Үкімет • 23 Тамыз, 2017

Міндеттер мінсіз орындалуы тиіс

293 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет бас­шы­сы­ның Жарлықтарын орындау бойынша Үкімет мүшелеріне бір­қа­тар тапсырмалар жүктеді.

Міндеттер мінсіз орындалуы тиіс

Бағдарламалар бақылауда
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жұмада өңірлерді әлеу­мет­тік-эконо­микалық дамыту мен мемлекеттік бағ­дарламаларды іске асыру бойынша арнайы ке­ңес өткізген болатын. Ке­ше Үкі­мет отырысында Б.Сағын­таев осы кеңесте белгілеген міндет­терді іске асыру шараларын пы­сықтады. Жауапты мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдар­ламасы бойынша қаражат­тар­ды игеру мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, білім беру нысандарына қа­тысты жұмыстарды ерекше назарға алу керектігін айтты. Осыған орай, Ұлттық эконо­мика министрлігіне ай сайын нысандардың уақытылы өткізі­луіне мониторинг жүргізіп, Үкі­метке ақпарат беріп отыруды тапсырды.

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағ­дар­­ла­масы бойынша Инвести­циялар және даму министрлігіне «Бәйтерек» хол­дингімен және өңірлердің әкім­дері­мен бірлесіп 1 қазанға дейін бағдар­ламаға екінші деңгейлі банктерді белсендірек тарту мен оны іске асырудың тиімділігін арттыру үшін бағдарлама тетіктеріне түзетулерді қарастыратын Үкімет шешімінің жобасын енгізу туралы тапсырма берілді. Оған қоса, Инвестициялар және даму министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп бағдарлама тетіктерін ақпараттық сүйемелдеу бойынша медиа-жоспарды бекітіп, аталған жұмысқа облыстардың әкімдерін тарту жүктелді.

Үкімет басшысының мәлім­деу­інше, Индустриялық-инно­ва­циялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы бойынша цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу тұрғысынан бағдарламаның тиімділігін арттыру қажеттігі туындап отыр. Осыған орай, Инвестициялар және даму министрлігіне әкім­дік­термен және мүдделі ұйым­дар­мен бәсекеге қабілетті экспорт­тық өндірістерді дамыту бойын­ша жұмысты үйлестіруді тап­сырды. Сондай-ақ, Премьер-Ми­нистр өңірлердің әкімдеріне индустрия­ландырудың өңір­лік карталары аясында ен­гі­зіл­ген, барлық тоқтап тұрған кә­сіп­­орындарды іске қосу бойынша нақты жұмыстарды жүргізуді және 1 жел­тоқ­санға дейін олар­дың жұмысын қайта жандандыруды тапсырды.
Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша Ауыл ша­руа­шы­лығы министрлігіне Қа­зақ­станның қаржы­герлер қауым­дас­тығымен, «Атамекен» ҰКП және облыстардың әкімдерімен бір­ле­сіп бір айлық мерзімде ірі агрохол­динг­терді қаржылық сауықтыру жұмыс­тарына егжей-тегжейлі талдау жасап, Үкіметке тиісті ұсыныстар жіберу жүк­телді. Бұдан өзге, Үкімет басшысы өзара сақтандыру қоғамдарының қызметін реттеу арқылы, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін өсім­дік шаруашылығындағы мін­дет­ті сақтандыру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу қа­жет­тігін айтты. 

Нәтижелі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту бағдарла­масын іске асыру ая­сында Еңбек және халық­ты әлеу­меттік қорғау, Ұлттық эконо­­мика, Қаржы және Ауыл шаруа­шылы­ғы министрліктеріне өңір­лер­дің әкім­дерімен бірлесіп, Үкі­метке ай­мақтық кво­таларды ұлғайту, еліміздің оң­түстік өңір­лерінен солтүстікке ерікті түр­­де кө­шуге ынталандыру және қа­жет­ті есеп­терді дайындау бойын­ша ұсы­ныс­­тарды Үкіметке жібе­ру тапсырылды.

Премьер-Министр, соны­мен қатар, Ұлттық экономика ми­нистр­лігі мен Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне әкімдер­мен бірлесіп, бір ай ішінде халықты шағын несиелен­дірумен қамтамасыз ету көле­мін ұлғайту, соның ішінде «Биз­нес-Бастау» жобасы бойынша қар­жы­лан­дырылған стартаптардың үлесін арттыру туралы тапсырмалар берді. Өңір әкімдеріне бағдар­ла­ма­ны іске асыру аясында азамат­тарды зей­нетақы жүйесіне және міндетті әлеу­мет­тік меди­ци­налық сақтандыруға тар­ту үшін тұрақты жұмыс орындарын ашу­ға ерекше көңіл бөлу қажет­тігін ескертті. 

Ұлттық экспорттық стратегия тұр­ғы­сынан Инвестициялар жә­не даму министрлігіне тиіс­ті мемлекеттік органдармен бір­лесіп, бір айлық мерзім­де экс­порт­таушыларға қолдау көр­сету мәселесінде министрлік­тер­дің, жергілікті атқарушы орган­­дар­дың және «Kazakh Еxport» ұлттық компаниясының жауапкершілік аймақтарын бөлу бойынша нақты ұсыныстар беру жүктелді.

Бұдан өзге, Ұлттық экономика министрлігіне жауапты мем­лекеттік органдармен және үкі­меттік емес ұйым­дармен бизнес­ке «Азаматтарға арнал­ған үкі­мет» корпорациясының қыз­меті тә­різ­ді мемлекеттік қызмет­тер­ді көр­сету бойынша ұсыныс­тарды зерттеп, ұсыну, сон­дай-ақ, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақ­парат және коммуникациялар, Дін істері және азаматтық қо­ғам, Қаржы ми­нис­тр­ліктеріне, өңірлердің әкім­дік­теріне «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы ая­сында жобалардың уақытылы іске асырылуын жеке бақылауға алу тапсырылды.

Заң жобалары қаралды
Кешегі Үкімет отырысында «Кеден­дік реттеу туралы» кодекстің жобасы және ілеспе заң жобалары, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Талқылау қорытындысында бюджет заңнамасын жетілдіру туралы заң жобасы мақұлданды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәлім­деу­інше, «Қазақ­станның кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы Мемлекет басшы­сының биылғы Қазақстан хал­қы­на Жолдауында берген тапсыр­маларын, Ұлттық қорды құру және пайдаланудың жаңа тұжырым­дамасын, сондай-ақ, Пар­ламент және Есеп комитеті­нің ұсынымдарын іске асыру мақ­сатында әзірленген. Заң жобасымен бюджет заңнамасына 6 негізгі бағыт бойынша түзетулер ұсынылуда. Бұл орталық және жер­гілікті деңгейлердегі 1,5 мың­нан астам құжатты қысқартуға мүмкіндік береді.

Бюджеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде әкімшінің дер­бестігін кеңейту аясында бюджетті нақтылаусыз бюд­жет­тік жобалар арасында қаражатты қайта бөлу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. 

Ұлттық экономика министрі сондай-ақ, «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы кедендік реттеу туралы» кодекс жобасымен таныстырды. «Соңғы үш жыл ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексін қалыптастыру бойынша көлемді жұмыстар жүр­гізілген, ол қазір ратификациялау рәсімінен өткізіліп жатыр», деді Т.Сүлейменов.

Жаңа одақтық кодекс барын­ша қайта өңделіп, кедендік рет­теудің не­гіз­гі тәсілдері қайта қаралған. Осыған орай қолда­ныс­тағы ұлттық кедендік заң­на­­маны жаңа кедендік ережелерге сәй­кестендіру мәселесі көте­ріл­ген. Сегіз айлық жұмыстың қорытындысы – Ке­ден кодексінің жаңа жобасы болып отыр.

Министрдің айтуынша, жаңа Кеден кодексінің қолданыстағы кеден заңна­масынан басты айыр­машылығы – кедендік реттеудің жаңа тәсілі. Жаңа рет­теудің не­гізгі қағидасы – кеденде биз­нес үдерістерді автоматтандыру. 

Жаңа кодекспен бір уақытта оған ілеспе заң жобасы әзір­лен­ген, ол бір­қатар кодекстер мен заңдарға өзгеріс­тер енгізуді қарас­тырады. Бұдан өзге, тауар­­ларды жоюдың кедендік рәсіміне орна­­ластырған жағдайда мемле­кеттік экологиялық сараптаманы беру тұрғысынан Қазақстан Республи­касының Экологиялық кодексіне өз­герістер енгізіліп жатыр. Бюджеттік кодекске аванс­тық төлемдер нормаларын реттеу тұрғысынан түзетулер енгі­зілуде. Сонымен қатар, көліктік бақылау функциялары және тағы басқалар тұрғысынан кейбір заңдарға түзетулер енгізіліп жатыр.
«Осылайша, жаңа Кеден кодексі Қазақстанға транзиттік және экспорттық әлеуетті пайда­лануға мүмкіндік бере­тінін, сырт­қы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдететінін сенімді түрде айтуға болады», деді Т.Сү­лей­менов.

Премьер-Министр Б.Сағын­таев мемлекеттік органдарға оты­рыс барысында айтылған барлық ескертулерді пысықтап, қажет­ті­гінше өзгерістер енгізу туралы тапсырма берді.

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»