Қазақстан • 22 Тамыз, 2017

Оңтүстіктен солтүстікке биыл 113 отбасы қоныс аударды

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысынан 36 отбасы Солтүстікке жолға шықты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Оңтүстіктен солтүстікке биыл 113 отбасы қоныс аударды

Олардың ішінде әзірге екі отбасы Ақтоғай ауданына қоныс аударуға барса, қалғандары ондағы жағдаймен танысып, мүмкіндіктерді қарастырып алмақ ниетте. Сарыағаш ауданы Абай аулының тұрғыны Сейдалы Әшірбаев осыдан бір ай бұрын аталған ауданға барып, ондағы тыныс-тіршілікті көзбен көріп қайтыпты. Тұрғынның айтуынша, аудан ауыл шаруашылығын дамытуға сұранып тұр. Ендігі жерде ол қолайлы ауа райы мен құнарлы жерді, сақадай сай техникаларды пайдаланып егін егуді жоспарлап отыр.

Солтүстікке бет бұрған азаматтарды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев бастаған топ шығарып салды. Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы 113 отбасы солтүстікке көшкен. Облыс тұрғындары еліміздің жұмыс көзі көп аймақтарына қоныс аудару шарасы аясында отбасылар солтүстіктің Айыртау, Ақжар, Жұмабаев, Есіл және Уәлиханов аудандарына барып қоныстанады. Таңдалған Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барғандардың ішінде оңтүстікқазақстандықтардың үлесі басым, дейді басқарма мамандары. Олардың дені сонда ауыл шаруашылығын саласын түлетіп отыр.

Айта кетейік, облыстан солтүстік аймаққа көшуге ниет білдіргендер саны көбейіп келеді. Салаға «жауаптылар қоныс аударған азаматтар алдымен баспанамен қамтылып, жұмысқа орналастырылады» дейді. Биыл қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне айлық есептік көлемінде, яғни шамамен 80 мың теңге бір реттік көмек беріледі. Сонымен қатар, бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтелетін болады.