Театр • 22 Тамыз, 2017

Нұрқанат Жақыпбай: Сен мені спектакльдерімнің ішінен ізде

1627 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

– Сен мені спектакльдерімнің ішінен ізде, мен – сондамын. Менің барлық өмірім: сағынышым мен мұңым, сезімім мен сырым... – дейді біздің кейіпкер.

Нұрқанат Жақыпбай: Сен мені спектакльдерімнің ішінен ізде

Мұндай кесек сөзді өнерін тұтасымен өміріне айналдырған жандар ғана айта алса керек. Тұлға табиғатын ашу мақсатында өнер жайлы ой өрбітуін өтініп барғанымызда, кейіпкеріміз суреткерлік бар құпиясын алдымызға жайып салмай, керісінше, шығармашылық әлемін зерделеуге осылайша жаңашыл әрі жауапкершілігі мол жол салып берген. 

Міне, сол жүздесуден бастап бізді режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың суреткерлік әлемі бір сәт те бейжай қалдырып көрген емес. Шығармашылық әлемінде болып жатқан әрбір жаңалықты қалт жібермей қадағалап, режиссердің өзі жасырған сол жұмбағының шешімін күні бүгінге дейін шешуге талпынып  бақтық. Жауабын таптық па, таппадық па, оны уақыттың еншісіне қалдыра тұрып, суреткердің спектакльдері арқылы таныған өз кейіпкеріміздің көркемдік құпиясын зерделеп көрсек...

Сұлулықтан сыр суырған...

Нұрқанат Жақыпбайдың көр­кем­дік әлемі дегенде, ең әуе­­лі ойға сұлулық пен таза­­­лық  деген ғаламат қа­сиет­­тер ора­лады. Сұлулық – Нұр­қанат Жақып­бай шығарма­шылығының өзегі десе де бол­ғандай. Қарапайым шешім мен қара­ба­йыр сараптау суреткер табиғатынан алшақ. Қандай жанрда дүние тудырма­сын, кез келген шығармасына көр­кем­­дік тал­ғам тұрғысынан ак­тер­лер­ге, көрерме­ні­не және ең әуелі өзіне биік талап қоя­ды. Сол талғам үдесінен шы­ғу үшін де талмай, тынбай ең­бек­тенеді. Сол себепті де Нұр­­қа­нат Жақыпбай жұмысын­дағы сезімді селт еткізер сыршыл­дық пен ро­ман­­тиканың, терең философиялық байыптау мен парық­таудың бай иірімдері бір­ден өзіне баурап алып, қойы­лым табиғатына етене бойла­тып, ә дегеннен өзіне елі­тіп әкетеді. 

Иә, сахнаның серігі – сұлу­лық! Сұлу­лық­тан бұра тартқан өнер өміршеңдігінен айрылады. Табиғатын таптаурындылыққа ұрындырады. Мұны біздің бү­гінгі әңгіме арқа­уына айнал­дырған кейіпкеріміз жақ­сы тү­сі­не­ді. Түсініп қана қоймай, әр ісі мен мақсатында шебер пай­даланып та келе­ді. Сұлулық  оның өмірлік кредосына айналғандай... 

Біздің режиссер әлемінің көр­кем­дік құпиясымен ең ал­ғаш­қы таныстығымызға себеп­кер болған – Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші» ноктюрны. Мұндағы эс­те­ти­­ка­лық нәзік пернелер, астарлы жұм­бақтаулар, сөзден гөрі үнсіздігі, ішкі паузалары басым мизан-сценалар, лирикалық иірім – барлығы-барлығы көрерменін күнделікті күйбеңнің қарба­ласынан жы­рақ әкетіп, тек қа­на театр сыйлар тылсым әле­м-­  ­нің қақпасын айқара ашады. Режис­сердің әр детальдан се­зім мен эстетика ізде­гені ай­қын сезіледі. Сондықтан да қойылым тау суындай мөлдір­лікке, ақша қардай тазалыққа қол жеткізген. 

Сахнадағы айнадай тол­қып жат­қан көл­дің мөлдір келбеті – ғашық жанның діріл­шіл көңі­лінің көрінісіндей. Сүйген жү­рек­­тің кіршіксіз пейілімен, тағатсыз сезімімен жараса да, жа­рыса да толассыз толқиды. Қойы­лымның таза­лығы сон­дай, қы­быр етсең, осы бір мөлдір әлем­­нен ажырап қалатындай, дауы­­сыңды сәл қаттырақ шы­­­­ғар­­­саң, әсемдікпен маталып, сұлулыққа тұмшаланған мынау ап­пақ дүниенің күл-паршасы шығып шағылардай бір сағат бойы деміңізді іші­ңізге тартып, аялай тамашалайсыз. 

Жалпы, режиссер ретінде Нұр­қа­нат Жақып­байдың өзі­не ғана тән қолтаңбасы, сурет­­керлік сараптауы – оқиға­ны символ­мен сөйлету стилі­мен ерекшеленеді. Яғ­ни, Нұр­қа­нат Жақыпбай – символист.  Режиссер сахнада бар құ­пия­сын ашып тастамайды. Сурет­керлік сараптауын­да жұмбақ, астар, аллегория басым. Сол ар­қылы өнерді тұр­мыстық қара­байырлықтан алшақ әкетіп, кө­рер­менін талғам мен өре биі­гіне қарай жетелейді. Өзінің жасыр­ған жұмбағын шешуге қызық­тырады. Сондықтан да режиссер жұмысы көрер­менді жалықтырмайды, кері­сінше құпиясының сырын бі­лу­ге өзіне қарай тартады, қы­зық­тырады. Нұрқанат Жа­қыпбайдың кейіпкерлері кө­рер­меніне ешқашан ақыл айтып, қойылым бойы кеңінен кө­сіліп отырмайды. Керісінше, соң­ғы сөзді әр адамның өзіне, жү­рек үніне қалдырады. Спек­­такльден әр көрермен өз ар­ма­нын, өз ойы мен мұ­ра­тын, өз түсінік-таным, талғам-пайымына қарай жеке-дара арқалап шы­ғады. 

Жаңалықтың жаршысы

Нұрқанат Жақыпбай – ұлт­тық режиссураға өзіндік қол­таңба, соны сараптауымен ен­ген санаулы суреткерлердің бі­рі. Режиссердің әу бастағы таңдаған соқпағы да, мақсаты да айқын – сахнадағы қай туындысына да жаңалықпен келу, өз­ге­лерге ұқсамау, өнердің бар мүм­кіндігін шегіне дейін пайдалану. Және ол мақсатына барынша адалдық танытып ке­леді. Н.Жақыпбай үшін сах­надағы ұзын-сонар сөз әре­кетінен бұрын, қимыл мен ой әре­кетіне басымдық беру зор ма­ңызға ие. Сол себепті де ре­жиссердің кейіпкерлері сылдыр сөзге сараң, көрерменіне орын­ды-орынсыз ақыл айтудан ау­лақ, керісінше, қиялға бай, жан дүниесі сыршылдықпен се­рік, ойланғыш, толғанғыш ке­леді. Сахнадағы кейіпкер өмі­рін суреткер сөзден емес, ең бірінші әрекеттен, қимыл эс­те­тикасынан іздейді.

Егер  ХХІ ғасырдағы заманауи театр өнері талапта­ры тұрғысынан қарайтын бол­сақ, қазір тек қана құрғақ сөз­ді тірек етіп қойылым қою жа­ңа­лық болудан әлдеқашан қал­ған. Бүгінде театрдың синтетикалық өнер ретіндегі рө­лі алға шықты. Көрерменді таң­ғалдырарлық жаңалық ұсын­басаң, театрға өз еркімен та­бан тірей қояр жастар көп емес. Себебі, қазіргі ғылыми тех­никаның қарыштап дамы­ған ғасырында, сахна арқылы ақыл айтып, пәлсапа соғып оты­руды – уақыт та, сахна заң­дылығы да көтермейді. Әлем­дік театр үрдісінде сахна – шығармашылық қиял-қарымын таразыға тартып, сынға салатын талғам баро­метріне айналған. Сондықтан да, театрда қарабайыр ойлап, қарапайым тіршілік кешуге титтей де орын жоқ. Қазір тәжірибенің ғасыры. Міне, осы үрдісті өз шығармашылығында үздік пайдаланып жүрген отандық режиссерлердің ішінде Нұрқанат Жақыпбайдың есімі ерекше атап өтуге әбден лайық. Әлемдік театр, режиссура мек­тебінің озық тәжірибелерін иге­ре отырып, соңғы он жылда қазақ театр үрдісінде соны сүр­леуін, кәсіби мектебін қалып­тастырды. 

Сахна саңлағы  шығарма­шы­лығының келесі ерекшелігі, яки алтын қазығы, негізгі ұс­тан­ған бағыты – уақыт пен ше­ка­раға, ұлт пен ұлыс, қатып қал­ған дәстүр мен дағдыға бағына бермейді, күллі адамзатқа ортақ адами проблемаларды әр қолға алған еңбегінде ту етіп көтереді. Сол себепті де сахнадан көрермен жүрегіне жол тартар әр спектаклі өлмейтін өмір, өшпейтін тыныс та­уып, уақыт алға жылжыған са­йын ескірмей, керісінше, өзектілігін өткірлендіре түседі. Көр­кем­дік талабы жоғары, тақы­рыбы талғампаз, айтар ойы өзекті ондай қойылымдар санатына Нұрқанат Жақып­бай қолтаңбасында тағдыр тапқан Н.Гогольдің «Реви­зор», Ш.Айтматовтың «Жан азабы», Д.Саламаттың «Ға­йып­тағы махаббат сазы», С.Раев­тың «Меккеге қарай ұзақ жол», Ш.Айтматов пен Ә.Ке­кілбайұлының «Шыңғыс хан», П.Мерименің «Кармен», Б.Соқпақбаевтың «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...», У.Шекспирдің «Асауға тұсау»,   О.Бөкейдің «Атау кере» сынды бірқатар жұмысын мысалға келтіріп өтуге болады.

Нұрқанат Жа­қыпбайдың кейіпкерлері кө­рер­­меніне ешқашан ақыл айтып, қой­ы­лым бойы кеңінен кө­сіліп отыр­майды. Ке­рісінше, соң­ғы сөзді әр адам­ның өзі­не, жү­рек үніне қалдырады. Спек­­­такль­ден әр көрермен өз ар­ма­нын, өз ойы мен мұ­ра­тын, өз түсінік-таным, тал­ғам-пайымына қарай жеке-дара ар­қалап шығады.
 

Қайталанбас қолтаңба

Халық театрға жаңашылдық іздеп келеді. Әр  режиссер – жеке­лей ерекшеліктің иесі. Осы өлшем аясынан тарқатар бол­сақ, ән және пластиканы қатар ұштастыра отырып, өнердегі өз сүрлеуін қалып­тастырған режисссер Нұр­қанат Жақыпбай режиссурасына тән ерекшеліктің бірі – суреткер қолтаңбасында сах­наланған қойылымдардың бар­лығында дерлік лирика-роман­тикалық иірімдердің ке­ңінен қолданылуы дер едік. Болмысынан романтик, сезімтал шығармашылық иесінің кез келген туындысынан көңіл пернелерін қозғарлық нәзік иірімге кезігесіз, суреткер жанын да сол сахналық жұ­мы­сы арқылы танығандай бола­сыз. Режиссердің әрбір сах­налық туындысы – оның жан дүние әлемінің айнасы. Сол айнада сырға толы, жұм­баққа бай суреткер жаны бе­дерленеді. 

Нұрқанат Жақыпбай – эстет. Қай қойылымына да ішкі жә­не сыртқы талғампаздықпен келеді. Тұрмыстық қараба­йырлық, кейіпкерлердің жербауырлай тіл қатып, отбасы, ошақ қасындағы әңгімені сөз ететіндері жоқтың қасы. Ре­жис­сер кейіпкерлерінің бар­лығы өнер биігінен өктем үн қатады, философиялық пәл­сапа­шыл, терең толғанғыш, ойшыл, арманшыл, спектакль­дерін жалғыз мәрте көріп, то­лық­­қанды түсініп кететін кө­рер­мен некенсаяқ. Әр спек­так­лі көрерменнен биік өре мен терең талғампаздықты, жан-­жақты білімді талап етеді. Соны­сымен де Нұрқанат Жа­қып­бай қойылымдары көп ре­жис­серлік жұмыстан одағай­ланып, дараланып тұрады. 

«Маған спектакль қою үшін га­зет­тегі оймақтай мақала жет­кі­лікті. Жақсы нәрсені ас­паннан іздеудің қажеті жоқ. Қазақ газет­терін қарап отырамын, студенттердің өлеңдерін мін­дет­ті түрде қиып аламын. Кіш­­кентай эссе-әңгімелерді алып қоямын. Мысалы, қазір репер­туарымызда «Махаббат миниатюрасы» деген спектакль бар. Газетте «Махаббат миниатюралары» деген атпен шағын ғана әңгімелер басылды. Сол әңгі­мелерді ұнаттым да, қиып сақ­тап қойдым. Балаларға оқытсам ба деп қанша жүрдім. Сөйтіп жүр­генде, ол газет сарғаюға ай­налды. Бірде Мәскеуге фес­тивальға шақыру алып, жолға шық­тық. Алда жол ұзақ. Сол са­пар­да сәті түсіп, пойыздың ішін­де әлгі әңгімені актерлерге оқыт­тым. Ойымыз бір жерден шық­ты.  Барғанша 3 тәулік, қайт­қанша 3 тәулік – 6 күнде спектакль шығардық», дейді режиссер.  

Міне, бұл – режиссер Нұр­қанат Жақыпбайдың сурет­кер ре­тіндегі өзіндік ерекшелігі. Жан-­дүниесімен үндес, көңі­ліне қонған дүние көрді ме, күй талғап, жағдай іздеп, шабыт ша­қырып сарсаңға түспейді. Өнер тудыратын ұшқын көр­ді ме, айырылмай,  соның со­ңы­на жетпейінше тыным таппайды. Біздіңше, режиссер шығармашылығының өмірдің өзіндей шынайы, кіршіксіз туатындығының бар сыры да, құпиясы да  осында. 
Режиссердің келесі ерек­ше­лі­гі – үнемшілдігі. Шы­ғар­ма­шылық иесінің қойылым­дарының ешбірінде аста-төк деко­рацияға, есепсіз жиһаз-мүлік­ке орын жоқ. Сахна әреке­тінің барлығы – кеңістікке, әрекетке, актерлердің үздіксіз қимылына құрылады. Әйгілі Гротовскийлік «кедей театр» ата­латын өнер дағдысын қағи­да­сына айналдырған режиссер үшін сахнаның бар байлығы – актерлердің өзінде, солардың әрекетінде. Сондықтан да Нұр­қа­нат Жақыпбайдың қойы­лымдары үнемі динамикалы, екпінді, әрекетшіл болып келе­ді. Мұнда өлі тыныштыққа орын жоқ. Режиссердің қай жұ­мы­сында да толассыз үзіл­мейтін әрекет буырқанып, бұр­қырап қайнап жатады. Суреткер бар басымдықты, деко­рацияның міндетін де актер­лердің өзіне, әрекетіне жүктейді. Сол себепті де Нұр­қанат Жақыпбайдың спек­такль­дері жансыз, динамикасыз өтпейді. Керісінше, сахна­дағы актерлердің әрекетімен бір­ге қозғалып, өмір сүре бере­ді. 

Жастар театрының қойы­лым­дарын жіті бақылар жан, шынымен де, сахна тө­рі­нен  еліміздің көптеген акаде­миялық театрларына тән сы­қи­ған, қозғалмайтын декора­цияны емес, жалындаған жас­тар­дың жан жадыратар жа­ғымды лебін сезер еді. Ре­жис­­сердің реформаторлығы да сол – қойылымдарында мүлік емес, бірінші кезекке үнемі актерлердің өзі шыға­ды. Сон­дықтан да сахна сурет­керінің әр қойылымы үздіксіз қозғалысқа түсіп, тірі ағза секілді өнердегі өмірін сүріп жатады.    

Нұр­қа­нат Жақыпбайдың қойы­лымдары үне­мі динамикалы, екпінді, әрекетшіл бо­лып келе­ді. Мұнда өлі тыныштыққа орын жоқ. Режиссердің қай жұ­мы­сын­да да толассыз үзіл­мейтін әрекет буы­рқанып, бұр­қырап қайнап жатады. Су­рет­кер бар басымдықты, деко­рацияның мін­детін де актер­лердің өзіне, әрекетіне жүк­тейді.

Дара жол

Нұрқанат Жақыпбайдың өнер әлеміне әкелген да­ра жолы  – елорда төрі­нен бағыты да, бағдары да бө­лек жаңа театрдың ірге­сін қа­лауы. Жас театрдың ша­ңы­ра­ғын көтеріп қана қой­май, ондағы қызмет ететін актер­лерді де өз шеберханасында шың­дап шығарды.  Театр актер­лерінің басым көпшілігі – оның шәкірттері. 

Астанадан Жастар театрын ашу жайлы алғаш ұсы­ныс түскенде бәрін тастап,  үйрен­ген ортасын қиып Алматыдан жыраққа қоныс аудару оңай болмады. Әйтсе де, режиссер сан­даған жыл жүрек түкпірінде сақтап келген арманына адал болды.  Жолында кезіккен қиын­шы­лық пен кедергілерге қара­мастан, арманын ұлы мақ­сат жолына бұра білді.  Алға­шында баратын жер, табан тірей­тін баспанасы жоқ бір қа­уым ел екі бөлмелі пәтерді қанағат тұтады. Қара басын емес, әуелі шәкірттерінің қа­мын алдыңғы орынға қойған ре­жиссер пәтерді басы бүтін жас сахнагерлерге босатып бе­ріп, өзі Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музы­калық драма театрының үшін­ші қабатындағы кеңістіктің тарлығынан тік кіріп, тік шыға­тын аядай ғана бөлмені екі жыл тұрақ етеді. «Қиналдық, бі­рақ қинала жүріп алдағы жар­қын күндерден бір сәт те үмі­тімізді үзбедік. Уақытпен са­наспай жұмыс істедік. Бізде сенетін де, арқа сүйеп, иек арта­тын да ешкім болмады. Сондықтан, өзімізге, екі қол мен жүрегімізге, маңдай тері­мізге сендік. Түні бойы отырып, таң атқанша костюм тігеміз, киім үлгілерінің эски­зін жасаймыз. Басында арнайы суретшісіз, кеңесшісіз жұмыс істедік. Өйткені, оған беретін  ақ­шамыз болған жоқ. Базарға ба­рып арзан бағамен мата, цел­лофан, жылтыр қағаздарды сатып әкелеміз де, орыс театры­ның иістеніп кеткен сыз жертө­лесінде отырып, түнімен киім тігіп, декорацияны дайындай­мыз. Күндіз қойылымға да­йын­­дық жүргізіп, кешкісін спек­такль ойнап жүрдік. Ас мәзіріндегі басты тамағымыз – нан мен майонез болды. Соны талғажау етуге, қанағат тұтуға тура келді.  Қазір мұның бәрі өтірік сияқты көрінеді, бірақ біз осындай жолдан, осы қиындықтардан өттік және ол қиындық бізді кәдімгідей шың­дады», деп сыр тарқатады режис­сердің өзі өткен күндер естелігінен.  

Есепсіз төгілген маңдай тер, адал еңбектің қай кезде де өтеуі болған.  Бүгінде жас театр елорда төрінде  жаңа ғи­ма­ратқа ие болып, төл театры төрінде Х маусымының тұ­сауын кесіп жатса – бұл да сол өнерге деген шексіз ма­хаббат пен ешбір өтеусіз еселене төгілген маңдай тер, қажыр-қайраттың, тұғырлы табандылық пен ерік-жігердің  жемісі деп білеміз.

Соңғы 10 жыл көлемінде Жас­тар театрының ұлттық мәде­ниетіміздің кеңістігіне шығуы  сахна өнеріндегі шын мәніндегі жаңалыққа айналды. Бұған дейін  бір бағыт, бір бағдарда дамып келе жатқан қазақ театрларының санасына сілкініс жасаған соны серпіліс болды. Қиялдың шегі жоқ көрінеді. Сахнада тек сөз бен ой әрекетінің ғана емес, қимыл мен қиял әрекетінің де үлкен маңызға ие екендігін әр қойылымы арқылы дәлелдеп келе жатқан режиссер еңбегі ақталды.  Сең бұзылып, арман ақиқаттың жолына түсті.  Не­бәрі 10 жылдық тарихында халықаралық, республикалық  бай­қаулардан 10 бірдей Гран-при жүлдесін қанжығасына байлауы – жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, көркемдік келбетіне таразы.
  
Назерке ЖҰМАБАЙ, 

өнертану ғылымдарының магистрі

Астана