Егіз қозыдай екеуі Жамбыл жеріне ең алғаш келгенде, өнеріне тамсанған аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы мәдениет саласындағы жауапты жігіттерге арнайы тапсырма беріп, «Мына қыздардан айырылып қалмаңдар. Жағдайын жасап, қамқорлыққа алсаңдар, түбі осылар сахнаның сәні болады», деген екен. Бұл шындыққа айналды.
Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің ең соңғы курсында оқып жүрген Айман мен Шолпан Дауыдовалар осылайша 1981 жылы Жамбыл ауданына өндірістік машықтанудан өтуге келгенде-ақ жұртқа танылыпты. Содан бері талай су ақты. Арада отыз жыл да зымырап өте шықты. Екеуі Жамбыл аудандық мәдениет үйінің сахнасының сәніне айналды. Олардың үлгісімен талай ұрпақ әнші болуға ұмтылды. Олардың сыңғыр үні талай кеудеге шуақ құйды.
Қос өнерпаздың аяулы анасы Қатипа халық әндерін тамылжыта айтатын әнші, ауыл отырысында өлеңмен сөз қағыстырса, ешкімге есесін жібермейтін ақындығы бар. Егіз қызға өнер осы кісіден дарыған. Тағы бір айтатыны – отбасындағы қызғалдақтай сегіз қыз бен бір ұл шетінен өнерлі.
«Айнам-ау», «Бүлдірген», «Беу, айдай», «Гүлдариға», «Жылқы ішінде ала жүр», «Бекзатым-ай», «Әйәй, бөпем», т.б. халық әндері бұлардың репертуарын естіген құлаққа етене жақын етсе, Нұрғиса Тілендиев пен Әсет Бейсеуовтің, Жолдасхан Құрамысов пен Нышан Төлегеновтің әндері, бүгінгі эстрадалық әуендерді де барынша байытып, түрлендірді.
Әрбір әнді өзіндік нақыш-реңкімен салатын Айман мен Шолпан қазір мәдениет бөлімі ұйымдастыратын «Қыз сыны», «Жетісу жұлдыздары», «Жетісу аруы», «Әсеттің әсем әндері-ай», «Келіндер сыны» сияқты байқауларда жас өнерпаздардың қанатын қатайтуға үлес қосып, әдіскерлік қызметпен айналысып жүрген тәжірибесі мол ұстаздар саналады.
Екеуі екі шаңыраққа келін, ұл-қыз өсірген аяулы ана атанды. Шолпанның Айдосы мен Айжаны, Айманның Дәурені мен Мәншүгі, Әлиясы есейіп, біреулері ержетсе, екіншілері бой жетті. Қалаған мамандықтарын меңгеріп, келешекке сенімді құлаш сермеді. Айманның қызы Әлия Семетаева да әнші.
Қазақтың Қыздар педагогикалық университетінің музыка факультетін бітірген қос өнерпаз қазір білікті ұстаз, аудандық мәдениет үйінің ансамблінде шертер аспабын шебер меңгерген музыкант. Қасиетті домбыраның қоңыр үніне қосылып, ән аспанында Ай мен Шолпандай жарқыраған күміс көмей қос әншілерімізге, әншіліктің туын биік ұстаған егіз қызға қашанда шығармашылық шабыт тілейміз.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы, Жамбыл ауданы.
––––––––––––––
Суретте: Айман мен Шолпан анасы Қатипамен бірге.