Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Ғылымның сан тарау сүрлеуі

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік  орталық музейінде Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 аясында «Ғылымның қилы соқпағымен: Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ғалым – тұлғалар» атты көрме өз көрермендерін ықыласпен ерекше қарсы алды.

Ғылымның сан тарау сүрлеуі

Көрмеге  мемлекеттік музейдің қорында сақтаулы белгілі ғалымдардың жеке кешендері қойылған. Оның ішінде, Қазақстан  Ғылым академиясының  негізін қалаушы, еліміздегі геологиялық институтын құруға белсене араласқан академик Қаныш Сәтбаевтың, этноархеолог, шығыстанушы, тарихшы-ғалым Әлкей Марғұланның жеке бұйымдары келушілер назарына ұсынылып отыр. Бұл көрменің келесі экспозициясы кезінде Есік обасынан табылған «Алтын адамды» зерттеуші, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышевтің, этнограф, археолог, тарих ғылымдарының докторы профессор, Қазақстан халықтары шаруашылық мәдениеті мен тұрмысын тиянақты түрде баяндайтын көптеген ғылыми-танымдық монографиялардың авторы Халел Арғынбаевтың жеке кешендері құрайды.

Сондай-ақ, көрмеде алғашқы ғалым әйел – палеонтолог, палеозоолог, биология ғылымының кандидаты, Ресей Палеонтология қоғамының құрметті мүшесі Б.С. Қожамқұлованың фотоқұжаттары қойылған.

Көрменің «Тәуелсіз Қазақстанның ғалымдары – академиктер» деп аталатын екінші бөлімі академиктер С.З. Зиманов, М.Х. Асылбеков, Ж.Қ.Қасымбаев, М.Қ.Қозыбаев, А.Қ.Қошанов, Е.Е.Ерғожин және басқа ғалымдардың жеке кешендеріне арналған. Бұл бөлім Қазақстанның заң ғылымдарының бастауында тұрған, заңгерлік білімнің дамуына зор үлес қосқан, 200-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 12 монографияның авторы, академик С.З. Зимановқа арналған экспозициядан басталады.

Тәуелсіздік жылдары Қоғамдық ғылымдар саласындағы қазақтардың этникалық аумағын қалыптастыру және қазақ мемлекеттігінің тарихы мен мәселелерінің зерттелгені мақтанарлық жағдай.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Білімнің салтанат құруы» деген бөлімінде «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» деп көрсеткен болатын. Жастар үшін білім қашанда керек қасиет. Көрмеде қойылған әрбір зат жастарға ертең қажеттігімен құнды екендігін түйсінесіз.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ