Медицина • 23 Тамыз, 2017

Қалада да, қырда да құрылыс қызып тұр

292 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары облыстың Өскемен, Семей секілді үлкен шаһарларынан бөлек аудандарда да қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, дәл қазіргі уақытта бір ғана Зырян қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 60 пәтерлі тұрғын үй салынып жатса, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында шағын шаһарға ұзындығы 6 шақырымнан асатын жылу желілері тартылып, төрт бірдей көшенің жолдарына асфальт төселіпті.

Қалада да, қырда да құрылыс қызып тұр

60 пәтерлі үй салынып жатыр
Қаланың оңтүстік бөлігіндегі 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құ­рылысы 15 маусымда бас­тал­ған. Нысанның шебері Серік Қа­сайыновтың айтуынша, қазір мұн­да 80 адам еңбек етіп жатыр. Жал­дық негіздегі баспананы 2018 жы­лы пайдалануға беру жос­пар­ланған. «Қала бойынша 800-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Бұл пәтерлер бірінші кезекте жас отбасыларға, мемлекеттік қыз­мет­керлерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, ардагер­лер мен мүгедектерге беріледі. Құ­рылыс нысанындағы жұмыс ба­ры­сын аудан әкімінің өзі ерекше қадағалауында ұстап отыр. Күн­де таңертең осында келіп, жұ­мысшылармен, мердігерлермен кез­деседі», дейді Зырян қаласы әкі­мінің міндетін атқарушы Петр Чурсин.

«Нұрлы жол» бағдарламасы ая­сында қаладағы қарқын алған ша­руаның бірі – 10 шағын аудан­ға жылу құбырларын тарту жұ­мыс­тары. Аудандық сәулет, қала құ­рылысы және құрылыс бөлімі ма­мандарының айтуынша, бұл мақ­сатқа республикалық бюджеттен − 556, облыстық бюджеттен 60 мил­лионға жуық қаржы бөлініпті. «Құбырлардың ұзындығы 25 ша­қырымнан асады. Жұмысты бас­тамас бұрын тұрғындарды жинап, тү­сіндіру шараларын жүргіздік. Келісімдерін алдық. Олар жылу құ­бырларын көше бойымен емес, бау-бақша ішімен жүргізу туралы өті­ніш білдірді. Келісім бойынша құ­рылыс жұмыстарын аяқтау 2018 жылға жоспарланған. Алайда, біз би­ылғы жылу маусымына дейін бі­тіріп, тұрғындарды ыстық сумен қам­тамасыз етуге тырысамыз», дей­ді құрылыс мердігері «Ал­тай­стройпроект» ЖШС-нің қыз­мет­кері Дәулет Мейрамғалиев.

20 жылдан астам жөндеу көрмеген жолдар асфальтталды
Қаладағы тағы бір жағымды жа­ңалық, төрт бірдей көшеге орташа жөндеу жұмыстарының жүр­­гізілгендігі. Бұл мақсатта об­лыс­­тық бюджеттен 50 миллион тең­ге бөлініп, 20 жылдан астам уа­қыт бойы жөндеу көрмеген 3 ша­қырымға жуық жол жөнделіпті. «Осы шағын ауданда тұрып келе жат­қаныма 30 жылға жуық уақыт бол­ды. Асфальт деген дүние өмірі болған емес. Жолдың бәрі ой­дым-ойдым болатын. Қазір мі­не, бұл маңайдың тұрғындары дән риза. Қаланың шетіндегі ша­ғын аудандарға да мән беріліп жат­қаны қуантады», дейді осы ша­ғын ауданның тұрғыны Ольга Про­копьева. 

Сонымен қатар, мемлекет-же­ке­­меншік әріптестігі аясында қа­ла­­дағы жылу орталығының №5 қа­­зандығын жаңарту жоспарланып отыр екен. Концессиялық жо­­баға қаржы салатын инвестор да анықталыпты, қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттар әзір­ле­ніп жатқан көрінеді. Бұл жоба сәтімен жүзеге асқан жағдайда қазандықтың электр қуаты 6 МВ-т-ға, жылу қуаты 140, 2 ГКалл-са­ғатқа (бүгінгісі 128 ГКалл-сағат) же­теді дейді мамандар. Зырян қа­ласына биыл соңғы үш-төрт жыл көлемінде алғаш рет ыстық су 1 тамыз күні беріліпті. Аудандық қазандық жыл бойы 75 мың тонна көмір жағатын болса, тамыз айының соңына дейін 8 мың тонна көмір жеткізу жоспарланып отыр.

Жұмысшыларға арналған баспана бой көтереді
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауданның ауылдарында да жұмыс қызып тұр деуге болады. Жақында Бородино ауылында екі пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталыпты. Нысанның мердігері «Нарын-сервис» ЖШС басшысы Нығмет Шаухиннің айтуынша, құ­рылыс жұмыстарына тек жер­гі­лікті материалдар қолда­ны­лып жа­тыр. «Бұл жердегі жұмыстың бас­талғанына бір ай болды. Жұ­мыс күші жеткілікті. Техника да, өзге де жабдықтардың бәрі өзі­міз­ден. Алыстан арбаламаймыз, құ­рылысқа қажетті заттардың ба­р­лығын іргедегі Үлкен Нарыннан әке­леміз. Алла сәтін салса, 5 үйдің құ­рылысын қазан айына дейін аяқ­тауды жос­парлап отырмыз», дейді ол. Үш бөлмеден тұратын бұл үйлерге негізінен осындағы «Бородино» шаруа қожалығының жұ­мысшылары – малшылар, сауыншы­лар, механизаторлар, шөпшілер мен егіншілер, тракторшыларды қоныстандыру жос­парланып отыр. Бес үйдің жобалау-сметалық құ­жат­тарының қаржысын аталған ша­руа қожалығының иесі Қайрат Бөкежанов өз мойнына алыпты. «400 басқа арналған тауар­лы-сүт фермасын алдағы уақытта 800-ге дейін ұлғайту жоспарда бар. Ауылда бірде-бір үй бос тұрған жоқ. Жұмыссыз жүрген адам жоқ біздің ауылда. Керісінше, бізге қа­зір мамандар жетпей жатыр. Жұ­мысшылар керек. Ең бастысы, олар­ға баспана керек. Мына 5 үй сол үшін салынып жатыр. Тек жұ­мыс­шылар үшін», дейді шаруа қо­жа­лығының басшысы. 

Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов өңірде Мемлекет бас­шы­сының «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсе­ке­ге қабілеттілік» атты биылғы Жол­дау­ында жүктелген міндеттер мен мем­лекеттік бағдарламаларды жү­зеге асыру бағытында ауқымды жұ­мыстар қолға алынып жатқанын ай­тады. «Қаламызда 20-30 жыл бойы жөнделмеген жолдар жөн­де­ліп, ыстық сусыз, жылусыз отыр­ған тұрғындарға жылу тартылуда. Қа­лада да, ауылда да жаңа бас­паналар салынып жатыр. Аудан тұр­ғындары бұған дән риза», дейді аудан басшысы.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы