Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Бақытты болу формуласы

1649 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ертеде жазу-сызу болмаған­дықтан көшпенді бабалар тұр­мыс-тіршілігін тасқа қашап жазып, арман-аңсар ақпаратын ою-өр­негіне салып қалдырды.

Бақытты болу формуласы

Ұлт­тық дүниетаным ерекшелігін та­нытатын оюларды ғылыми түрде дамытып, рухани қазына ретінде айналымға енгізуде Ә.Марғұлан, Б.Ибраев, Қ.Мұратаев бастаған ға­лымдарымыз көп еңбек сіңір­ді. Бірақ оны тұтас ғылым ре­тін­де қарастырып, ептілікке, іскер­лікке, шеберлікке баулитын өр­нек­тердің жарасым, үйлесім, сән, парасат, жы­лылық, сұлулық, ой­лылық сый­лайтын қасиетін ашуда сиқырдың тілін білетіндер сылбырлық танытып келеді. 

Жақында «Түрі де, атауы да көп қазақтың ою-өрнегінде кеңіс­тіктің жұмбағы жасырулы. Ою – табиғаттың айнасы. Әр оюдың тілі бар. Оюды өз өміріне дұрыс пайда­лана алған, қажетіне қисынды үйлестіре алған адам өзі қалаған бақытқа, денсаулыққа, жетістікке қол жеткізе алады» деген пікірді оқыдық. Қазақтың тұрмысы мен дәстүріндегі ою-өрнектің орнын жақсы бағамдай білген астаналық Елена Гомер бұл пікірге ұлттық оюл­ар әлемін әлденеше жылдан бері зерттеп жүргеннен кейін кел­генін айтады. Нәтижесінде, қазақ ертегілері желісімен бірнеше фильм түсіріп, продюсерлік жұмыс­пен айналысатын Е.Гомер «Раду­жная матрица» атты отандық фэн-шуй жобасын жасақтап шыққан. 

Біз қалайық-қаламайық, бүгінгі күні үйіне, кеңсесіне, үй ішіндегі әр­бір бөлікке, бөлмелерінің ор­на­ласуына, ішіндегі жасау-жи­һаздарына дейін мән беріп, ола­р­дың орналасуынан энерге­ти­калық мағына іздейтін, солай жасаса баршасы бақытты болып кететіндей, байып шыға келетіндей жапырыла оқып, жасауға асық болып жүретін Қытайдың фэн-шуй дейтін ілімі бар және ол өз қа­лауынша табысты жұмыс істеп келеді. Сыртқы есігі­не сың­ғыр­ла­ған қоңырау тағып, сызылған бикеші қарсы алатын алқызыл түсті дүкендерді кез келген ірі қалалардан самсатып ашып тастағандарына қарағанда, қытайдың бұл ілі­мі­не қызығушылық бүгін-ер­тең жойылмайтын сияқты. Сан ғасырлар бұрын халық ұғымы­на сіңіп, тұрмысына еніп кет­кен осы қытайлық ілімді Елена Гомер түбірімен жоққа шыға­рып отыр. «Әрине, фэн-шуйдың артықшылығы, қылдай нәрсесін қа­ламмен жазып, қағазға түсі­ріп, құжаттап қоятын қытай хал­қы­ның тиянақтылығы мен мұқият­тылығынан туындайтын шығар, ал қазақтың даламен, табиғатпен үйлесімде, терең танымынан туған дәстүр-ұғымдары жүйеленбей, шашыранды өмір сүргенінен баға­ланбай келе жатыр», дейді Елена ханым. 

Аузымен тиын тістеген, өзі бір төбе алтынның үстінде отыратын көлшікте жүрген күлімсі бақаның бақуатты жандардың үйінің төрі­нен ғана емес, кабинетіндегі кең үстелінің үстіне де қонжиып алып, иесін әне-міне байлыққа ке­нелтіп тастайтындай бақырайып отыратын сиқына кәдімгідей ашу білдірді. «Тұрып қалған тоспа суда, борсыған батпақтың ішінде өмір сүріп жүрген кебеже қарын құрбақа қалайша адамды байлыққа бастамақ? Байлықтың белгісі – түйе, ал бақуаттылыққа жетелейтін жол – қазақтың ою-өрнектері», дейді оюдың қасиетін зерттеп жүрген орыс келіншегі. Оның ою-өрнектерге негізделген жобасы қытай іліміне мүлде қарама-қарсы. Ол тіпті фэн-шуйдың уақытша көмек беретінін, ал қазақтың ою-өрнегі өмір бойы қуаныш пен бақыттың құшағында ұстайтынын айтып, сендіреді. Ал бұл ілімін өзі былайша тарқатады. 

Түйенің байлықтың басы болып саналатын себебі, Мұхаммед пай­ғамбардың өзі күнделікті шаруа мен күнкөріске түйені пайдаланып қана қоймай, оны айрықша қадірлеген. Шығыста дәуірлеген ұлы өркениет­тің де бастауында түйе тұр. Шығыс­тан Батысқа қарай созылған Ұлы Жібек жолының бойымен тең-тең жүк артып, алтын-күміс, арпа-бидай арқалаған да осы ойсылқара жануары болатын. Түйе – шөлде де, шөлейтте де шыдамы берік, үстіне мың-сан жүк артылса да, мыңқ етпес маңғаз мінезінен айнымайтын төзімді жануар. Дүние де, мал да алдын айнадай болжап, артын бағамдайтын, бақырды еңбекпен тауып, алтынға айналдырғанша бел жазбай жұмыс істейтін, қиындыққа қарсы тұра алар қайсар мінезді, аз сөйлеп, көп іс тындыратын адамдарға беріледі. «Ал бұған ою-өрнектің не қатысы бар?» деген сауалға, Елена Владимировна: «Байқасаңыз, оюларда арна болады, бір-бірімен жалғасып сала-сала болып жатады. Адамның басына бір біткен дәулет те, сөз жоқ, арна, сай-сала қуалайды, яғни ұрпақ қуалайды. Ісі кері кетіп, шаруасы шатқаяқтап, банкротқа ұшыраған миллионерлердің қайта тұрып, бизнесін оп-оңай оңалтып алуының астарында осындай тамыр беріктігі, арна жалғастығы жатады», дейді. Осы бағытта Елена жеті түрлі ою ұсынып, олардың әрқайсысының мазмұнын баяндады. Елена Влади­мировнаның пайымынша, әр ою кемпірқосақтағы жеті спектрдің түсімен жіктеледі. 

Мысалы, денсаулық оюы – ден­саулықты жақсартады. Отбасы оюы – ерлі-зайыптылардың қа­рым-­қатынасын нығайта түсуге сеп­ті­гін тигізіп, шаңырақты бере­кеге толтырады. Сәттілік оюы – ой­ға алған мақсатқа жетуге көмек­теседі. Шығармашылық оюы – ой арпалысына түсіп, тоқырауда жүргендердің шабытын оятады. Ал мұны қалай пайдалану керек? Үйіміздегі ең көзге түсетін биік жерге, кеңсеміздің оңтайлы бұры­шына әлгі бақаны қалай орна­ластырсақ, ою да өзіміз пайда­ла­натын әрбір бұйымнан көрініс табуы тиіс. Үстіміздегі киім-ке­шек, қолымыздағы ыдыс-аяқ, дастарқан, жатын орын жабдығы, бір сөзбен айтқанда, күнделікті тұ­тынатын бұйымдары оюмен, өрнекпен көмкерілсе, ойға алған іс те бірте-бірте оңға қарай қадам баспақ. Ою – бойына энергия жинақтап, ақпарат сіңірген. 

Әрине, біз көбіне оюды әде­мілік деп танимыз, сән үшін қол­данамыз, ал оның қырық қатпарлы философиялық мәніне бойлай бермейміз. Әрбір өрнектің тұрақ­тандырылған жүйе екенін, оның дене мен психикаға қолайлы әсер ете алатын қасиеті бар екенін этнография ғылымын бір ғалымдай еңсерген Ақселеу Сейдімбек ағамыз да тамсана айтып отыратын еді. Зер салып қараған адам, оюлардан жан-жануарлар әлемін, аспан әлемін, өсімдіктер өлкесін жазбай таниды. Қазақ оюының атасы арқар мүйіз бен қошқар мүйізден бастап, құс тұмсығы, құс қанаты, ай, күн, жұлдыз, гүлдің әлденеше түрі, сүйір, сопақ, дөңгелек пішінді түрлі геометриялық бұрыштар табиғаттан сыр тартып қана қоймайды, олар бойына қазақ халқының санғасырлық тәжірибесімен тексерілген энергиялық ақпаратты дарытқан, тартылыс қасиеті жоғары нағыз магиялық мәнге ие орасан күш болып шықты. Шынында да, әжелеріміздің текеметі мен алашасы киіз үйдің көркі ғана емес, оның көлемі мен бояуы, саны мен сапасы сол үйдің әлеуметтік жағдайының көрініс-көрсеткіші болғанын еске алайықшы. Ою тек кілем мен сырмаққа ғана салынған жоқ, ою-өрнектер есік көзіндегі әбдіре мен бүйірдегі сандықтан да, айран құйылған торсық пен қымыз ұсынылған тостағаннан да, жағалата жайылатын құрақ көрпелерден де көрініс беріп, көзді арбайтын. 

Түркі, парсы, араб оюларынан қазақ оюларының айырмашылығы жер мен көктей. Еленаның бұдан арғы жоспарында қазақтың басқа да кең тараған өрнектерінің қыр-сы­рын танып-білу болып отыр. Тіпті ол йогтардың меди­тациясы үшін қазақ ою-өрнектері бейнеленген кі­лем­ше шығаруды ойға алып отыр. Алдағы мамыр айынан бастап ұлт­тық ою-өр­некпен әдіптелген балалар киімінің бір легін саты­лымға шығарып, нәтижесін байқап көрмек. Ең қуанарлығы, Еле­наның авторлығымен дүниеге кел­ген«Радужная матрица» – «Қуа­нышты қалып» жобасының франчайзингін Украина кәсіпкері сатып алып, екі жылдан бері өз елінде табысты жұмыс істеп жатқан көрінеді. «Қазақтың фэн-шуйын жобалап шыққалы бері менің өмірімде адам айтса нанғысыз қуаныш пен жақсылықтар болып жатыр. Ең бастысы, не нәрсені мақ­сат етіп, ойыма алсам, сол орындалады», дейді Елена. Ба­қыт­ты болудың формуласын білетін ниеті адал адам басқамен бөлісуге асығады емес пе? Қазақтың оюы қаны басқа өзгені де қуанышқа кенелтіп жатса, төл өнеріміздің өзімізге тигізетін әсері тіпті ғажап болар ма екен?

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ