Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Алматыда қоқыс сұрыптау кешені салына бастады

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында еліміздегі ең ірі қоқыс сұрыптау кешені құрылысының басталуына орай, зауыттың алғашқы іргетасын қалаудың салтанатты рәсімі өтті.

Алматыда қоқыс сұрыптау кешені салына бастады

Алатау ауданындағы ТЭЦ-2 маңында салынатын зауыт құрылысын «Green Recycle» ЖШС жүзеге асырмақ. Жаңа зауыттың алғашқы кірпіштерін қалау рәсіміне Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов қатысты. 

2018 жылы пайдалануға берілетін, жылына 550 мың тонналық қуатпен жұмыс істей алатын зауыттың қалдықтар өңдеудегі өндірістік қуаты Алматы қаласының қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр. Жоба Кәсіпкерлікті қолдау картасы мен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының негізінде жүзеге асырылмақ.     

«Green Recycle» ЖШС директоры Дмитрий Данильченконың айтуынша, сұрыптау барысында қайта пайдалануға жарамды пайдалы құрамдар іріктеліп алынып, зиянды заттар мен биоыдырағыш материалдар полигон аумағында көмілетін болады.     

Әлеуметтік маңызы зор жоба инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құрайтын жеке қаржы есебінен іске аспақ. Алдын ала есеп бойынша, қоқыс сұрыптау кешенін салуға кеткен шығын 2025 жылға қарай толық өтеліп, мемлекет бюджетіне жыл сайын 500 млн-нан астам теңге көлемінде ақша аударылып отырмақ. Сондай-ақ, аталмыш жоба 600 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. 

«Алматы қаласында 1,5 мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорынның жұмыс істейтінін ескерсек, аталмыш зауыт құрылысының басталуы – Алматыдағы өнеркәсіптік және коммуналдық қалдықтарды басқаруға қатысты алғашқы жобаның жүзеге аса бастағанын көрсететін маңызды оқиға десек те болады», – деп атап өтті Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алмас Мәдиев. 

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»  

АЛМАТЫ