Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Періштелері сақтаған сәбилер

410 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бөлменің ортасына кесеге жағылған балауыз шам бір жағына қисайып барып құлап түсті. Басындағы кішкентай қызыл тілі маңайына от шашып, жанталаса өрши жөнелді.

Періштелері сақтаған сәбилер

Қараңғылықты қақ жарып, алдымен еденде жатқан ескі төсенішті жалмады. Одан шыққан қызыл жалын төбеге ұмтылып, мұрын жарар ащы иісі бөлмеге жайылды. 

Қабырға жанындағы төсекте жат­қан мүгедек бала – он жасар Қайрат қоңы­рсыған күйіктен оянып кетті. Құ­лағы естімейтін, тілі де жоқ ол өзінше ыңырсып, аяқ-қолын ербеңдетіп, «жан шақыра айқайлағанын» келесі бөлмеде жатқан қарындастары естімеді. 

Жалын ұлғайғанда барып өткір иіс жартылай ашық есіктен жапсарлас бөл­ме­ге ұмтылды. Еденге салынған төсектегі екі қыздың үлкені, жеті жасар Динара көзін ашқанда түн қараңғылығынан маңай көрінбеді. Ащы иіс қолқасын алып барады. Басын көтеріп жан-жағына қа­рап еді, есіктің ар жағында ойран са­лып жатқан қызыл жалынды көрді. Үй ішінде өрт шыққанын санасының түк­піріндегі бір сезіммен түйсінді. Ор­ны­нан атып тұрып, есікке жүгірді. Бөлме ор­тасындағы орындыққа шалынып құ­ла­ды. Қайта тұрып от ішінде қалған мүгедек ағасына жетті. Ол аяқ-қолын ер­бең­детіп, өзінше айқайлап «ы-ы-ы» деп жан­ұшырып жатыр екен. Қарындасын көре сала «терезені бұз» деген белгі берді, қолын сермелеп. Динараның есіне есікті көкесі кетерінде сырттарынан жауып кеткені түсті. Мылқау ағасының тілін кіш­кентайынан түсініп қалған қыз пеш ал­дында жатқан отын жаратын балтаны ала салып терезеге ұмтылды. Жалын өршіп барады...

Динараның балғын білегінде қанша күш болсын, барын салып, ұрғылап жатып терезе жиегінің ортасындағы айқышты бұзды. Күл-пәрше болып жатқан әйнекке қарамай, ағашын сыртқа қарай сындырып түсірді. 

Төсекте жатқан ағасын сүйрелеген қалпы терезе жақтауына шығарып, ары итеріп жіберді. Әйтеуір түнгі дала оттан аман ғой дегені болар. Не істеп жүргенін өзі де білмейді. Жанұшырып жүріп, бас­қа­ларды көмекке шақыру ойына де келген жоқ. Ағасын арғы жаққа домалата салып, ар­тына қайырылып екі сіңлісін құтқаруға ұмтылды.
Өрт екінші бөлменің есігінен өтіп, төріне ұмтылды... 

Динара тәтті ұйқыда жатқан төрт жасар сіңлісі Айдананы құшақтай ала өрт ортасынан жүгіріп өтіп ашық терезеге жетті. Кішкентай қыз ұйқылы-ояу «Апа...апа...» деп сандырақтады. Оны да терезеден сыртқа лақтырды. Ар жақта не болып жатқанын кім білсін. Қыздың санасында оларды қауіпсіз жерге әкету мақсаты ғана болды. Әлі төргі бөлмеде от ортасында бесіктегі Айсана бар...

Қоржын там үйдің өрт басталған бөл­ме­сіндегі бөренелер құлап түсіп жатыр. Динараның денесіне сарт етіп, жанып жатқан ағаштың шеті тиді. Көйлегінің етегін от шарпыды. Оған да қарамаған қыз түпкі бөлмеге ұмтылды. Денесін қа­рып барады. От балалар жатқан тө­сек­ке жақындап қалыпты. Төрдегі бе­сік­те нәресте алаңсыз ұйықтап жатыр. Мына у-шумен де, келе жатқан ала­пат өртпен де жұмысы жоқ. Келе сала бесіктің белбеуін ағытып жіберіп, сіңлісін жалаңаш қалпында суырып алды. Қолына түскен жаялықпен орай, бесікке жабылған көрпені іле кетті. Осындай қысылтаяңда жетідегі бала түгілі ересек те есін жоғалтып алады. Динара бол­са естияр адамдай сырт­та әлі көктемгі түн­нің ызғары барын еске алып, бө­песін орайтын көрпесін ұмытпады. Өзінің көйлегінің от шалған етегін қолымен жинап өшірген болды. Алақаны удай ашығанын да ауырсынбады. Ол баланы алып орталық есіктен аттағанда өрт бесікке де жеткен болатын...

Қарыған оттан денесі удай ашы­ғанына қа­рамай жанұшырған қыз бөпесін терезе жақтауына қойды да өзі сыртқа қарады. Дала тастай қараңғы, ештеңе көрінбейді. Тек құлағына Айдананың жылап жатқаны, Қайраттың ыңырсыған үні келеді. Есін сәл жинағандай болған ол екі бауыры сияқты кішкентай сіңлісін сыртқа лақтыра алмайтынын білді. 

Шырылдап жатқан Айсананы қайта­дан қолына алып, бауырына қысқан қал­пы терезеден секірді. Топ етіп жерге емес, терезе түбінде жатқан ағасының үсті­не түсті. Байғұс бала қарындасы тере­зеден итеріп жіберген қалпында түс­кен жерінде жатыр еді. Қайрат қарын­дастарын сол жатқан қалпында денесімен қатты жерге түспесін деп құтқарып қал­ғандай болды. Аяқ-қолы жұмыс істе­мейтін баланың қолынан басқа не кел­сін. Тек сол сұмдықтың болып жатқанына қарсылығындай «ы-ы-ы» деп үн шығарды. Оның қасында Айдана селтиіп жылап тұр... 
Сіңлісін жерге соғып алмайын деп ойлаған әпкесі оны жоғары ұстаған болатын. Құдай сақтап, Айсана ағасы мен әпкесінің үстінде, құрақ көрпеде ораулы жатты...

Динара тез есін жинап, енді бауыр­ларын өртеніп жатқан үйден аулақ, қауіпсіз жерге таси бастады. Алдымен Қайратты сүйрелеп жеткізіп, шоқитып отырғызып қойды да, көрпеге ораулы Айсананы құшақтатты. Нәрестенің шырылдап жатқанына қарауға шамасы болмады. Содан соң терезе алдында бақырып жылап тұрған Айдананы жетектеп алып келді. Өзінің күйген жерлерінің удай ашып жатқанын енді сезді, жалаң жұқа көйлектен де ызғар өтіп барады. Үстерінде ұйықтағанда киетін желбегейлері ғана бар балалардың тістері тістеріне тимей сақылдады.
Ауыл таң алдындағы тәтті ұйқы құша­ғын­да болатын. Анда-санда саққұлақтар ғана үріп қояды. Адырбектің, яғни бұлар­дың үйі ауылдың ең шетінде еді. Содан ондағы жағдайдан ел-жұрт хабарсыз-тын. Үйдің терезесінен көрінген қызыл жалынды көрші ақсақал сыртқа шыққанда байқап қалды. Жанары түнде нашар көрсе де жүрегі бір жамандықты сезіп, үйіне кіріп, ұлын оятты. Солар арқылы ауыл түгелдей құлақтанып, естиярлары өрт шыққан үйге қарай күрек, шелегін сүйрелей жүгірді. 

Ауылдастары жеткенде төрт бала бас­паналарынан бір сәтте айырылып, көк­темнің суығы өкпелерін қарып, өр­теніп жатқан баспаналарының жанын­да қорғансыз халде тұр еді. Денесі күйік­тен­ ашып бара жатқан Динара құшағына қысып, шырылдаған сіңлісін жұбата алмай әлек. 
Айналдырған бір сағаттың ішінде топты баламен өз күнін әрең көріп отыр­ған Адырбектің үйінің шаңырағы орта­сына түсіп, қаңқиған төрт қабырғасы ғана қалды.

Еркектер жағы тағы біреулер қалмады ма деп ішке ұмтылды.

− Әке-шешелерің қайда? – деді мына сұмдықтан шошыған ересектер. 

− Қалаға көкөніс сатып кеткен, – деп Динара аузын әрең икемге келтіріп жауап берді. 

− Әй, қу тіршілік-ай!

− Көк-сөк сатып, осыларды асырап жүр ғой...

− Құдай сақтап, мына шиеттей бала­лардың аман қалғанын айт! – деп шулады әйелдер, төрт бала есіктен өздері қашып шыққандай. Ешқайсысы да жеті жасар қыздың көзсіз ерлікке барып, құлыптаулы үйден бауырларын құтқарып қалғанын сезіп тұрған жоқ. Тіпті ересек адамның өзі мынадай өрттен үш адамды құтқару үшін отқа оранып тәуекелге барар, бармасын ойға да алар емес. Сәбилерді періштелері қақты деген осы-ау! 

...Түнімен жүріп, қаланың таңғы базарына көкөністерін көтермелей өткізіп көңілді оралған Адырбек пен әйелі үйлеріне жақындағанда шаңырақтары ортасына түсіп, қаңқиған қабырғаларды көрді. Төбе шаштары тік тұрып, екеуі бірдей тіл-ауыздан қалды. Бір кезде есін жиған Зейнеп көліктен секіріп түсіп үйге қарай: «Құлындарым-ау!» деп дауыс сала жүгірді. Адырбек рөлге басын қойып, өкіріп жіберді. 

Ерлі-зайыптылардың қаладан орал­ғанын көріп көрші ақсақал бала-шаға­сы­мен келіп, жағдайды түсіндірді. Жама­ғайы­нының үйіне жіберген балаларын алдырды. 

Динараның ерлігін ата-анасы мен ауыл­дастары ертесіне естерін жиғанда барып түсінді. Алланың кішкентай жүрекке төрт өмірді сақтап қалардай осынша үлкен қайрат бергеніне таңданысып, шүкіршілік етісті.

Сәуле ДОСЖАНОВА, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Астана

Соңғы жаңалықтар