23 Тамыз, 2017

Халықаралық белсенділіктің белестері

621 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері ай­мақ­тағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда халықаралық сах­надағы белсенділігімен айрықша көз­­ге түсті. Қазақстан халықаралық ын­­ты­мақтастық саласында бұрын­ғы ке­ңестік елдер арасында ең бел­сенді, жа­ңашыл мемлекет ретінде та­нылды. Әлбетте, бастапқыда еш­кім дәл осындай белсенділікті Қа­зақ­­станнан күтпегені анық.

Халықаралық белсенділіктің белестері

Мемлекетіміздің көп бағытты сыр­т­қы саясаты бойынша халықаралық ұй­ым­дармен тығыз ынтымақтасу әлем­­дік қоғамдастықтың сенімді, бе­дел­ді мүшесіне айналудың маңызды құ­­ралы болып табылады. Яғни, сырт­қы саясатымыздың мақсаты – Қазақ­стан­ның, өз міндеттемелерімен қоса, жаһандық және өңірлік деңгейлердегі халықаралық қатынастарда бастамашыл, жасампаз, прагматикалық рөл ат­қаратын мемлекет екенін әлемге паш ету. 

Қазақстан ірі халықаралық ұйым­дар­ға төрағалық етіп, БҰҰ Қауіпсіздік ке­ңесінің Тұрақты емес мүшесі болуы­ның астарында ел тәуелсіздігі мен қау­­іпсіздігін нығайту, ұлттық стра­тегиялық мүдделерді қорғау, ел же­тіс­тіктерін әлемге таныстырып, оң ими­д­жін қалыптастыру, өзек­ті мә­се­ле­лерге халықаралық қау­ым­дас­тық­тың назарын аудару, дүние­жү­зілік жүйеге кірігу мақсаттары жатыр. 

Қазақстанның халықаралық бел­сен­ділігін үш категорияда қарас­тыру­ға болады. Бірінші санатқа еліміз кө­­терген халықаралық бастамалар жа­­тады. Мәселен, ядролық қаруды та­рат­пау (ядролық отын қоймасын ор­на­ластыру), Елбасы БҰҰ Бас ассам­блеясында Азия құрлығындағы қау­іп­сіздікті нығайту мақсатында құруды ұсын­ған «Азиядағы өзара ықпалдастық жә­не сенім шаралары жөніндегі кеңес» (АӨСШК) идеясын; діни экстремизм мен терроризм мәселелері әлі күрделенбей тұрған 2003 жылдан бас­тап өркениетаралық және мә­де­ниетаралық диалогты ілгерілету мақ­сатында ұйымдастырылған Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ла­рының съездерін; Шығыс пен Ба­тыс­ты жалғап, «Жібек жолы» бойында ор­наласқан түркітілдес елдер (Түркі кеңесі) ынтымақтастығын айтуға болады. 

Екіншіден, Қазақстан Орталық Азия­ны қамтыған Еуразиядағы аймақ­тық экономикалық интеграцияға ба­сымдық беретін ұйымдарға белсе­не қатысты. Еліміз 2002 жылы Орта­лық Азия ынтымақтастығы ұйымының құ­рылуына ұйытқы болып, аймақтық ин­тег­рацияға күш салды. Қазақстанның ық­палымен 1993 жылы Арал теңізін құт­қару қоры құрылып, 2006 жылы Орта­лық Азияда ядролық қарудан азат ай­мақ құру туралы бастама көтерілді. 
2005 жылы Қазақстан Ресейдің қатысуымен құрылған Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа, 2010 жылы Еуразиялық кедендік одаққа, ал 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болды. Қазақстан сыртқы сая­сатында көршілес Ресеймен жақсы қа­рым-қатынас орнатып, ЕАЭО және ҰҚШҰ шеңберіндегі стратегиялық ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ, Қазақстан Шанхай ын­тымақтастық ұйымының құрылуына үл­кен үлес қосып, Қытаймен шекара және энергетика мәселелерін шешіп алды. ШЫҰ құрылған соң Қытай мен Қазақстанның экономикалық байланыс-
тары жылдам дами түсті. 

Үшіншіден, күрделенген геосаяси жағдайда Қазақстан басқа да ха­лық­аралық серіктестерімен берік бай­ланыстарды дамыту мәселесінде ше­шімді қадамдарға барды. Мәселен, елі­міз ЕҚЫҰ, Еуропа одағы сияқты құ­ры­лымдармен де тығыз байланыстар ор­натты. Қазақстан 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұй­ымына төрағалық етіп, Астанада ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастырды; Орта­лық Азия елдері арасынан бірінші бо­лып, НАТО-мен «Бейбітшілік үшін се­ріктестік» бағдарламасына қосылды. 2015 жылы Еуропа одағымен кең ау­қымды серіктестік туралы келісімге қол қойып, Дүниежүзілік сауда ұйы­мына мүше болды. 

Еліміз 2017-2018 жылдар үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Тұрақты емес мү­шесі болып сайланды. Бұл тұста сайлау барысында көптеген мұсылман және Еуропа елдерінің Қазақ еліне көрсеткен басым қолдауына назар аударғымыз келеді. 

Соңғы жылдарда Еуразияда орын алған геосаяси тұрақсыздық жағдай­ын­да мемлекетіміз көпбағытты саясаты аясында халықаралық белсенділігін арт­тырды. Осы ретте Астанада өтіп жат­қан ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі еліміздің әлемдегі таны­мал­дылығын қамтамасыз етеді. Мем­лекеттіліктің іргесін нығайту мақ­са­тында Қазақстан алдағы кезеңде әр­түрлі халықаралық серіктестерімен ти­імді ынтымақтастықты дамытып, тең­герімді, көпжақты сыртқы саясатын жалғастыра бермек. 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, 
сарапшы