Әскери кафедраның алғашқы түлектері 2006 жылы бітірген болатын-ды. Осыдан екі жыл бұрын еліміздің Білім және ғылым министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің көмегімен университетте әскери кафедраның жұмысы қайта басталды. Салтанатты сәт те басталып, әр студент қолына қару алып, Отанына адал болуға, Отан үшін қызмет етуге ант берді. Осы сәт ант берушілер үшін ғана емес, ант қабылдау сәтін көруге келген студенттердің ата-аналары, туыстары үшін де маңызды, толқынысқа толы болды. Студенттер әскери ант қабылдаған соң, негізгі жеке құраммен сап түзеп, салтанатты маршпен жүріп өтті. Барлық жиналған қонақтар үшін олар әскери кафедраның әнұранын орындап, өздерінің соңғы вальстерін билеп берді.
Әскери іс-шара кезінде студент Амангелді Әйтенов Ант қабылдау рәсімінен соң сүйікті қызына ұсыныс жасады. Студенттер алаңның ортасына шығып, жүрек суретін бейнеледі.
Әскери кафедрада білім алатындардың қатарына қосылу оңай емес. Екі жыл бойы студенттер әскери тәртіпті, еліміздің Қарулы Күштерінің жарғыларын оқып танысады. Оқу орнының Әскери сабақ жүргізу кафедрасының басшысы, подполковник Сәбит Шынтеміровтің айтуынша, студенттер соңғы айды Шығыс Қазақстан облысында орналасқан №2878 әскери бөлімінде әскери даярлықпен өткізді. Аталмыш бөлімде олар теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануды, атыс техникасын, тактикалық және инженерлік даярлықты үйреніп, басқа да әскери-оқу тапсырмаларын орындапты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР