Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Тауар экспорттау оңайлай түспек

419 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «Иә, сен экспорттай аласың!» атты бизнес-семинар аясында экспорттау мәселелері жөнінде баспасөз мәслихаты өтті.      

Тауар экспорттау оңайлай түспек

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ аймақтық директоры Әрсен Насырханов, Алматы қаласы «Атамекен» АКП директоры Юрий Тлеумұратов, «Zoodel» компаниясының ТМД елдері бойынша бас директоры Сардор Мұхамедалиев қатысқан шара барысында Алматы қаласының бизнес-ассоциациялармен «Өзара түсіністік туралы» меморандурмдарына қол қойылды. Сондай-ақ, шара аясында өз жұмысын бастаған «Иә, сен экспорттай аласың!» атты бизнес-семинарына бүгінгі экспорттаушы компаниялардың өкілдері мен болашақта экспорттаумен айналысқысы келетін азаматтар қатысып, құнды кеңестер алды. 

 «Қазір «Қазақстанның экспорттық өнімі 2017» анықтамасының 9-басылымын дайындау жұмысы жүргізілуде. Бұл Анықтамада (орыс және ағылшын тілдерінде) қазіргі экспорттаушылар және олардың шығаратын өнімдері  туралы ақпарат берілетін болады. Сондықтан шетелдік инвестиция тартумен қатар, қазақстандық өнімді халықаралық нарыққа шығарумен айналысатын қазіргі және болашақ экспорттаушылар үшін «Zoodel.com» сияқты заманауи В2В онлайн сауда алаңдарының шығуы нұр үстіне нұр болып отыр», – деді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ аймақтық директоры Әрсен Насырханов.

«Қазақстан тауарларын сыртқы нарықтарға шығаруға көмектесу» мемлекеттік бағдарламасының аясында және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «Атамекен» ҚР ҰКП және аймақтық әкімдіктердің қолдауымен ел аймақтарында бизнес-семинарлар өткізіп жүрген Zoodel компаниясы үшін Алматы – жоспардағы жиырма қаланың он екіншісі екен.

Экспорттық операциялар желісін тиімді басқаруға мүмкіндік беретін ақпараттық технологияларды қолдана отырып, жергілікті экспортты ілгерілетудің жаңа құралдарын ұсынуды мақсат тұтқан семинар барысында Алматы қаласы тауар өндірушілері ТМД мен Түркия, Қытай, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Пәкістан сияқты Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер нарықтарына шығуға арналған «Zoodel.com» атты жаңа онлайн құралы туралы ақпаратпен танысты. Оқыту, маркетинг, сауда серіктестерін анықтау, логистика, қауіпсіз төлем жасау, көптілді контент, тендерлерге қатысу және басқа қызметтер көрсететін аталмыш онлайн құрал экспорт, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша толық қызмет беретін халықаралық B2B онлайн сауда алаңы болмақ. 

Шілде айының соңында Атырау қаласында басталып, еліміздің ірілі-ұсақты бірқатар қалаларында жалғасын тапқан «Иә, сен экспорттай аласың!» семинары 7 қыркүйекке дейін созылмақ. «Zoodel» компаниясының ТМД елдері бойынша бас директоры Сардор Мұхамедалиев: «Тауарөндірушілердің көбі ойланбастан халықаралық нарыққа шығып, өткізу нарығын іздеу, экспорттау мүмкіндігі туралы ақпараттың жеткіліксіздігі сияқты  әртүрлі қиындықтар туындаған кезде жарты жолда тоқтап қалатындары бәрімізге мәлім. Бизнеске көмек ретінде біз өткізу нарығы арналарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін кешенді IT-шешімдерді ұсынып, көп тілді контент жасай отырып, тілді түсінбеу мәселесін де шешуге, маркетинг бойынша алға жылжуға, клиенттер іздеуге көмектесеміз, сауда серіктестерін анықтаймыз, логистиканы есептейміз. www.zoodel.com онлайн алаңында жұмыс істей отырып, тауар өндірушілер экспорттық операцияларын кеңселерінен шықпай-ақ басқарып, өз шығындарын оңтайландыра алады», – деп мәлімдеді.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»  

АЛМАТЫ