«Жыл басынан бері біздің мекемеге 44 бала қабылданды. Сонымен бірге 48 бала кетті. Оның 4 мүмкіндігі шектеулі бала, оларды қалалық психо-неврологиялық мекемеге ауыстырдық. Ал қалған балалардың барлығы үйлеріне қайтты. Яғни өзінің биологиялық ата-аналары мен туған-туыстарына және асырап алушы азаматтарға тапсырылды. Біз ол үшін қуаныштымыз», - деді Мамандандырылған балалар үйінің директоры Сәуле Кенжетаева.
Оның айтуынша, мекемедегі балалар үш бағытқа бөлінеді. Олар ата-аналары туа салысымен бас тартқандар, мүмкіндігі шектеулі әрі ерекше күтімді қажет ететін балалар. Сондай-ақ ата-аналары тұрмыстық жағдайына байланысты уақытша тапсырған кризистік бөлімнің балалары.