«Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, Абай мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, дана бабамыздың асқақ мүсініне гүл шоқтарын қоюмен басталған мәдени бағдарлама әдеби-сазды кешке ұласты.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мәлім еткендей, рухани жаңғыру бастамасы көтерілген күннен бастап, бүгінге дейін қала көлемінде үлкенді-кішілі 200-ден астам шара өткен. «Бүгінгі басқосу соның жалғасы. Яғни, дана бабамыздың өшпес тағылымынан нәр алу мақсатында «Абай апталығы» ұйымдастырылып отыр. Оған әкімдікке қарасты барлық салалық мекемелермен қатар, білім ошақтары, мәдени орындар қамтылады», деді қала әкімінің орынбасары.
Әдеби-сазды кешті жырмен ашқан айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың «Білімнің қайнар бұлағы – Абай, ғылымның жарық шырағы – Абай, қазақтың нәрлі құрағы – Абай, ұлтымның үлпілдеген жүрегі – Абай» деп жырлаған мәнерлі шумақтары көрерменді бір серпілтіп тастады.
Одан кейін Абайдың күйі «Торжорғаны» орындаған «Серпер» домбырашылар ансамблінен соң сахнаға көтерілген халық ақыны Қонысбай Әбіл ақын атамыздың рухына арнап:
Көңілің кетсе кірленіп,
Емінің бәрі Абайда,
Ренжітіп алып жүрмелік,
Абайла, қазақ, абайла! – деп жүрек жырын төгілтсе, жас ақындар Мерей Қарт, Жұлдызай Ысқақ, Арман Шеризат шерлі толғауларын ақтарды.
Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали орындаған Абайдың «Сегіз аяғы» мен Елмұра Жаңабергенова шырқаған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да...» әндері, сонымен бірге, елімізге еңбек сіңірген әртіс Кенжеғали Мыржықбай орындаған «Қараңғы түнде тау қалғып», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» әндері елорданың мамыражай аспанын тербеді.
Ашықаспан астында өткен әдеби кешке жиналған жұртты Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Қасымхан Бұғыбай орындаған монолог мәнді, маңызды, ұйықтап кеткен жүректі оятар әсем саздылығымен есте қалса, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған «Абайдың мұрасы – қазақтың асыл қазынасы» атты кітап көрмесі Абай шығармаларын насихаттаудың үлгісі болды десек жарасады.
Ұлы бабамыздың туған күніне орайластырып өткізген бұл шараны қала тұрғындары мен қонақтары және зиялы қауым өкілдері келіп тамашалады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»