22 Тамыз, 2017

Азамат асуы

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөзінің қара­ша­ңырағы «Егеменнің» ірі де іргелі ұжы­мында өзінің кәсіби қарым-қа­білетімен де, азамат­тық пайым­парасатымен де орнын ойып алып жүрген Орынбай Балмұрат ғұмыр­намасындағы тағы бір бе­дерлі биікке көтеріліп отыр. Қатарласыңның қадірін ұғуға қайы­рылу үшін мұршаң жетпей жүрген мына бір зулаған уақыт­та Орекеңмен танысып, қатар жүргенімізге де отыз жыл­дың өрмегі ауыпты. Осы жылдар ке­руенінде мен Орынбай Тілеп­байұлын адамгершілік ұстанымға берік адам ретінде таныдым. 

Азамат асуы

Сонау сексенінші жылдар­дың ортасы болатын. Он пайыз­дан сәл асатын қазағы бар Целиноград қаласында жүре­гінің намысы атойлаған ұлтжанды азаматтар облыстық газет, радио және телевидение сияқты шығармашылық ұжымдарға шоғырланған болатын. Тура 1983 жылдың жазында сонау Ташкент қаласынан бір азамат келіп, Целиноград об­лы­стық телевидениесінің дыбыс режиссері болып қызметке орналасты. Ташкент политехникалық инс­титутының механика фа­культетін бітірген жас маман бір­ден біліктілік таны­тып, телеви­дениенің техникаларын ұр­шықша иіріп әкетті. Целиноград облыстық телевидениесінің тә­жірибелі бас­шысы Владимир Окунь Орын­байдың бұл қабілетін бірден байқап, көп ұзамай оны опе­раторлық қызметке ауыс­­тыр­ды. Міне, осы кезден бас­тап Орынбай Балмұрат цели­но­град­тық ат төбеліндей ұлт­жан­ды аза­маттардың қата­рынан табылды. 

Жеті жылдан астам облыстық телевидениеде жемісті жұмыс атқарып, Орекең 1991 жылы алғаш­қыда қалалық «Ақмола ақи­қаты», кейіннен Ақмола об­лыстық «Арқа ажары» газетіне фототілші болып қызметке ауыс­ты. Облыстық газеттің фото­тілшісі деген – өңірдегі үлкен бір тұлға. Фототілшінің облыс өңірінде кірмеген ұжымы, ара­ламаған елді мекені жоқ десек, ар­тық айтқандық емес. Газетте 15−20 журналист болса, фото­тілші – жалғыз. Көктемгі егіс, күзгі орақ, мал төлдету, мал қыс­тату сияқты жылдың төрт мез­гілімен қабаттасып келіп жататын науқандық жұмыс­тарда журналистердің бәрімен сол жалғыз фототілші жүреді. Тәжі­рибелі фототілші Орынбай Балмұрат екеуміз бір кездерде жабылып қалған Торғай, Көк­шетау облыстарының аудандары қосылып іріленген Ақмола облысын талай-талай шар­лағанымыз да шындық. Об­лыстық газеттердің мүйізі қара­ғайдай ешбір журналисі «Мен облыстың бірінші басшысымен жиі-жиі сапарлас болдым», деп мақтана алмайтыны анық. Ал Орынбай Балмұраттың «01» «Волганың» артында шалқая отырып, облыстың бірінші басшысы Андрей Браунмен іссапарға шыққанын талай көрдік. 

Өмір атты осы бір ұзақ сапарда әркімнің өзгеге ұқсамас өз соқпағы бар. Әркім өз соқ­пағын хал-қадерінше мәнді де мағыналы өткізгісі келеді. Бұл ретте біреулер ептілік танытып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп-ақ дегеніне жетіп жатса, енді біреулер бей­неттің ащы дәмін тата жүріп, адал еңбек, жеке қабілетімен мақсат биігіне көтеріледі. Міне, бүгін алпыстың асқарына қадам басқан белгілі фотожурналист Орынбай Тілепбайұлы да өзгеге ұқсамас өз соқпағын қарапайым қабілетімен сомдады. 1999 жылдан бері ел газеті «Егемен Қазақстанда» соқ­пағын шыңдап, жемісті еңбегін жалғастырып келеді. Сонау бір кеңес заманында Өз­бекстан су шаруашылығын бас­қар­ған марқұм әкесі Тілепбай бойына сіңіріп, ұлағат еткен адалдықты әрқашан темірқазық етіп ұстанған ол өз соқпағына бейнеті мол фотожурналистиканы мансұқ етті. Фотожурналистика атты осы бір тылсым әлемдегі отыз жылдан астам еңбек жолында оның өзіндік қолтаңбасы, ізін жалғастырар ізбасарлары да баршылық. Иә, Орекеңнің сомдаған соқпағы шымыр, азаматтық ұстанымы болаттай берік. 

Орынбай ақар-шақар берекелі шаңы­рақтың тұғыры. Өмірлік жары Қорлан Ерханқызы екеуі үш бала өсіріп, төрт-бес немере сүйіп отыр.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»