пар­ламенті­нің депу­тат­тары үлкен белсенділік көр­сетті. Депутаттар шетелдік мей­ман­дарға, әсіресе, парламентшілерге, танымал саясаткерлер мен беделді сарап­шы­ларға Қазақ­стан­ның ұстанған бағытын, Мемлекет басшысының жүргізіп отыр­ған саясатын түсіндіріп келеді. Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сі­нің ұйымдастыруымен 29 қыр­күйек күні «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: тәуелсіздікке – 20 жыл» деген тақырыпта халық­а­ралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл конферен­ция­ға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы парламенттерінің, халықаралық және қоғамдық ұйым­дардың, бірқатар министр­лік­тер мен ведомстволардың өкіл­дері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Олар Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы рөлі мен беделі жайлы өз пікірлерін ор­таға салды. Алдағы кезеңде ат­қарылатын жұмыстар жөнінде ұсы­ныстар жасалды. Мем­ле­ке­ті­міздің 20 жыл ішінде қол жеткізген табыстары сөз болды. Оған конференциядағы баяндамашы­лар­дың «Тәуелсіздік пен ұлттық ой-сананың жетілуі», «Тәуелсіз­дік – жаңа Қазақстанның басты байлығы», «Қазақстан барысы мен Беларусь зубры: 20 жыл бо­йы бірге», «Нұрсұлтан Назар­баев­тың еуразиялық жобасы: ресейлік көзқарас», «Қазақстан қа­зір­гі геосаяси шындық ала­ңын­да» деген тақырыптардағы баян­дамалары арқау етіп алынды. Әсіресе, осы ғылыми конфе­рен­цияға қатысқан шетелдік жә­не отандық ғалымдар мемле­кеті­міз­дің табыстарына тарихи баға берсе, халықаралық сарапшылар саяси-экономикалық әлеуетімізді таразылады. Өздері де Қазақстан туралы мол мағлұмат алды. Бұл маңызды шараның жоғары дең­гей­де өтуіне Мәжілістің Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитеті айрықша ат­салысты. Дер кезінде жүзеге ас­қан бұл конференция тәуелсіз елі­міздің әлемдегі беделін арт­тыру­ға қосылған қомақты үлес болды. Сонымен қатар, басқосу қорытыныдысында Үкімет пен Парламентке, басқа да тиісті ор­ган­дарға нақты ұсыныстар жол­дан­ды. Мұндағы мақсат – халық­тың игілігі үшін пайдалы іс ат­қару. Мемлекетіміздің дамуына, ха­лықтың жағдайы жақсаруына жасалған әрбір жұмыс қашанда өз нәтижесін береді. Уәлихан ҚОҢЫРБАЕВ, Мәжіліс депутаты.