Күрес • 22 Тамыз, 2017

Демеу Жадыраев әлем чемпионатының күмісін еншіледі

39 реткөрсетілді

Париж қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан қоржынына күміс жүлде түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, грек-рим күресінен 71 кг салмақта финалдық бәсекеде алтын жүлде үшін қазақстандық Демеу Жадыраев пен германиялық Франк Штеблер таласты. Неміс палуаны нағыз бабында екен, белдесуді қарқынды бастап, бірден алға кетті. Ақыры сол басымдылығынан айырылмай, 8:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп ол екі мәрте әлем чемпионы атанды.

Көптен бері жолы болмай жүрген Демеу үшін күміс жүлде - үлкен табыс. Осы жетістігі арқылы ол Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағын иеленгелі отыр.

Айта кетейік, бұдан алты жыл бұрын грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев әлем чемпионатының финалына дейін жеткен болатын. Сол табысты биыл Демеу қайталады. 22 тамыз күні әлем чемпионаты одан әрі жалғасады. Бұл күні де кілемге шығатын қазақстандық палуандар жүлде үшін барын салатыны анық.

"Бұл Демеудің қанша жылдан бергі төккен терінің жемісі, еңбегінің ақталғаны деп білемін. Аллаға шүкір бұған да. Ақтық сынға дейін әлемнің мықты, белді палуандарынан басым түсті. Финалда неміс палуаны дүние жүзінде өзінің күшті екендігін тағы да дәлелдеп, екі мәрте әлем чемпионы атанды. Демеудің ірі жеңістері алда деп сенемін", - деді грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев. 

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар