Шараны облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. «Дөңгелек үстел» мәжілісінің шеңберінде қостанайлық тіл мамандары қазақ тілін үйретудің технологиясы мен әдістемелері, шеберлік сабақтары көрсетті.
Негізі Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы бұл жұмысты 2009 жылдан жүргізіп келеді. Басқарманың тілдерді үйрету орталығы шетелде тұратын қазақтар үшін ана тілін үйретудің арнайы бағдарламасын жасаған болатын, оны сегіз жылдан бері ресейлік қазақтар пайдаланып келеді. Бұл жолы шеберлік сабақтарына Челябі облысының бірнеше аудандарынан 10 мұғалім келіп қатысты. Олардың барлығы да өздерінің тұрғылықты жерлеріндегі мектептерде қазақ балаларға ана тілін факультативтік сабақтар жүргізу арқылы үйретеді.
«Мен Челябі қаласындағы студенттерге бірнеше жылдан бері ана тілін оқытып келемін, біздің өзіміз де ана тілін нашар білеміз. Бірақ жастардың да, өзіміздің де қазақ тіліне деген ынтамыз жоғары деп айта аламын. Сабақ үзбей өткізіледі. Тіл жоғалса бізге ұлт ретінде де қауіп екенін түсінгенбіз. Қазақтың дәстүрлерін сақтауға тырысамыз» дейді Юлит Байдәулетова.
«Дөңгелек үстел» мәжілісі шеңберінде ресейлік мұғалімдерге қостанайлық тіл мамандары Сандуғаш Ғұбайдуллина, Дмитрий Ромащенко ойын арқылы жүргізілетін шеберлік сабақтарын, озық әдістемелерін көрсетті. Челябілік мұғалімдерге озық әдістемелік бағдарламалар көшіріліп берілді. Мұғалімдерге сертификаттар табысталды. Мұндай жұмысты Тілдерді дамыту басқармасы жылсайын жалғастырып келеді. «Бармасаң-келмесең жат боларсың» дегендей, ресейлік қандастарымыз Қостанай қаласының көрікті жерлерін аралады.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ