Орал шаһарында аудан басшысы Жанат Асылханұлының бастамасымен орта және шағын кәсіпкерлік жетекшілерінің басын қосудағы мақсат – ел болашағы үшін келелі мәселелерді бірге, ақылдаса отырып шешу, елді өркендету белсенділігі ісіне кәсіпкерлерді арттыруға негізделді.
– Қаратөбе ауданы алдағы жылдарда кәсіпкерлер үшін тиімді орталық бола алады. Ол үшін сіздермен біздер тығыз қарым-қатынаста жұмыстанып, кәсібімізді бір орталықта шоғырландыруымыз қажет.
Аудан экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Ол үшін әр бір азамат бизнесті шағын істерден бастауы керек. Ендігі қадам осынау кәсіп иелерінің басын қосып, туған жеріміздегі шағын және орта бизнесті дамыту болмақ, – дейді аудан әкімі Жанат Асантаев.
Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов шағын және орта кәсіпкерлік жетекшілеріне аудандағы бос жер телімдерінің, кәсіпкерлердің жай-күйі туралы слайд түрінде қысқаша таныстырып өтті.
«Омар» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Асхат Омар аудан орталығына жиһаз кәсібін ашпақ ниетте екенін жеткізсе, «ДЕМ» минералды сусын цехының басшысы Сержан Ашығалиев алдағы уақытта шырын сусындарын өндіріп, кәсібін кеңейтпек.
– Бүгінгі бас қосу – үлкен істің бастамасы. Туған жерді көркейтіп дамыту – біздің міндетіміз. Алдағы уақытта ауқымды түрде кәсіпкерлердің құрылтайын өткізіп, қаншалықты кәсіп көзін ашатындығымызды нақты айқындап алуымыз қажет, – дейді «Тәжіғалиев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жарқын Тәжіғалиев.
Басқосу барысында кәсіпкерлік саласындағы түрлі мәселелер талқыға салынып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Аудан басшысы қолдау білдіруге қашанда әзір, ең бастысы кәсіпкерлер нақты шешім шығарса, өңірімізідің тасы өрге домалайтыны сөзсіз. Кездесуден аяулы мекенге деген ыстық ықылас пен туған жерге деген жанашырлық байқалды.
Маралбек АМАНТАЕВ
Батыс Қазақстан облысы,
Қаратөбе ауданы